Жемқорлыққа жол жоқ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бес институционалдық реформасының басым бағытының бірі заманауи мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру екенін атап айтты. Елбасының биылғы Жолдауында да осы мәселеге көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы заңның үстемдік құруы мен жемқорлыққа қарсы күресті күшейте түсу қажеттігін де қадап айтты. Мемлекеттік орган қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету үшін қалалық әкімшілік жанынан арнайы комиссия құрылды. Оның отырысы жарты жылда бір рет өткізіледі.

Өткен жылы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегиялық шаралары жоспарын орындау мәселелері қарастырылып, заңды және жеке тұлғалардың өтініш-тілектерін қарастыру кезіндегі кемшіліктерге мән берілді. Көкшетау қаласында көлеңкелі экономиканы болдырмаудың кешенді іс-қимыл жоспары жасалды. Осыған орай жергілікті басылым беттерінде арнайы 15 айдар ашылып, ақпараттық хабарламалар, сұхбаттар, мақалалар жарияланды. Соңғы төрт айда қалалық газет беттерінде 22 мақала және облыстық телеарнада 2 сюжет шықты. Өткен жылы жемқорлықпен күрес тақырыбында жергілікті басылымдарда 126 мақала жарияланып, облыстық телеарна арқылы 12 сюжет пен тақырыптық хабарлар жасалды. Қала әкімінің блогы жұмыс істейді. Онда қала басшылығына тұрғындар өз сауалдарын жолдай алады. Сондай-ақ, жемқорлық әрекеттері жайлы да ақпарат беруге болады. Олардың қатарында тұрғын үй беру, жер учаскелерін бөлуде заңсыздықтарға жол берілмеуі қатаң қадағаланады. Осы сайтта «Шығармашылық тұрақтылық қызметі» деген айдармен «Жемқорлыққа жол жоқ» бөлімі бар. Типтік ережелерге сәйкес 9 мемлекеттік мекемеде (Красный Яр селолық округі әкімінің аппараты, кәсіпкерлік, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі мен автомобиль жолдары, экономика және бюджетті жоспарлау, білім, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері) жемқорлық қатеріне қатысты ішкі сараптама жасалды. Нәтижесінде білім бөлімінде мемлекеттік қызмет стандарттары бойынша олқылықтар анықталды. Тәртіптік комиссия да өз жұмысын жалғастырып жатыр. Мемлекеттік қызметке қабылдану кезінде әр лауазым иесі  ҚР Заңына бағынады және мемлекеттік қызметші міндетті түрде Ар-ождан кодексімен танысады. Мемлекеттік қызметшілерге дінге қатысты көзқарастарын ашық білдіруге болмайтыны түсіндіріледі.   Олардың имиджін қалыптастыру үшін ҚР мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес Агенттігімен бірлесіп «Қызмет көлігі – қызмет үшін» атты акция ұйымдастырылды. Соған орай әр қызмет көлігіне  Call орталықтың номері және сенім телефоны жазылған қағаздар жапсырылды. Әлеуметтік желілердің аккаунттарында мемлекеттік қызметкерлердің беделін түсіретін ақпараттың таралмауына байланысты сараптама жүргізіледі. Біздің бастамамызбен 30 қаңтарда ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы»,  «Жемқорлыққа қарсы қимыл-әрекет» заңдарын түсіндіруді көздеген семинар өткізілді. 2018 жылдың наурызында «Адал жол – честный путь» жобасы шеңберінде 16 шара ұйымдастырылды. Оның қатарында: вайндар байқауы, инстаграм блогерлерінің қатысуымен «Көкшетау қалалық әкімшілігі аппаратының бір күндік жұмысы» шарасы, студенттерге арналған ашық есік күні, автошеру өткізілді. Республикалық мониторинг тобының жұмыс сапары барысында қалалық әкімдікте мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаменті басшылары және ар-ождан бо-йынша облыс өкілі қатысқан семинар да осы тақырыпқа арналды. Биыл қалалық прокуратура тарапынан жер қатынастары, құрылыс және сәулет бөлімдері тексеріліп, біршама заң бұзушылықтар анықталды. Осы мекеме басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Биыл Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне мемлекеттік қызметке көңілі толмағандардан 6 шағым түсті. Барлық фактілер бойынша шара қолданылды. Өткен жылы осы тақырып бойынша 5 шағым түскен еді.

Биылғы жылдың 4 айында мемлекеттік органдар тарапынан 15 927 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 7 пайызға көп. «Үкімет азаматтарға» қызмет көрсету орталығы арқылы – 7 923, электронды үкімет порталы арқылы – 1 478, мемлекеттік орган кеңселері арқылы – 6 526  қызмет түрі ұсынылды.

Жалпы, соңғы үш жылда ар-ождан нормаларын бұзған үш адам, мемлекеттік қызметті бұрмалаған үш адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметтік қылмысқа барған бөлім басшысы қызметінен шеттетілді. Жер комиссиясының жұмысы жария түрде болуы үшін отырыстардың бейнежазбасы жасалады. Оның құрамы 8 адамға көбейіп, оның саны 15 адамға жетті. Олардың 46 пайызы мемлекеттік қызметкер емес. Құрылысы заңсыз жүргізіліп келген 23 үйдің 8-нің құжаттары реттеліп, заңдастырылды. Осындай жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Бұдан шығатын қорытынды, барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары бірлескен кезде ғана жемқорлықты ауыздықтауға болады.

Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, Көкшетау Қаласының әкімі

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий