Жаңғыртып дүниені жетті көктем!

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі көктемнің хабаршысы іспетті. Күн ерекше нұрын жауып, табиғат-ана қайта түлеп, жер көгеріп, ағаштар бүршік атып, мал төлдеп, аққа жаритын осы кезеңнің өзіндік ерекшеліктері бар. Көктемді қанатына ілестіре жететін құстардың базары да айналаны шуаққа бөлейтіндей. Ендеше, ұлық мерекені ақжарқын көңілмен, ән-күймен қарсы алу халқымыздың ұлттық салт-дәстүріне айналған. 

DSC_1924

Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік шаралар облысымыздың барлық аудандарында да өтті. Мәселен, зеренділіктер «Ұйымшыл Қазақстан» қайырымдылық акциясын ұйымдастырса, бурабайлықтар этноауыл ашып, бауырсақ пен наурыз көже сайысын, жарқайыңдықтар машинаны тарту, пластик бөтелкемен тартылу ойындарын өткізді. Яғни, әр өңір өзіндік қолтаңбасын қалдыруға тырысты.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі көктемнің хабаршысы іспетті. Күн ерекше нұрын жауып, табиғат-ана қайта түлеп, жер көгеріп, ағаштар бүршік атып, мал төлдеп, аққа жаритын осы кезеңнің өзіндік ерекшеліктері бар. Көктемді қанатына ілестіре жететін құстардың базары да айналаны шуаққа бөлейтіндей. Ендеше, ұлық мерекені ақжарқын көңілмен, ән-күймен қарсы алу халқымыздың ұлттық салт-дәстүріне айналған. 

DSC_2022

Астаналық облыстың орталығы – Көкшетау қаласы бұл жолы да Наурыз мерекесіне жан-жақты дайындалыпты. Тәуелсіздік алаңында тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мен шатырлар алыстан мен мұндалайды. Ертемен көкшетаулықтарды әсем әуен оятты. Мерекенің келгенін білдірген музыканың сазымен көңіл көтерілді. Жастар мен балалар қызығына түсетін алтыбақан да тұр тербеліп. Гүл және оттың жалыны тәріздес құрылымдар да мерекенің ажарын кіргізген. Көктемнің символы алқызыл гүлдер болса, От – жылылықтың символы. Қаланың орталық көшелері безендіріліп, жасанды гүлдермен көмкерілуі де заңды. Жер көктеп, табиғи гүлдердің жайқалатын сәті де алыс емес. Оған дейін жасанды гүлдер көз қуанышы бола тұрады. Ұлық мерекеде күн сәулесі де жерге ерекше нұрын төкті. Таңмен таласа тұрған көкшетаулықтар мен қала қонақтары Тәуелсіздік алаңына асықты. Олар жыл сайын мұнда керемет көріністер, концерттік бағдарламалар, спорттық сайыстар өтетінін біледі. Ауыл-аймақтан қызықты көруге арнайы келетіндер де бар. Биыл да солай болды. Зеренді селосынан Наурыз мерекесін көруге асыққан Қарапа есімді апайды сөзге тартқанымда, облыс орталығындағы мерекелік шараны жылда келіп тамашалайтынын айтты.
Тәуелсіздік алаңындағы мерекеге арнайы шақырылған қаланың құрметті азаматтары, ұлттық-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, еңбек ардагерлері мен қоғамдық істердің белсенділері трибуна төрінен лайықты орын алды. Дикторлардың саңқылдаған үндері көшенің арғы бетінен естіліп жатыр. Олар ақмолалықтар мен көкшетаулықтардың табыстарын жіпке тізгендей етіп жеткізуде. Көкшетау қаласының өткен жылды қандай жетістіктермен аяқтап, жаңа жылға асқаралы жоспарлармен аяқ басқаны да баяндалуда. Ұлық мерекеге құтты болсын айтып, бірін-бірі құттықтаған таныс-біліс-
тер де көзге шалынуда. Жалпы, батыс өңірде Наурыз мерекесі айдың ортасында, яғни 14-15 күндері басталады. Оларда қауышу, көрісу амалы жасалады. Өткен жылғы өкпелер ұмытылып, жаңаша тұрмыс кешуге аяқ басады. Жақсы тілектер айтылып, жаңаруға талпыныс жасалады. Ал, солтүстік өңірге көктем кеш келеді. Күн жылынып кетсе де, қар күндіз аздап ерігенімен, түнде тоңазып жатады. Соған қарамастан көкшетаулықтардың көңіл-күйі көтеріңкі. Жарқын жүздеріне күлкі үйіріліп, шат-шадыман қалыппен қыдырыстап жүрген жұртқа қарап көңілің көтеріледі. Қыстың ауыр тондарын шешіп, біраз жеңілденген жұрттың жүзі жайдары.

DSC_2024Ақ шаңқан киіз үйлердің жанында қазанның оты жалындап, самауырлардың буы бұрқырап жатыр. Наурыз көжеден дәм татып, ыстық бауырсақпен шай ішілуде. Бауырсақ демекші, бұл күні «Қымыз фестивалі» мен «Бауырсақ Раrty» байқауы жарияланды. Кімнің дәмінен халық көп ауыз тисе, сол жеңімпаз. Ал, қазақтың ұлттық аспабының шеберлері «Домбыра Раrty» байқауына қатыса алады. Өзіңнің аспабыңды ала келіп, шеберлігіңді көрсетсең, оюлы әмиянға ие боласың. Наурыз мерекесіне арналған театрландырылған көрініс қандай тамаша!. «Таңшолпанмен» ашылған шара, «Наурыз-Көктем», «Көкпар», «Аса таяқ», «Мәдени мұра», «Халықтар достығы», «Бата», «Наурыз көже» және «Наурыз думан» көріністеріне ұласты. Наурыз мерекесін атап өтуге келген қауымды облыс әкімі Мәлік Мырзалин орталық мінбеден құттықтап, ұлық мерекенің әкелер жақсылықтары мен табыстары көп болсын деп тіледі. Қала әкімі Ермек Маржықпаев өңір басшысымен бірге жүрді. Барлық игі тілектер бұл күні ортаға тасталды. Өңір және қала басшылары бұдан кейін киіз үйлерді аралап, қызықты той-думанның куәсі болды. Барлығы 8 киіз үй, 1 шатыр орнатылған. Алтыбақанның саны төртеу. Киіз үйлерді жағалап, дәмнен ауыз тиіп жүрген жұрттың қарасы көп. Сахнада ән айтылып, күй күмбірлеп, би биленді. Спортсүйер қауым «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдындағы сайыстарды тамашалауға асықты. Әдеттегідей қол күресі, аударыспақ, асық ату, кір тасын көтеруге құлшынған білектілер мен жүректілер де осында. Жалпы, Көкшетаудағы Наурыз мерекесіне 450 адам тартылыпты. Қала өнерпаздарының қатысуымен «Наурыз Мереке» концерттік бағдарламасы жастардың «Наурыз Думан» флэш-мобымен жалғасын тапты. Жұртшылық қас қарайғанша алаңдағы қызықтарды тамашалап, тарқамады.

Наурыз мерекесінен репортажды жүргізгендер
Серік САПАРҰЛЫ, Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс