Жаңғыру – жазудан басталады

Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі латын графикасына көшудің маңыздылығы туралы кеңірек ақпарат беру және қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында «Достар» мәдениет сарайында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оған университет, оқу-әдістемелік орталықтың оқытушылары, түрлі ұйым жетекшілері қатысып, өз пікірін білдірді. Шараның модераторы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Жетпісқалиев бұл жолғы жиынның аса мазмұнды өткенін айтты.

Талқылау алдында латын графикасына көшу – уақыт талабы екенінің дәлелі ретінде арнайы бейнероликтер көрсетілді. Онда қажетті ақпарат кең қамтылған екен.  Айтылған ойды әрі қарай сабақтаған Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  профессоры Бердібай Шалабай біз ата-бабамыздың шұрайлы, әуезді тілін қайтарып алу үшін күресіп жатқанымызды алға тартты. Кириллицаның енуімен тіліміз қатаңданып кеткені шындық. Латын графикасына көшу арқылы жұмсақ тіліміз қайта оралады. «Жазуды реформалау үлкен, маңызы зор құбылыс», – деген филолог ғалым ұлттық бірегейліктің бастамасының негізі осында жатыр деді. Филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Ыдырысұлы ел тағдыры үшін қажетті іске баршамыз құлшына кірісуіміз қажет деді. Латын тіліне көшу деп емес, біз латын әліпбиіне көшу деп айтуы-мыз керек. Қазақ тілінің өзіндік сингармонизмі бар, сондықтан кириллицадан енген жуан, жіңішке дауысты, дауыссыздардың да қажеті жоқ. Біздің түбір сөздеріміздің өзі мағыналы, сондықтан қазақ тілінің заңдылықтарын жақсы білетін адам сауатты жаза алады. Ең бастысы, қазақ тілінің артықшылықтарынан, тұрақтылығынан айрылып қалмау қажет деді ғалым. Ал, «Өрлеу» педагогтардың біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Ботагөз Қамзақызы латынға көшу – қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтау екендігін айтты. Өзінің қазір латын графикасымен жазып үйреніп жатқанын, сол арқылы әлеммен байланыс жасауға ұмтылатынын ортаға салды. Көкшетаудағы оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Қарагөз Дәулетбекқызы латын әліпбиіне көшудің мерзімін талдап түсіндірді. Оның айтуынша, 2018-2020 жылдар – дайындық, талқы. 2021-2023 – пысықтау, бекіту. 2024-2025 – латынға толық көшу, яғни соңғы басқыш болады. Арнайы құрылған ұлттық комиссия орфографиялық, әдістемелік, терминжасам, сараптамалық-техникалық талдау жасайды. Дөңгелек үстел басында қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлдана Есмұрзина, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл өз ойын ортаға салды. Мәдениет, тұрғын үй шаруашылығы саласының мамандары өз сауалдарын жолдап, ұсыныстарын білдірді. Бірі қазақ тілінде хабар тарататын арналарды көбейту қажеттігін алға тартса, енді бірі көше атауларын дұрыс жазу арқылы да халықты тәрбиелеуге болады деді.

Гәкку Асылбекқызы.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий