Жерлес жазушы әңгімелерінің желісімен

№1 Краснояр орта мектебінің 7 «а» сыныбының оқушылары Жансая Сәкен мен Назым Жеңіс «Зерде» он екінші республикалық байқауынан 2-ші орын жеңіп алды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бағытында оларды байқауға дайындаған ұстазы Гүлнәр Шөптібайқызы Сәденова. Мұғалімнің айтуынша, оқушылар жергілікті ақын-жазушы Серік Жетпісқалиевтің балаларға арналған шығармаларына қызығушылық танытқан. Олар қаламгердің «Бақтияр бұзық бала емес» және «Балық аулай барғанда» деген кітаптарындағы әңгімелерін алып, ғылыми жұмыс жазып шыққан. Оны қорғап, қазылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты әрі дұрыс жауап берген.

Биылғы жылғы наурыздың 15-17 күндері аралығында Бурабай-Щучье курортты аймағындағы «Балдәурен» сауықтыру орталығында өткен «Зерде» республикалық байқауына түрлі пән бойынша барлығы 400-ден астам бала қатысқан. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша бағын сынаған 25 баланың арасынан таңдаған тақырыбы тың, әрі маңызды болғандығына байланысты красноярлық оқушылар Жансая Сәкен мен Назым Жеңістің ғылыми жобалары лайықты бағасын алды. Ақын-жазушы Серік Жетпісқалиевтің «Бахтияр бұзық бала емес» деген кітабындағы басты кейіпкер Бердібек Соқпақпаевтың Қожасына ұқсайтын болғандықтан, балаларға аса тартымды болған. Жансая мен Назым қаламгердің тілі жеңіл, әрі түсінікті дейді. Бұл кітапты оқыған кезде болып жатқан оқиға көз алдыңа елестейді, кәдімгі жанымызда жүрген өзіміздің достарымызды көргендей болдық деп ағынан жарылды. Әрі фантастикалық желідегі әңгімелері тартымды, әрі қызықты.
«Балық аулай барғанда» кітабын әдістемелік оқулық деп қабылдауға болады, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр Сәденова. Оның ішіндегі шағын әңгімелер 14-15 жастағы балалардың таным-түсінігіне сай, соларға арналып жазылғандығымен құнды. Қос кітапты оқып, талдап, ғылыми жобасының өзегі еткен балалар қалалық байқаудан 2-ші, облыстық байқаудан 1-ші, республикалық байқаудан 2-ші орын жеңіп алды. «Зерде» байқауының бір ерекшелігі – әлі ешкім көтермеген, зерттемеген тың тақырыпты алып, жаңалық ашу. Жүлдегер оқушылар балалар әдебиетінің, соның ішінде жасөспірімдерге арналған шығармалардың бар екенін, оның өзгешелігін дәлелдеп шыққан.
Бурабай баурайындағы «Балдәуренде» үш күн болған оқушылар дем алып, өздеріне жаңа достар тауып оралғандарын жарыса айтты. Ең бастысы, ата-аналары балаларының жетістігіне қуанып, сыныптастары қолдау білдіріпті. Назым мен Жансая спортпен шұғылданып, түрлі үйірмелерге де белсене қатысады. Мектеп мұғалімдерінің ұстанған бағыты да осындай талантты балалардың бағын жандыру. Гүлнәр Шөптібайқызы келесі жылы өтетін ғылыми жобалар байқауына оқушыларымен осы бастан дайындалып жатыр. Олар жергілікті қоғам қайраткері Зағипа Тіналинаның өмір жолы жайлы құнды деректерді жинастыруда. Оны жаңа жобаның өзегі етпек. Білікті маманның өзге де оқушылары пән олимпиадаларына, көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына, Абай мен Махамбет оқуларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Алдағы уақытта да осындай дарындарды білім жеңісіне жетелей бермек.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс