Жеткіншек тағдыры қоғамды алаңдатады

Көкшетаудағы «Достық» қонақүйінің конференц-залында Азаматтық қоғам өкілдері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау комитетімен бірлесіп, жасөспірімдер құқығын қорғау мәселесіне қатысты семинар өткізді. Онда еліміздегі ювеналды соттар жүйесінің дамуы, оның келешегі, сот ісін жүргізуге озық ақпараттық технологияларды енгізу, балалардың білім алу, қауіпсіз, бейбіт, салауатты өмір сүру құқықтарын қорғау мәселелері жан-жақты сөз болды. 

Семинарды ашқан Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова бала құқығын қорғау – қоғам алдындағы міндеттерді орындаудан басталатындығын атап өтті. Елімізде әр баланың сапалы білім алуына, ем қабылдауына толық құқығы бар. Әйткенмен, ата-аналар да, балалар да бұл туралы біле бермейді. Осы білместік кейде балалардың теріс пиғылды жандар тарапынан жәбір көруіне әкеліп жатады. Отбасылық некелердің бұзылуы, жалғызбасты ата-аналардың көбеюі балаға құқықтық тәрбие берудің маңызды екенін байқатады. Әлеуметтік жағдайлардың осылай жиі өзгеріске ұшырауы бала құқығын насихаттауды күн тәртібіне қойып отыр.
«Қазақстандағы балалар құқығын қорғау» үкіметтік емес ұйымы жұмыс тобының жетекшісі Роза Ақылбекова шалыс басқан жасөспірімдерді қатаң режимді арнайы мектептерге жіберуге қатысты пікір білдірді. Оның ойынша, баланы үйінен алыс жаққа алып кетіп, оның туыстарымен араласуына шек қоюға болмайды. Бұл осы салада жұмыс істеп жатқан мамандардың кәсіпқой еместігін байқатады. Балалардың мінез-құлқын түзейміз деп оларды бір жаққа жібереді. Мұндай әрекеттің ешқандай пайда әкелмейтіндігі тәжірибеде байқалып жүр. Оның айтуынша, ата-аналары балаларын өз үйлеріне жақын арнайы мектепке ауыстыру туралы арнайы мектептің бастығына өтініш жазуына болады. Мұндай өтінішті беруге баланың өзінің де құқығы бар.
«Қазақстанның балалар қоры» қоғамдық қорының директоры Эльвира Ватлина ювеналды әділет жүйесін одан әрі дамытудың өзектілігін, судьяларды, прокурорлар мен адвокаттарды оқыту сапасын жақсарту, әлеуметтік және психологиялық қолдау қызметтерін дамыту қажеттігін айтты. Бірқатар мекемелерде балаларға қатысты қатыгездікті тәрбие деп түсіндіреді, мысалы, баланы ас үйге қамап қоюды тәрбие деп қабылдайды. Алайда, әрбір баланың қаталдық пен қорқыныш сезімін көрмей өмір сүруге құқы бар.
Қазақстан – азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша 19 мамандандырылған соты бар посткеңестік кеңістіктегі бірден-бір мемлекет. Біздің еліміз балалардың құқықтық қорғау мәселесіне зор мән беріп келеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы отбасын ана мен баланы мемлекеттік қолдауға кепілдік береді. Қазақстан Конвенция мен балалардың құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы өзге де халықаралық актілерге қосыла отырып, әлемдік қауымдастықтың балалар өмірі үшін ыңғайлы әрі мейірімді орта құру жөніндегі іс-әрекеттеріне қатысуға ниет танытты. Осы саладағы қызмет бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соттар құру болып табылады.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, елімізде азаматтық және қылмыстық істер бойынша татулас-тыру рәсімдері мен медиациялық шаралар кеңінен қолданыла бастады. Мәселен, жаза тағайындау тәжірибесін 2013 жылмен салыстырғанда 2014 жылы ювеналдық соттар тарапынан сотталғандардың саны 33 пайызға қысқарған. Медиация тәртібімен аяқталған істер саны артқан. Бұл – қылмыстық істерді қарайтын жалпы соттардағы тәжірибеге қарағанда неғұрлым ізгілікке негізделген тәжірибе. Сондай-ақ, ювеналды соттарда психологтар жұмыс істеуде. Барлық ювеналдық соттарда балаларға психологиялық көмек көрсететін арнайы кабинеттер ашылған. Ювеналды әділеттің мәні мен рөлі құқық бұзушы жас жеткіншекті қоғамға қайтару болып табылады.
Ешкім де бала құқығының бұзылуын бүркеп қалмауы керек. Баланың жаманы болмайды, оларды соған жеткізетін ересектер. Балаларды қорғау аса маңызды, себебі өз құқығын қалпына келтіре алмаған бұл кішкентай азамат жасық болып, кейін бұзақыға айналуы мүмкін. Егер балаларымыздың құқығын қорғай алсақ, онда елімізде қылмыс санын да азайта аламыз. Семинарға қатысушылардың ортақ пікірі осындай.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс