Жеке мәселелерімен қабылдады

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қала басшысына арыз-шағымдарын тікелей бетпе-бет жеткізуге мүмкіндік алған азаматтардың басым бөлігі баспана мен жер телімдеріне қатысты мәселелерін ортаға салды.

Шәрбану Жүнісова есімді зейнеткер пәтер кезегінің жылжымай жатқанын айтып, баспана алуға көмек беруді сұрады. Қала әкімі пәтер тек заң аясында кезекпен берілетінін айтып, түсіндірді. Қала тұрғыны Тамара Шибеко құрылыс жұмыстарына байланысты жер мәселесіне қатысты туындаған түйткілді алға тартты. Қала басшысы аталған мәселені шешу үшін мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын жеткізді. Рауза Әбілова есімді қала тұрғыны баспана мәселесін көтерді. Қабылдауға келгендердің бір тобы қаланың түрлі салалары бойынша, оның ішінде қаланың коммуналдық тұрғыдан дамуына қатысты мәселелерді қозғады. Қала тұрғыны Валерий Исаев Қопа көліне жақын орналасқан жер үйлерді жиі су басатынын баяндады. Тұрғындарды тыңдаған қала басшысы, тіркелген мәселелерді қысқа мерзімде шешуді сала мамандарына тапсырып, істің соңына дейін жетуін өзі қадағалауға алатынын айтты. «Тұрғындарды алаңдататын мәселенің көпшілігі жер, баспана, инфрақұрылым мәселелеріне қатысты екенін жақсы білемін. Сондықтан да осы салаларды ерекше қадағалап, қиындықтарды шешуге барынша жұмыс жасап жатырмыз. Сіздердің сауалдарыңызды тиісті сала басшыларына тапсырдым. Бұл жұмыстардың толықтай оң шешілуін жеке өзім қадағалауға алатын боламын», – деді А.Смайылов.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий