Жаңбырлы жаздың жылы жырлары

Қайырбай Төреғожаның «Күншуақ» («Толғанай Т», Алматы-2002), «Жаңбырлы жаз» ( «Фолиант»,  Астана-2007), «Жылдар мен жолдар» («Толғанай Т» Алматы, 2009), «Арайым-Айым» («Толғанай Т», Алматы-2010),  «Менің әріптерім», («Келешек 2030», Көкшетау-2012), «Қызыл алма» («Фолиант», Астана-2014), «Мен білген күндер» («Мир печати», Көкшетау-2017 ) кітаптарын оқығаннан кейінгі бір үзік сыр.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы  Қайырбай Төреғожа 60 жаста!

Қай ақынның болмасын жан тебіренісі, ой-арманы, басынан кешкен тағдыр талайы оның жырында, жыр жинағында. Бүгін асқаралы алпысының шыңына шығып отырған Қайырбай Төреғожаның да кітаптары сыр сандығы. Қолға алсаң, күнде көрісіп жүрген елгезек те қарапайым, жаймашуақ жанның өмір ағысында кезіккен қайғы-қасіреті, жан ауыртар жағдайлары, алғаусыз қуаныштары алма-кезек көз алдыңнан өтіп жатады. Өмір-өзеннің өзі солай-дағы. Барлық ынта-шынтасымен, алаңсыз жұмысқа жегіліп, ду-думаннан өзін аулақтау ұстаса да қайғыға бөгіп, тұнжырауға бой алдырмайтын қайратына қайран да қаласың!
«Әке» деген өлеңінен:
…Тірі адам қымбатының қайғысын
жәй кешіп пе,
Жатпадың деп айтушы еді мені
сол күн бесікте.
Содан бері өзің жайлы тым мұңлы ғой
біздің ән,
Кей әкенің әке болып ұрсуына қызығам! –
деген жолдарды оқып, әкесінің бейнесін танып-білмеген де екен ғой деп қиналсаң, «Ана» атты жырынан:
Жанарға лықсып жас тұнды,
Жылатып кеткен сол түнде.
Бір сәтте-ақ сәби тағзымды,
Ағыл да тегіл төктім бе?!
– деген жолдарды оқып жабырқайсың. Алайда, талапты жастың жақсылыққа ұмтылып, мейірімге қол созған ақын ғұмыры жалғасады. Қасым, Төлеген, Мұқағали, Еркештер жырына өрілсе, ол солардан сусындап, олардың әлеміне дендегендігінен. Сөйтіп, бала күнінен қолына қалам алып жырды жанына серік етіп келеді. Парақтай түссең, бойға біткен талаптың асау толқынын да, көк тілген күркірін де, жайдары жазын, дірілді сезімі мен сергек көңілін де көріп, сезесің. Алғаусыз ақтарылған ақын жүректің қай айтқанына да сенесің. Ақынмен бірге ой кешіп, оның түйсік-түсінігіне кез боласың. Жалған дүниеде қайғы мен мұң жетіп артылса да ақын-жүрек өмірден көркемдікті, әсемдік пен сұлулықты іздемей, ақ махаббатты аңсамай, ақшуақ арманға ермей тұра ма? Қайрекеңде де сол жаһұт жақсылықты жырлаған жырлар көп.

Қар жауды бүгін,
Қалықтап ұшты аппақ қар.
Ойыма неге оралды,
Бақыттың дәмі бал шақтар?!

Қар жауды бүгін,
Қыдырған біздер бақ әсем.
Өзіңдей тартқан өзіне,
Маужырап тұрды ақ әлем.

Қар жауды бүгін,
Сол кештей көрдім бұл кешті.
Беймезгілдегі сағыныш,
Бейнеңмен іштей тілдесті.
Қар жауды бүгін,
Қар жауды!… – деген сияқты әдемі лирикалар жылы бір әлемнің есігін ашады.     «Көктем» атты жыры табиғаттың құлпырып, жас өскіндердің сезім қытықтап өмірге ұмтылған сәті, ақын көкірегіндегі алып-ұшқан қуанышты әспеттейді.
Ақынның табиғатқа арнаған өлеңдері ерекше тазалығы, кіршіксіз әсемдігі, өзіндік жарасымды еркіндігімен, әлдебір соны лебімен көрінеді.
Сылдырлап бұлақ аққан,
Кездердің аяулысы.
Гүл нәзік көңілдердің,
Қашан да ояу құсы.
Мөлт еткен мөлдіріне,
Тамшылар ынтықтырып.
Бойжеткен жанарынан,
Бейкүнә сыр ұқтырып.
Махаббат тақырыбына жазған, тұмса сезімді әлдилеген тұнық жырлар да жетерлік:
Жаулап алар көктем туса көшені,
Он жетінің гүлдей өрім өндірі ек.
Неге екенін, бірге оқыған кешегі,
Көз алдымда сен тұрасың мөлдіреп,
– деп мөлдіретіп талай сырды төгеді.
Бәрін, бәрін, айту сірә, шарт па екен,
Куә біздің сезімдерге қарт мекен.
Таулар бірге жаңғырды әне, өмірде,
Сенен артық маған серік жоқ десем!
– деп түйінделген «Жарыма» деген жыры да өрелі өлең. «Сөзде сиқыр, өлеңде ұлылық бар» деген қағида өлеңнің шыншылдығын тұспалдаса керек қой. Бір өлеңінде ақын «қағаз кемірген» газетшілердің табысы аздау күйбең тірлігіне күле қарай келіп, сонау тоқсаныншы жылдардың аяқ кезіндегі қиналысты бір түйреп өтеді:
Алмаған алты ай жалақы жарлының
жайын кім білер,
Көзіңнен бұл-бұл ұшады
баяғы кірген кафелер.
Сонда да жарды сынаймын,
белгілі отқа май құйып,
– Газетші болса мына ұлың,
талпынып оқып, бір шебер…
«Көңілден шықпай жүрсің, қайран балам» деген ұзақ өлеңінде:
Сол іңір көз алдымда дәл бүгін де,
Шамасы келмей қалған ат жүруге.
Жетектеп торы бестіні тізгінінен,
Қаршадай бала қарға сүрінуде,
– деп өзінің бала кезінде шаруамен жүріп, қасқыр қамаған түнде аман келген бір жолғы қиындығын суреттей келіп, ұлын:
Тіршіліктің шаң қауып жолында ақыр,
Маңдайын тасқа соққан толып жатыр.
Мен сені өмірімді әрі апарар,
Бір берен үмітім деп білем, батыр,
– деп қайрайды. Бұл бүгінгінің енжарлау, еріншектеу жастарына арналған өсиет өлең. Ол өлеңдер ширақ, өткір, тартымды. «Көктемгі көңілінде»:
Мөлдірге ынтық дүние,
Мөлдіреп кеткен жанары.
Ағыл да тегіл сезімі,
Ақ жаңбыр көшіп барады, десе, мұндай әрі суретті, әрі адам көңіл-күйімен астасар сындарлы шумақтарды көптеп жолықтырасыз. Дәл осы табиғатқа арнаған өлеңдердің соңына ғана арнайы түсетін болса, Қайрекең қаламынан небір тамылжыған жырлар туар еді деп ойлайсың, еріксіз.
Ал, жалпы жинақтарын оқи отыра оның сирек кездесетін өлеңнің баллада жанрына жақын, сол жанрдың оның ырқына көніп, «жетегіне» еріп жүре беретінінің куәсі болдық. Әдейі жазылған балладалары да бар, ал кейбір сюжетке құрылған оқиғалы ұзақ өлеңдері тағы да сол балладаларға жолықтырғандай. Демек, алдағы уақытта ақыннан шымыр да ширақ балладалар күтеміз. Әрине, қысқа мақаланың өзінде ақынның айтпай кетуге болмайтын тағы бір ерекшелігі оның балалар үшін жазған дүниелері. Балаларға арнап үш бірдей кітап та шығарып үлгерген. Бұл жолы да ол қанына біткен мінезбен, жас оқырманға ұсынар дүниесіне аса жауапкершілікпен, үлкен мейіріммен келген. Сол жауапкершілік пен ізденістен тілі жеңіл, айтары мол шығармалар туған. Бұл жерде ол жас жеткіншек, балғын бөбектерге аталық мейіріммен, әкелік қамқорлықпен қарап, олардың кейбір қылықтарына кешірім жасап, жақсы болуға талпындырады. Баланы әңгімеге тартып, іш тарта сөйлеп, қателікті қайталамауға үндейді. Қарапайым әңгіменің аяғында баланы Отан сүю, туған жерді қорғау, ата-ананы, ұстазды сыйлау сияқты үлкен қасиеттерге үндейді. Сұрақ-жауапқа құрылған ойнақы өлеңдер, сюжетті өлеңдер қаншама?! «Менің әріптерім» деп атап, әр әріпке жыр тізіп, бүлдіршіннің назарын аударуы да қуантады. Балаларға арнап осыншама дүние жазу үшін автор қанша тер төкті десеңізші?! Бала тағдыры, ақыл-ойына, ой-өрісін жетілдіруге жетелейтін «Хат» поэ-масы тартымды-ақ. Баланы ертеден әрі-беріні білуге, қарымды-шалымды болуға баулиды.
«Жылдар мен жолдары» болса қаламгердің кәсіби қызметінің жемісі. Оған елді елең еткізген елеулі мақалалары, сүбелі суреттемелері, салиқалы сұхбаттары, белді пікірлері топтастырылған. «Мен білген күндеріне» оның соңғы уақытта жазған жырлары, ән мәтіндері, әзіл өлеңдері еніпті. Алпыстай асқар шыңды бағындырып отырған ақынның азаматтық, патриоттық өр даусының естілуі де орынды. «Арман-ай» поэмасы, «Жалғыз ұл» дастаны, «Ірілер – мәңгі тірілер» деген тақырыппен берілген Абылай ханға, Кенесарыға, Махамбетке, Мағжан мен Сәкенге  арнаған жырлары ұлтының қамын ойлап, жұртының жоғын жоқтаған жігіт ағасының сөзі. Сөйтіп біз, Қайырбай Төреғожаның қолымызға тиген алты кітабын алпысы тұсында ақтарып, тұшына бір оқып шықтық.  Шығармаларымен танысу үстінде оның кең пейіліне, нәзік жүрегіне, ұлы дүбір, дүрмекті өмірден түйген түйініне, перзенттік пайымы, азаматтық ұстанымына, бір сөзбен айтқанда ақынның жаздың жылы жаңбырындай адал жырларына кез болдық. Түйгеніміз көп, алғанымыз мол. Әсіресе, оның балалар үшін қомақты жұмыс атқарғанына тәнті болдық. Енді сол мол базарлықты ширақ насихаттау басқамызға сын екен деп те түйдік.  Өмір-тағдыр құбылыстарымен тілдесіп, табиғатпен еркін үндесіп, баламен де үлкенмен де тіл табысқан қабырғалы қаламгердің алдағы уақытта да оқырманына тартымды шығармалар ұсына береріне сенімдіміз.

Серік Жетпісқалиев,
жазушы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс