Жаңғырған «Аққу» балабақшасы

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қайта жаңғыртылған «Аққу» балабақшасын аралап көрді.

Өз сөзінде қала басшысы күрделі жөндеуден өткен мектепке дейінгі білім беру мекемесі жаңа оқу жылында бүлдіршіндерге лайықты тарту болғанын ерекше атап өтті. – Мемлекет пен кәсіпкердің ортақ мүддеге бірлесе әрекет жасауы – қаламыздағы балдырғандардың балабақшамен қамтылуына ықпал етуде. Көкшетауда бұдан бөлек алты балабақша бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша келісімшарт жасалуда, – деді ол өз сөзінде.

Мердігер компания «Дельта-пв»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 150 миллион теңге қаражат жұмсаған.  Жиһаздар жергілікті тауар өндірушілердің өнімі. Мысалы, балдырғандарға арналған төсек жаймаларын зағиптар қоғамының қызметкерлері тіккен болса, жиһаздарды жергілікті кәсіпорын құрастырып берген. Мұнда электр желісі, сантехника, кафельдер, блоктар, бассейн жаңартылып, ғимарат маңайы абаттандырылған.

Бөбекжайдың ауласынан бастап көзге оттай басылған жинақылық ғимараттың әр бөлмесінен орын алған. Мұнда балғындардың физикалық және психологиялық денсаулығын нығайту мен сақтауға арналған жағдай жасалған. Жүзу бассейні, спортзалы, асхана, компьютер сыныбы, акт залы балдырғандардың игілігіне жұмыс істеп тұр. Балалар денсаулығына пайдалы тұз шахтасы да орналасқан. Көзге түрткі, аяққа оралғы басы артық зат жоқ.

Осыдан 27 жыл бұрын тәуелсіз ел бүлдіршіндеріне есігін айқара ашқан 330 орындық балабақша көз алдыңызға ертегідегі ғажайып сарайларды елестетеді. Ғимарат маңайы дизайны ерекше шамдармен жарықтандырылған. Мұндай кешен бұрынғы Кеңес Одағы тұсында Рига мен Санкт-Петербургта ғана болған. Қопа көлінің жағалауына жақын жерден орын тепкен қайталанбас бірегей туындыны №2 Көкшетау құрылыс тресі тұрғызды. Балабақша жел электр станциясымен жабдықталды.1991 жылы бірегей кешенде Германия, Англия, АҚШ, Түркия, Қытай, Оңтүстік Африка елдерінің арнайы делегациялары, кәсіпкерлер, Уокешо қаласының тұрғындары болды.

Ата-аналар да балабақшаның қайта жаңғырғанына дән риза. – Балам таңертең өзі тұрады. Біз жұмысқа, ол бақшасына дайындалады. Әсіресе, біз, ата-аналар қауымы жылы едендерді көргенде қатты қуандық. Өйткені, аяғы жылы жүрген баланың дені сау болады. Ойыншықтары, жататын орындары бәрі-бәрі көңілімізден шықты, – дейді Назгүл Шапауова есімді ата-ана.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий