Жергілікті өнім – халық игілігіне

Облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс бабымен Көкшетау қаласындағы бірқатар нысандарда болып, онда атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайымен танысып, шығарылатын өнім сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлді. Жолдарды жөндеу, тұрғын үй маңдарын абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау – бүгінгі күннің өзекті міндеттері саналады. Сапар кезінде Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Өңір басшысы алдымен шаһардың сәулеттік келбетін жақсарту, абаттандыру, көгалдандыру бойынша жүргізілген жұмыстармен танысты. Абылай хан даңғылындағы №30 үй ауласын барып көрді. Бұған дейін осы үй тұрғындары жолдың асфальтталмағандығын, толассыз жауған жауыннан кейін тротуарлар, кіреберіс жолдар суға толатындығын айтып шағымданғаны белгілі. Тұрғындарды көбірек мазалаған мәселелерге облыс әкімі барынша көңіл бөліп, аталған кемшіліктер мен олқылықтарды сала басшыларымен бірлесе отырып қалыпқа келтіруге уәде берді. Алдағы күндері бұл аулаларды абаттандыру жұмыстары қолға алынатын болады. Асфальттық жабындылар жаңартылып, ағаш егіліп көгалдандыру шаралары жүзеге асырылады. Ал, аула тазалығы мен қауіпсіздігін тұрғындардың өздері қамтамасыз етулері керек. Мұның өз кезегінде көптеген қордаланған көкейкесті мәселелерді шешуге мүмкіндік берері сөзсіз.
Қаладағы күрделі жөндеуден өткен аулалардағы балалар ойнайтын түрлі-түсті қондырғыларды, құм төселген алаңдарды, асфальтталған жаяу жүргіншілер жолдарын көргенде көңілің толып, қаламызды көгалдандыру және көркейту мақсатында шын мәнінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына тәнті боласың. Биылғы жылы да осы бір игі дәстүр лайықты жалғасын табуда. Облыс басшысы атап көрсеткеніндей, қаладағы көшелерді қайта қалпына келтіру жұмыстарының барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқталуы өзімізге байланысты. Облыс орталығында көлді жағалай демалыс нысандарын салу жос-парда бар. Осы орайда өңір басшысы Қопа көлінің маңындағы жағажайды қалыпқа келтіру жұмыстарына қатысты тапсырмалар берді. Осы төңірекке егілген ағаш көшеттерін де аралап көрді. Қалалық билік демалыс орындарының таза да, әдемі қалпының сақталуы үшін жұмыстар жүргізуде, бірақ әлі де атқарылатын іс өте көп. Аулалар мен көшелерді абаттандыруға қатысты жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Облыс әкімі абаттандыру, көгалдандыру және ішкі әрлеу жұмыстарына қатысты өз ойын айтып, кемшін тұстарды тез арада қалпына келтіруді атап көрсетті. Демалыс орындарында орындықтарды, гүл алаңдарын тәртіпке келтіру, ағаш көшеттерін отырғызу, әсіресе адамдар көп жүретін жерлерге ерекше талғам қажеттігі айтылды.
Бұдан соң өңір басшысы «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты. Серіктестік Беларусь елінің коммуналдық және ауылшаруашылығы саласының озық техникаларын құрастырумен айналысады. Сапасы жоғары отандық техникаларға еліміздің барлық өңірлерінен сұраныс артқан. Тракторлардың бағасы қолжетімді. Сапасына кепілдік бар. Сондықтан отандық шаруашылықтар алыстан алмай, өз елімізден шыққан техникаға таңдау жасауда. Тракторлардан бөлек жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы машиналардың да бірнеше түрін шығаратын кәсіпорын тапсырысқа сай біртіндеп қуаттылығын арттырып қарқын алып келеді. – Алдымыздағы маңызды міндеттердің бірі – өңір экономикасын дамытуға тигізетін пайдасы зор жобаларды қарап, оларға қолдау көрсету. Заман талабына сай өндірісті жетілдірмейінше, бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Содан кейін өнімді өткізу нарығын кеңейту маңызды. Осы мәселеге баса назар аудару керек, – деді облыс әкімі С.Кулагин. Облыс әкімі атбасын тіреген келесі нысан – индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының септігімен серпін алып келе жатқан өндіріс ошақтарының бірі – «Көкшетау минералды сулары» зауыты. Акционерлік қоғам президенті Мұрат Ахметовтың айтуынша, қазір өндірілетін өнім түрлері көбейген. Негізінен табиғи қоспалар пайдаланылатын өнімдер әркез сұранысқа ие. Олардың қатарында газдалған және газдалмаған су мен тәтті сусындар бар. Қондырғылар толықтай жаңартылды. Сондықтан сапалы әрі табиғи өнім өндіруге мүмкіндік бар. Кәсіпорын өндіретін өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне шығарылады. Сонымен қатар Ресейдің нарығында да сұранысқа ие. Алдағы күндері зауыт құрамында емдік шипасы мол дәрумендерге бай тәтті сусын шығаруды жоспарлап отыр. Таза табиғи судың сапасын жоғалтпау үшін жер қойнауы да жіті зерттеліп, жаңа шикізат қорлары ашылуда. Өзінің 25 жылдық тарихында зауыт талай қиындықты еңсерді. Өрлеу де, нарықтың қатал қағидаларына төтеп бере алмай құлдыраған кезеңдер де болды. «Мақсатқа жетудің сыры құпия емес. Түрлі жасанды қоспалар мен бояғыш заттардың денсаулыққа зиян екендігін тұтынушылар жақсы біледі. Ал, біз өз өнімдерімізді әркез табиғи күйінде ұсынамыз», – дейді зауыт мамандары. Өңір басшысы кәсіпорынның осы уақыт ішінде жүзеге асырған ауқымды істері мен мақсаттарын қуана қуаттап, ризашылығын білдірді. Кәсіпорынның жұмыс қарқынын арттырып келетіндігіне көз жеткізген облыс әкімі өзімізде шығарылатын өнімнің сапасын арттыру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілетіндігін айтты.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс