Жаңғыруға жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз

Дәл осындай атаумен Көкшетау қаласында республикалық ақындар айтысы өтті. Сөз додасын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырды. Мұндай тақырыпта айтыс тұңғыш рет өткізіліп отыр және тұсаукесерін Көкше жерінен бастады. Барлығы 12 ақын жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыздықтап, сыбайластыққа тұсау салу жөнінде ойларын өлеңмен өрді. От ауызды, орақ тілді, талай додаларда топ жарып, сөз саптасының салмақтылығымен және ойының тереңдігімен көзге түсіп, халықтың ықыласына бөленген айтулы айтыскерлердің өнерін тамашалауға келген халық «Достар» мәдениет сарайына сыймады. Сүйікті ақындарының өнерін тік тұрып тыңдады.

«Айтыстың ақтаңгері» медалінің иегерлері қарағандылық Дидар Қамиев, қостанайлық Айбек Қалиев, 2 мәрте «Алтын домбыраға» ие болған қызылордалық Мұхтар Ниязов пен «Алтын домбыраны» бір рет еншілеген баянауылдық Аспанбек Шұғатай, маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев, астаналық Нұрмат Мансұров, қызылжарлық Жарқын Жұпархан, қарағандылық Айтбай Жұмағұлов, семейлік Әсем Ережеқызы, ақтөбелік Марат Ахметов және көкшетаулық Мұхамед Қоңқаев пен Құрметхан Құралхандар өзара сайысты. Кешті елімізге белгілі айтыскер Аманжол Әлтаев жүргізді. Жоғары деңгейде өткізілген айтысқа қатысушыларды Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин құттықтады. «Ертеден-ақ ақындар халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуші рөлін атқарып келген. Бай-шонжарларды сын садағына іліндіріп, өлең-сөзбен түйреп, мінін бетіне айтқан. Абай атамыз да бес нәрседен қашық болуға шақырған. Қазіргі заманда да халықтың айта алмай отырғанын ақындар айтуы тиіс. Өйткені, олар шындық сөздің жебесі. Басты мақсат, аузы дуалы ақындардың өткір жыры арқылы қоғамға ой тастау», – деді өз сөзінде Арман Тілектесұлы. Айтыстың ақтаңгерлері де, талай сөз додаларында жүйріктігін дәлелдеген дүлдүлдер де шартпа-шұрт айтысып, тапқырлығы мен алғырлығын ортаға салды. Жалпы, мұндай айтыстар адам бойындағы ашкөздік пен сатқындықты келемеждеудің қуатты құралына айнала алады. Сондықтан бұл шара бұқаралық сипатқа ие болуы керек. Себебі ақындар қашанда ақиқатты ашып, шындықты шырылдатып жеткізеді деген қазылар алқасының мүшесі республикалық айтыстардың жеңімпазы Серікзат Дүйсенғазиннің сөзінің жаны бар. Айтыскерлердің көздеген мақсаты жеңіске жету емес, жемқорлыққа қарсы үндеу тастап, көпшілікті қоғамдық індетке қарсы ымырасыз күресуге шақыру, Тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын паш ету, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттау, қазақтың төл өнері, құдіретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру болып табылды. Айтыскерлердің өрелі өнеріне, өнерлі сөздеріне баға берген қазылар алқасының құрамында ақмолалық ақын-сазгер Иран Тасқара, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Рамазан Сәттібаев, ақын Серікзат Дүйсенғазин болды. Жоғары деңгейде өткен сөз додасына көрерменнің ықылас-пейілі ерекше болды. Әр ақынды қолпаштап, қошеметтеп отырды. Қазылар алқасына мықтыны анықтау да оңайға түскен жоқ. Себебі ақындар сөз саптасы, суырыпсалмалылығы, тақырыпты аша білуі жағынан бірінен бірі асып түсіп жатты. Нәтижесінде жүлделі үшінші орынды «Айтыс ақтаңгері» медалінің иегері, қарағандылық Дидар Қамиев, екінші орынды екі мәрте «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері, қызылордалық Мұхтар Ниязов иеленді. Ал, бірінші жүлделі орынды «Айтыс ақтаңгері» медалінің иегері, қостанайлық Айбек Қалиев қанжығасына байлады. Сөз додасында халықтың ықыласына бөленген барлық ақындарға алғыс хаттар табыс етілді.

Г. Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий