Жедел штаб құрылды

Ақмола облысының аумағында коронавирустық инфекцияның алдын алу және таралуын болдырмау мақсатында аймақтық штаб құрылды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңесте мәлім болды.
Аймақтық штаб коронавирустың жағдайын және Денсаулық сақтау министрлігінің іс-әрекеттерін үнемі және жедел түрде жариялап отыратын болады.
Көкшетау қаласы бойынша тауарлар қауіпсіздігі мен қызмет сапасын бақылау департаментінің өкілдерінің мәліметінше, Қытайдан келгендердің барлығы термометрия арқылы тексерістен өтеді. Онда адам бойындағы температура мен вирустар тексеріледі. Осы уақытқа дейін Қытайда болған 13 азамат диагностикалық тексеруден өткен. Қауіпті белгілер анықталмаған. Сонымен қатар, қалаға кірген жолаушылардың барлығы қатаң медициналық бақылауға алынуда. Пойыздарда да тексеріс күшейтілуде. Азаматтарға жадынамалар үлестірілуде. Қазіргі уақытта өңірде 212 инфекциялық орын дайын. Осы аптада Көкшетау вокзалында қауіпті вирусқа байланысты арнайы оқу жаттығуы өткізілді. Қытайдан демалып келген көкшетаулық бір отбасының балалары өздерін нашар сезініп, қызуы көтерілген. Дәрігерлер оларды бірден бақылауға алды. Екі баладан алынған сынамалар оларда вирустың жоқтығын дәлелдеді.
Қауіпті вирусты жұқтырғандар
саны күннен-күнге өсіп отыр. Қытайдан өзге он елде осы ауруға шалдыққандар анықталды. Коронавирус жаңадан пайда болған өте қатты инфекциялық ауру. Оған 2019-nCoV атауы берілген. Бұл вирусты жұқтырғандар алғаш 2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында анықталды.
Қытайда коронавирустың жаңа типіне шалдыққандардың жалпы саны 4515-ке жетті, оның 106-сы қайтыс болды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий