Жетісу мен Көкшетау

Қазақ жерінде байланысы бір-бірімен өте тығыз екі өңір бар. Олар «Жер жәннаты – Жетісу» мен «Жер шоқтығы – Көкшетау». Бұл байланыс тарихи тұлғалары арқылы астасып жатыр.
Екі өңірді жақындастыратын әуелгі байланыс 1871 жылы ақын Сара мен Біржан салдың арасында болған айтыс. Арқаның ақиығы Жетісудың бұлбұлын арнайы іздеп келіп, сөз жарыстыруы қазіргі Ақсу-Қапал жерінде өткен. Бұл айтысты Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы ең алғаш 1898 жылы Қазанда «Қисса, Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деген атпен жариялады. Содан бастап ел ішінде жазбаша да, ауызекі де таралып келді. Біржан мен Сара айтысы – айтыс өнерінің үздік үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің тарихынан ерекше орын алды. Айтыс негізінде Қажым Жұмалиевтің либреттосы бойынша Мұқан Төлебаев «Біржан-Сара» операсын жазды. Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды. Режиссері – Қазақ ССР Халық әртісі Қ.Жандарбеков, суретшісі – Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері А.Ненашев, дирижері – Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Г.Столяров. Біржанның рөлін – Әнуарбек Үмбетбаев, Сараның рөлін – Күләш Байсейітова ойнады. 1949 жылы операға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ұлттық бояуы қанық шығарма «Қазақ опера өнерінің классикалық туындысы» деген жоғары бағаға ие болды. Сонымен қатар, Талдықорған қаласының орталығында Біржан салдың көшесі де бар.
Екі өңірді жақындастыратын екінші байланыс – шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың тағдырымен байланысты. Ресми және бейресми деректерге сүйенсек Шоқан Жетісу жеріне бірнеше рет келген. Қапалда да болған. Алғашында ресми түрде экспедиция құрамында келген Шоқанның кейіннен жасырын түрде келген кездері болыпты-мыс. Ел ішінде Тәнеке батырдың Ш.Уәлихановқа көмек қолын созуы туралы оқиғалар айтылады. Бұл оқиға 1858 жылы Ақсу-Қапал жерінде өткен. Ол кезде Шоқан 23 жаста болса, Тәнеке шамамен 51 жаста болған. Шоқан Уәлихановтың экспедициясына Қашғарияға жету үшін Жетісу жері арқылы өтуге тура келеді. Қапалға табан тіреген уақытында жас та болса бас болып, қатерлі сапарға бара жатқанын білген Тәнеке ғалымға қолдау көрсетеді. Шоқан да оған үлкен сенім артады. Жетісудың жер жағдайын жақсы білетін Тәнеке сарбаздары жолай кездейсоқ болатын қауіп-қатердің барлығынан қорғап, аман-есен өткізіп жібереді. Алайда, Тәнекенің есімі бұл экспедиция туралы жазылған деректерде кездеспейді. Себебі, Шоқанның бұл экспедициясы мемлекеттік құпия еді. Ғалымның жазбаларында да Жетісу жері туралы құнды деректер, мәліметтер айтылады. Құсмұрында туған Шоқанның балалық шағы Көкшетауда өтіп, Жетісу жерінде дүниеден озған. 1864 жылы наурыз айында Черняевтің шақыруын қабыл алып, Әулиеата жорығына қосылған Шоқан орыс империясының қарапайым халыққа жасаған жауыздығын көреді. Пікіріне құлақ аспаған Черняевпен келісе алмай, жасақ сапынан кетіп қалады. Содан Верный қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің ауылына (бұрынғы Талдықорған облысы, жазда Күреңбел жайлауы, қыс кезінде Алтынемел асуының күнгейі) жол тартады. Бұл жерде біраз тұрақтап қалады. Тезектің немере қарындасы Айсарыға үйленеді. Осы уақыттарда ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Кейбір деректерде ол Черняевпен келісе алмай, қарулы қақтығыс барысында жараланып көп ұзамай содан қайтыс болды делінеді. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылды. Осылайша Көкшетауда өсіп-өнген Шоқанның дәм-тұзы Жетісу жерінде таусылды.
Ал, үшінші байланыс – Жетісудың жыр жүйрігі Ілияс Жансүгірұлының алты алаштан «сері» деген атақ алған Ақанның Құлагерін жырға қосуы. Ілияс Ақанды, Ақанның Құлагерін жырына арқау етіп, көпшілікке таныта білді. Қазақ поэзиясының інжу маржанына айналған «Құлагер» поэмасы оқырман қауымның сүйіп оқитын шығармаларының бірі. Туынды ақынның көзі тірісінде «Социалды Қазақстан» газетінің 1936-1937 жылғы нөмірлерінде басылып, оқырман қауымға жол тартқан. Ілияс репрессияға ұшырап кеткеннен кейін шығармашылығын насихаттауға тыйым салып, ақын да, поэма да Құлагердің күйін кешеді. Зерттеуші Елдос Тоқтарбайдың дерегіне сүйенсек, Сапарғали Бегалин Ілиястің газетке шыққан «Құлагерін» жастық тысының ішіне тығып, жиырма жылға жуық сақтап келген екен. Осылайша «Құлагер» поэмасы ақын ақталғаннан кейін оқырманмен қайта қауышты. Ілиястің атағын аспандатқан да, Құлагердің абыройын биіктеткен де осы поэма болатын. Ілияс Құлагердің, Құлагер Ілиястің даңқын шығарды десек те болады.
Жетісу мен Көкшетау арасындағы төртінші байланысты орнатушы – Сабыр Айтқожин. Сол кездегі аймақтық бөлініс бо-йынша Ақмола губерниясындағы Көкшетау уезінде дүниеге келген Сабыр Айтқожин Жетісу жерінде қызмет атқарған. 1925 жылдан бастап Алматыда тұрып, «Тілші» (қазіргі «Жетісу») газетінің жауапты редакторы болып жұмыс істеді. «Қосшы» одағының төрағасы қызметін де қоса атқарды. Қазіргі таңда көп адам Сабыр Айтқожиннің кім екенін білмейді. Себебі, ол 1938 жылы солақай саясаттың құрбанына айналған азамат еді. Тұңғыш қазақ журналистерінің бірі болатын. 1921 жылы «Кедей сөзі» газетіне жұмысқа қабылданып, 1922 жылы редакция Қызылжарға көшкен кезде аты «Бостандық туы» болып өзгерген газеттің жауапты редакторы болды. 1937 жылы 2 қазанда Жамбыл қаласында жалған айыппен қамауға алынып, 1938 жылдың 19 ақпанында ату жазасына кесілді. Оның есімі тек 1957 жылы ғана ақталды.
Бесінші байланыс – көкшетаулық драматург Шахмет Құсайынов пен жетісулық актриса Бикен Римова арасында орын алды. Екі тұлға да елімізге танымал, театр саласының майталмандары болған. Бір-біріне ғашық болған екі жас қол ұстасып, қос елді құда еткен. Бұл күні екі облыстың да орталығында қос тұлғаның атына берілген зәулім драма театрлары бар. Мұндай құрмет бұрын-соңды еш жерде болған емес. Бикен Римованың театрдағы рөлдері көбінесе әйел образын ашуға және оның болмысын көрсетуге бағытталады. Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік, «Қаракөзде» – Маржан, Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Анасында» – Жер-Ана, Николай Гогольдің «Ревизорында» – Пошлепкина, т.с.с. рөлдерін ерекше атап өтуге болады. Бикен Римова ғұмырының 60 жылын театр саласына арнады. Сахнада 80-ге жуық кейіпкерді асқан шеберлікпен сомдап шықты. 20-дан астам фильмге түсті. Сонымен қатар, мықты драматург ретінде де танылған тұлға. «Абай-Әйгерім» және «Қос мұңлық» секілді қаламынан туындаған пьесалары көрермендердің сүйікті туындылары болды. Қазақ драматургиясының «атасына» айналған Шахмет Құсайыновтың қаламынан туындаған пьесалары әлі күнге дейін сахна төрінде қойылып келе жатыр. Ол Алдар көсенің образын жасап, 1942 жылы «Алдар көсе» пьесасын жазды. «Көктем желі», «Есірткен ерке», «Ертіс жағасында», «Таныс адамдар», «Күн шуақта» деген шығармалары республикалық және облыстық театрлар репертуарынан берік орын алды. Тарихи тақырыпқа арналған «Амангелді», «Қайран, Гәкку!» (кейін «Үкілі Ыбырай» деп аталды), «Әл-Фараби» (О.Бодықовпен бірге) «Сырымбет саласында», «Қилы-қилы тағдырлар» деген пьесалар жазды. Шахмет Құсайынов – ұлттық драматургия жанрының өсіп, даму жолына елеулі үлес қосқан тұлға.
Бізге белгілі алтыншы байланысты орнатушы ақын Қорғанбек Аманжол. Әйгілі Зерендінің тумасы Қорғанбек Аманжолдың тағдыры Алматы шаһарымен тікелей байланысты. Алматыда оқыды, қызмет етті. Жауһар жырларын әсем шаһардың табиғатымен тілдестіре жазды. Кейіннен ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударған ағамыз, былтырғы жылы Талғарға келіп, құтты қонысына қайта оралды. Жетісу жұрты Талғарға сіңген еңбегін елеп-ескеріп, Талғар ауданының «Құрметті азаматы» атағын берді. Алматы облысы әкімдігі 2009 жылы «Мешітті ғалам» деген кітабын шығарды. Ақынның өзі де Жетісуды:
Жәннаттың жеті сипатын,
Жекелеп өзі алғандай.
Жетісу гөзал қияпатын,
Жеткізер, сірә, тіл қандай!.., – деп жырына да қосады.
Жетісу да, Көкшетау да ең алдымен тамаша табиғатымен мақтанады. Қос өлкенің табиғаты қыз тіккен кестелі орамалдай көріктілігімен, салқын да саумал ауасымен талайды тамсандырып тұр. Бір-бірінен асып түспесе, кем түспейді. Жетісуда жеті өзен бар болса, Көкшетаудың сексен көлі бар. «Арқада Бурабайға жер жетпесе», Жетісуда Көлсайға көл жетпейді. Ерейменде түрлі емге шипа болатын Көбейтұз бар болса, Жетісуда дәл сондай Рай көлі бар. Екі көлдің де бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Мұнымен қоса, Алакөлдің де емдік қасиеті мол. Тарихи деректерге назар аударсақ, Шыңғыс хан мен Абылай хан әскерлерінің жорық кезінде жараланған сарбаздары осы Алакөлге келіп, ем алып, жарақаты мен жарасын жазатын болған.
Жетісу өңірі мен Көкше өңірінің арасындағы байланыстар, міне, осындай. Екі өлкенің де тұлғалары қазақ халқының болашағы үшін қай салада болмасын елеулі істер атқарған, әлі де атқарып келе жатыр. Кәкімбек Салықов та қос өлкенің байланысын жоғары бағалап, «Жетісу мен Көкшедей» деген өлең жазды. Қазақстанның барлық өңірлері осылай бір-бірімен байланысып, бір мүдде, бір мақсатта қазақ халқының болашағы үшін қызмет етсе мемлекетіміздің барлық саласы да гүлденері сөзсіз. Елді де, жерді де біріктіретін тұтастық екенін естен шығармағанымыз абзал.
Ел аузында екі өлкені әлі күнге дейін байланыстырып Құлагер арлы-берлі шауып жүр деген сөз де айтылады. Бұл да тектен-текке айтылмаса керек. Себебі, қос өлкенің байланысы, бір-біріне деген құрметі уақыт өткен сайын артпаса кеміген емес.

Болат КЕРІМБЕК,
Алматы облысы Тіл басқармасының басшысы.
Ерден НҰРАХМЕТ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемле-
кеттік университетінің 4-курс студенті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий