Жергілікті полицияның жұмысы жүйелі

ал жылуға дайындық кезең-кезеңімен тыңғылықты жүзеге асырылуда

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төраға-лығымен аппарат мәжілісі өтіп, онда жергілікті полиция қызметінің басшысы Серік Зейнуллин мен «Көкшетау Жылу» мекемесінің жетекшісі Сергей Жуковтың үстіміздегі жылдың осы мерзіміне дейінгі атқарған жұмыстары жөнінде есептері тыңдалды.

Облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті жергілікті полиция қызметінің басшысы, полковник Серік Зейнуллин қаладағы қылмыс түрлері, оларды ізін суытпай ашу, тұрғындардың күзет қызметіне жүгінуі жөнінде әңгімеледі. Әлі бірқатар көпқабатты үйлерде сол байырғы ағаш есіктер тұр. Ал, темір есік қойып, домофон, тіпті қосымша бейнекамералар орнатқан үйлер қауіпсіз. Демек, сол қауіпсіздікке ұмтылу керек. Өз кезегінде, әрине, жергілікті полиция күнделікті қызметін жүйелі түрде жандандыра түсуде. Нәтижесінде, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда қылмыс 27 пайызға азайды. Оның ішінде кісі өлтіру, тонау сияқты ауыр қылмыстар ауыздықталды. Бұзықтыққа, ішімдікке үйірлер жиналатын орындар үнемі қадағалануда.
Қылмысқа көбінесе арақ ішу салдарынан жол берілетін болса, заң талаптарын бұзып, көптеген дүкендер кешкі сағат тоғыздан кейін де ішімдік сатуда. Олардың бірқатарына айыппұл салынды. Үйсіз-күйсіз, құжатсыз жүргендер саны – 66. Жаз айларында атты полиция саяжайларды, Қопа көлінің жағалауын, жағажайларды қадағалайды. Еңбек ұжымдарынан халық жасақтарын құрып, көмек қолын созушылар да бар. Олардың қатары көбейе түссе нұр үстіне нұр. Түнгі клубтар маңайы да қараусыз емес. Тек, бір өкінішті жағдай жол көлік оқиғасынан биыл 7 адам қаза тапты. Баяндаманы тыңдаған қала әкімі жергілікті полиция қызметінің басшысы С.Зейнуллинге тұрғындар арасында көбірек түсінік жұмыстарын жүргізуді, қылмыстың алдын алуды, қылмыс бола қалған күнде шұғыл түрде, тез ашу керектігін тапсырды.
Екінші болып есеп берген «Көкшетау Жылу» мекемесінің басшысы С.Жуков тұрғындардан көрсетілген қызмет үшін қаражат жинауда едәуір ілгерілеушілік бар екендігін жеткізді. Келесі жылу маусымына дайындық тоқтаусыз жүргізілуде. Жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен уақытылы атқарылуда. Бұл – келесі маусымға дайындықтың тиісті мерзімде аяқталатынының кепілі. Әзір алаңдарлық ештеңе жоқ. Жиын соңында қала әкімі Ермек Маржықпаев бірқатар мемлекеттік қызметкерлерге «Нұр Отан» партиясының мүшелік билеттерін және сыйлық ретінде Астанада өткелі отырған «ЭКСПО-2017» көрмесіне билеттер табыс етті.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс