Желтауда дүбірлеген бір той өтті!..

Тәуелсіздігіміздің Туын тігіп, еліміздің еңсе көтеруінің 25 жылдық мерейтойы тұсында небір салиқалы да сындарлы шаралардың өтіп жатқаны аян. Солардың бірі Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен іргедегі Мәлік батыр ауылына таяу Желтаудың төрінде өткен «Желтаудың желмаясы» атты ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық киімдер мен тағамдарды, ойындарды насихаттауға, ұлттық рухымызды жануға арналған фестиваль болды.

Ақтарылған ақ жауынның астында жүріп жасалған мынадай той-думанға дайындықты көргенде қазақтың «Көз – қорқақ, қол – батыр», «Тәуекел түбі- желқайық, өтесің де шығасың» деген сияқты мәністі мақалдары тілге орала берді. Айнала жасанған табиғат: жасыл орман, жайқалған жайлау, маңғаз тау-төбе. Елім деп еңіреген, ойы биік, мұңы терең, тілі шешен, ерлігі ерек Қанай бидің жайлаған өлкесі. Басқа батыр-бағлан, би-шешенді былай қойғанда оның тікелей ұрпағы, Кеңестер Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллинің күні кеше аунап-қунап өсіп, ой-қиялын шарықтатқан жері. Осының өзі-ақ, Абылай заманын күні бүгінге дейінгі өсу-даму жолымызды, ерлік-өрлік, елдік белестерімізді ойға оралтары шындық-ты. Оның үстіне… мына фестиваль…
Алдына ел ағалары, көсем-шешендерін салып, аруаналарға киіз үйі, кілем-төсегін артып, жасанған көш келеді. Қауқылдасып-көрісіп, амандасқан игі жақсы. Көшті өзен-көлден аулақтау қондыруды, кір-қоң жуып ластамауды тапсыруда олар. Одан әрі ата дәстүр, ақылды уәжге ұйыған жұрт назарына қазақтың сүйінші сұрау, бесікке салу, тұсау кесу, аластау, бата беру сияқты салттары тәптештеліп ұсынылды. Атқұмар қазақты үш шақырымдық бәйге қызығы бір желпінтсе, шабандоздардың теңге ілуі мен аударыспағы қызыққа кенелтті. Бір шетте серкені тақымға басқан көкпаршылар делебені қоздырып жатты. Көп кезіге бермейтін «Жамбы атуды» да көруге мүмкіндік туды. Жұлдыздай ағып келе жатқан ат үстінен садақ тартып, сұр жебесін нысанаға дөп тигізер саңлақтар бүгін де бар екен-ау, дес-ті көпшілік. Алтыбақан үстінде ән сала тербелгендер көңіл қуантып, жан жадыратады. Еліміздің өткен тарихы, осы өңірден шыққан арғы-бергі танымал тұлғалар, қызық дерек, көне суреттер, тағы басқа толып жатқан мәліметтер ұсынған көрмелер, сыр шерткен музей мұрағаттары да осында. Қақпадан кіргеннен білеріңіз толығып, көк жиегіңіздің кеңейе беруіне ықпал мол.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл бастаған әділ қазылар алқасы «Ұлттық тағам» конкурсының жеңімпазын анықтау үшін құрылған киіз үйлерді аралап жүр. Театрландырылған көріністер салмағын арқалаған Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері, филармонияның әнші-күйшілері, Марат Қойшин басқаратын ұлттық-спорт ойындары мектебінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, айнала ауыл жұрты, қала тұрғындары бәрі осында. Үкілі домбыраларын қомдап павлодарлық Жәнібек сал, ұлттық спорт жөніндегі республикалық дәрежедегі бапкер Рамазан Сәттібаев, өңірлерден келген сал-серілер де жүр. Бүркіт, лашындарын талпынтып аңшы-саятшылар да көз алдымыз-
да. Көптеген мекеме, ұжымдарды, жанашыр жандарды осы жұмысқа жұмылдырып, бүгінгідей ұланғайыр істі атқарған музей директоры, айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабектің іскерлігіне көпшіліктің тәнті болғаны жасырын емес. Күннің жауып тұрғанына қарамастан ат сабылтып жеткен ағайынға ақшаңқан үйлерде ас та тартылды.
Әрине, түс ауа, кеш түсе көрігі қыз-
ған әнші-термешілер, айтыскер ақындар сайысы көрерменнің тағатсыздана күткен қызығы еді. Желден жүйрік құмай тазылардың құлдырай ағып жарысқаны тағы бір тың көрініс болды. Желтау баурайына келіп қонған көш жастары бұлтты аспан астынан бір көрініп, бір жоқ болып сыр ұрлаған алтын Ай астында алтыбақан теуіп, соңын ақсүйек ойнымен жалғастырды. Фестивальда өткен жарыстардың мақсаты оза шауып жүлде алу емес, жұртшылыққа салт-тұрмысымызды таныстыру, қолма-қол, көз алдында көрсету болатын. Сондықтан, кімнің қай орын алғанын алға тартпай отырмыз. Тек, «Желтаудың желмаясы» атты жаңа жобаның берері көп, тағлымы мол, танымдық тұсы толғандырарлық екенін, тәуелсіздік мекерекесіне тамаша бір тарту болғанын ғана айтпақпыз. Сөйтіп, Желтауда дүбірлеген бір той өтті!..

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс