Жергілікті жағдаймен жете танысты

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өткен аптада жұмыс сапарымен Целиноград, Астрахан, Егіндікөл және Бұланды аудандарында болып, су тасқынының алдын алу шараларымен егжей-тегжейлі танысып, тиісті мекемелерге нақтылы тапсырма берді.

Целиноград ауданының Талапкер селосында болған өңір басшысы Ешім өзеніндегі қар ерітіндісі суларын емін-еркін өткізуге мүмкіндік беретін жаңа инженерлік нысанмен танысты. Сондай-ақ, Ақмола, Жаңа жол, Бірлік, Отаутөскен, Қараөткел елді мекендері жанындағы су тасқынынан қорғайтын үйінділер қайтадан жаңғыртылып, нығайтылды. Жалпы су тасқынының алдын алуға байланысты аудандық бюджеттен 18,68 миллион теңге қарастырылыпты. Ал, резерв көлемі 40 миллион теңгені құрайды.
Мамандардың айтуына қарағанда, Целиноград ауданында биыл 200 мың текше метр қар түсіпті. Бүгінгі күні оның 75 мың текше метрі сыртқа тасылған. 86 су өткізетін нысанның 44-і қардан тазартылды. Облыс әкімі бұл жұмысты 15-20 наурызда аяқтауды тапсырды. Өңір басшысы сонымен бірге Нұра және Ешім өзендеріндегі судың деңгейін бақылайтын бекеттерді барып көрді. Мұздардың өзен арнасында кептеліп қалуының алдын алу үшін 1500 шаршы метр аймақта жару жұмыстары жүргізілмекші екен. Астрахан ауданының кейбір елді мекендеріндегі қардың қалыңдығы 400-450 мм. құрайды. Сол себепті Ягодное, Новый және Старый колутон, Зеленая селоларын су басу қаупі бар. Өңір басшысы апатты жағдайдын алдын алу үшін бұл елді мекендердегі қарды тасымалдау жұмысын белсенді жүргізуді тапсырды. Қажет болған жағдайда тұрғындарды басқа жерге көшіру және үй малдарын қауіпсіз аймақтарға орналастыруды да қарастырған жөн. Осы тақылеттес тапсырмалар Бұланды және Егіндікөл ауданының басшыларына да берілді. Өз тарапынан облыс әкімі таяу арада арнайы ұшақпен қар көп түскен аймақтарды бақылауға алатындығын жеткізді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс