Желаяқтар жеңісін мерекеге арнады

Биыл осымен 70-ші рет Көкшетау қаласында Ұлы Жеңістің 72 жылдығы мен Қарулы Күштердің құрылғанына 25 жыл толуына арналған қалалық «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің жүлдесіне арналған жеңіл атлетикалық эстафета өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын спорттық сайысқа қалалық әкімдік қолдау көрсетті. Аталған спорттық шара тұңғыш рет 1947 жылы 9-шы мамыр қарсаңында өткізіліп, оған көкшетаулықтар белсенді қатысқан екен. Бұл жолы да жеңімпаз елдің ұрпақтары, 600-ден астам оқушылар мен студенттер, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері Тәуелсіздік алаңына жиналды. Спорттық киімде келген қала әкімі Ермек Маржықпаев эстафетаны құттықтау сөзбен ашып, өзі де жүгіріп өтті. Шаһар басшысымен бірге қашықтықты бағындыруға қалалық ведомство жетекшілері, депутаттар, қос басылымның ұжымы мен өзге де еріктілер шықты.

«Аталған эстафета арқылы біз майдан даласында мерт болған жауынгерлердің, тылда талмай еңбектенгендердің рухына тағзым етеміз. Олардың ерлігіне бас иеміз. Жеңіс мерекесіне арналған осы спорттық шара – біздің қалада ұйымдастырылатын ауқымды шаралардың бірі. Бұл эстафетаға жас та, кәрі де қатыса алады. Өз кезегінде өскелең ұрпақтың аталар ерлігін ары қарай жалғастыруы мен отансүйгіштігінің дәлелі. Осындай шараны жылда ұйымдастырып келе жатқан қос басылымның ұжымына алғысымды білдіремін және жеңіл атлетикалық жарысқа қатысуға ниет білдірушілерге сәттілік тілеймін», – деді Ермек Боранбайұлы.
Жарыстың бас төрешісі Игорь Василинчуктың айтуынша, биылғы турнирге 51 команда қатысты: 34 ерлер және 17 әйелдер командасы. Жарыс барысында ең үздік көрсеткішке Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ерлер командасы қол жеткізді. Ал, екінші орында Көкшетау техникалық институтының командасы келсе, үшінші орынға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрамасы тұрақтады. Әйелдер командалары арасында мәре сызығын алғашқылардың бірі болып кескен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің құрамасы. Екінші орынды Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің желаяқтары, ал үшінші орынды №1 орта мектептің оқушылары иеленді. Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары арасында бірінші орынды Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледж жеңіп алды. Екінші орында №1 құрылыс-техникалық колледжі, үшінші орында «Бурабай» колледжі келді.
Көкшетау қаласындағы мектептер, гимназиялар мен лицейлер арасында жүлделі орындарды №6, №17 және №1 орта мектептердің командалары еншіледі. Ал, ұжымдар арасында Ақмола облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ұжымы озық шығып, екінші және үшінші орындарға Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледж бен №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназия ұжымы жайғасты. Жоғары оқу орындарының қыздар командаларының арасында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері жүлдегер деп танылды. Ал, екінші және үшінші орындарды Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен жоғары медициналық колледж студенттері өзара бөлісті. Орта кәсіптік білім беретін оқу орындары арасында бірінші орынды Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледж жеңіп алса, екінші және үшінші орындарға Азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжі мен Ақан сері атындағы мәдениет колледжі жайғасты. Мектептер арасында №1 орта мектептің командасы жүлделі бірінші орынға ие болып, кубок пен бағалы сыйлыққа қол жеткізді. Екінші орында №4 орта мектептің командасы тұрақтады. Үшінші орын №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясына бұйырды. Жеңілатлетикалық эстафетаға барлығы 612 спортшы қатысты. Олардың 408-і ерлер, 204-і әйелдер ұжымдары. Спорттық шара асқан ұйымшылдықпен өтті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс