Жерлестері әлем чемпионы Дина Жоламанға құрмет көрсетті

  Талай талапкер жастың үлкен спорттағы бағын ашқан «ТNK Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, ұлтжанды азамат, іскер басшы Батырбек Уәлиев Астанада өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған бокс-шы қызымыз Дина Жоламанға су жаңа «Тойота Раф-4» автокөлігін сыйға тартты.

 

Дина Жоламан! Бұл есім қазір спортсүйер қауымға жақсы таныс. Шағын ғана ауылдан шыққан былғары қолғап шебері. Жұдырығы мықты, талабы таудай, арманы асқақ. Жақсы поселкесінің тумасы. Осы елді-мекенде спорт мектебін ашып, талапты жасқа үлкен спортқа жол ашқан, «ТNK Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Батырбек Уәлиевтің қолдауының арқасында талай додада топ жарған. Биыл Астана қаласындағы Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиадаға жолдама сарапқа салынған сайыста алтын медальды жеңіп алып, әлем чемпионы атанған қаршадай қазақ қызы. Туған топырағының атын әлемге танытып, жаттықтырушысы Александр Высоцкийдің мерейін үстем еткен қайсар жан. Қалай мақтасаң да айтуға тұрарлық, мақтауға тұрарлық қазақ қызы осы еңбегі үшін спорт шебері, жаттықтырушысы Александр Высоцкий Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы атанды. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Зарина Цолоеваға халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді.Сонымен қатар спортшы мен оның бапкеріне «Жақсы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. «ТNK Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Батырбек Уәлиев туған жерінің атын әлемге танытқан спортшы қызға өз атынан су жаңа «Тойота Раф-4» автокөлігінің кілтін табыс етті.
Жақында Жақсы ауданында әлем чемпионы Дина Жоламанға құрмет көрсетілді. Сол салтанатты рәсімді өз көзімізбен көруге арнайы бардық. Поселкенің орталық ғимараттарына, үй қабырғаларына «Дина Жоламан – әлем чемпионы!» деген банерлер ілініпті. Мәдениет үйінің маңайы безендірілген. Қолдарына жалаушаларын ұстап, «Дина – чемпион!» – деген ұранды сөздерін мектеп оқушылары қайта-қайта пысықтауда. Салтанат залында да қарбалас, фойеде спортшының жеңісті жолынан хабардар ететін көрме қойылған. Көп ұзамай алыстан көліктердің бебеулеткен дауысы естілді. Төбесі ашық машинадан қолын бұлғай жеткен Динаны жерлестері қошеметпен қарсы алды. Жүрегі бал-бұл жанған чемпион қызыл кілемнен жасалған дәліз арқылы жүріп келеді. Жанында бақыттан басы айналған анасы Зәуре, атасы Ғабдісәләм Жоламанұлы. Боксшы қыз иығына Көк туымызды жамылып алыпты. Қасында қолдаушы құрбысы, былғары қолғап шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Зарина Цолоева. Қос спортшы жерлестерімен амандасып, салтанат залына өтті. Бүгінгі төр де, құрмет те осы қыздардыкі. Жақсы поселкесінің тұрғындары залға сыймай кетті. Олардың әрбірінің кеудесін мақтаныш кернеп тұр. Салтанатты шараны аяғынан тік тұрып тамашалаған кәрі-жас алған әсерден ұзақ уақыт бойы айыға алмасы анық.
Сахнаға жаттықтырушысымен бірге жайғасқан спортшы қыздарды құттықтауға Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко арнайы келіпті. Жақсы деген қарапайым поселкеде үлкен спорт мектебі бар екенін құлағы шалғалы оны көруге ынтыққан ол әдейі келуге бел буыпты. Ол өзінің құттықтау сөзінде әлемдік деңгейде жабдықталған спорт мектебінің болашағы зор екенін атап өтті. Алдыңғы буын спортшылар, былғары қолғап шеберлері, әлемдік додаларда талай топ жарған Андрей Спиридонов, Мереке Жүсіпов, Руслан Мусинов, талай спортшыны үлкен додаға дайындаған жаттықтырушы Алексей Пермяков, Бақтияр Тұрғынбаев, Қайрат Манашевтер осы жерден табылды. Дина Жоламан мен Зарина Цолоеваға айтылған тілектер, құттықтауларда сан жоқ. Бәрінің жүректері лүпілдеп, ақ жарыла сөйледі. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина әлем чемпионы Дина Жоламанға, күміс жүлдегер Зарина Цолоеваға, олардың бапкері Александр Высоцкийге қаржылай сыйлық табыс етті. Бұл – 17 жыл күткен, қаншама тер, қаншама еңбекпен келген жеңіс еді.
«Үлкен спортқа қадам басқан әр жастың асыл арманы – чемпион болу. Сол үшін де тер төгіп, еңбектенемін. Жаттықтырушым Александр Высоцкий тек үйретіп қана қоймайды, әрбірімізге өзінің баласындай қамқорлық танытады. Қатал да бола алады, талап та қоя біледі. Ең бастысы, адамның бойына сенімділікті ұялата алады. Мен ешқашан ерінген емеспін, күніне қанша рет жаттығу қажет болса, сонша рет жаттықтым. Алтын медаль алу жолына 9 жыл дайындалдым. Адам алдына мақсат қойса, алмайтын қамалы жоқ», – дейді Дина. Анасы Зәуре де Жақсы поселкесінде бокс секциясы ашылған кезде ойланбастан қызын сонда беріпті. Бәлкім әлем чемпионы болатынын ана жүрегі сезген болуы керек. Ал, Жақсы ауданының құрметті азаматы Ғабдісәләм Жоламанов болса, немересінің ойындарын өз көзімен көргеннен кейін бұл спорт түрін мойындапты. Қазір Динаның әр сайысына қатысып, жанкүйер болып жүр. Өзінің алған атақ-дәрежесіне енді немересінің ие болып жатқанына дән риза.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Зарина Цолоева жылқы малына жақын екен. Алдағы уақытта ат баптаумен айналысқысы келеді. Ең бас-тысы, ата-анасына қаржылай қолдау білдіргенді ұнатады. Бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді екен. Заринаның әкесі Хусен қызының бокс секциясына барғанын басында қаламапты. Бірақ перзентінің алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы мен табандылығы әкесін мойындатыпты. Спортшының жақсы жетістікке жетуі отбасындағы ахуалға да байланысты. Бұл туралы кездесуде айтылды. Динаны да, Заринаны да бетінен қақпай, биік белесті бағындыруына әуелі еңбекқорлығы мен табандылығы, содан кейін отбасындағы қолдау әсер етті. Жақсы ауданының тұрғындары көпке дейін жеңіс туын желбіреткен қыздарына қошеметін аямай, олармен қоштасқысы келмей қимастықпен шығарып салды. Жандарында жүрген жандардың табысқа жетуі олардың да төбесін бір елі көкке тигізбей тұр еді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс