Жеті айдың жетістіктері

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен жиында үстіміздегі жылдың жеті айының көрсеткіштері қорытындыланып, алдағы кезек күттірмейтін ауқымды жоспарлар нақтыланды. Жиын үстінде қала әкімі облыстық XXІХ «Ақбидай» жазғы спартакиадасында бірінші орынға ие болған Көкшетау қаласының командасын құттықтап, қалалық спорт бөлімінің жетекшісі У.Галиевке кубокты табыс етті. Шаһар басшысы жалпы, спорт бөлімінің жұмысына оң баға берді.

Ең бастысы, қаламыз бірлі-жарым кемшіліктерді айтпағанда, негізгі көрсеткіштер бойынша талап деңгейінен шығып отыр. Шығыс пен кіріс, салық мөлшері діттеген межеден көрінуде. Ай сайын алға басу бар екендігі көңіл қуантады. Алдағы мақсат – жоспарлы жұмыстарды дер кезінде аяқтап, осы үрдістен ауытқымау. Өткен жылы өнім өндіруде, оны өткізуде қиындыққа кезіккен ірі компаниялардың биыл жұмысы ширақ. «Көкшетау минералды сулары», «Новопэк», «ЕНКИ», «Тыныс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өз істерін тиімді жолға қойып, табысты жұмыс жасауда. Жолдарды жөндеу, жол үсті белгілерін айшықтау, жол жиегін абаттандыру, шағын спорт алаңдары, аулалардағы ойын алаңдары шұғыл жабдықталып, тұрғындардың пайдалануына берілуі керек. Зират қоршауы аяқталсын. Бұл мықтап қолға алынып, күнбе-күн жоспарлы жұмыс атқарылып, бітуге таялған істер. Ал, есік ашуға тиіс екі балабақша уақытынан кеш қалмауы тиіс. Өйткені, оның құрылысы аяқталған соң ішкі жабдықтауына да біраз уақыт кетері сөзсіз. Капцевич, Темірбеков көшелеріндегі жөндеу жұмысы сапалы болуына қосымша оның маңайы тұрғындарға қолайлы әрі жинақы болғаны жөн. Ауыз су сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар ширасын. Келер қысқы маусымға дайындық нәтижелі жүргізілуде. Енді бу қазандығының жөнделуі уақытылы бітуі керек. Қарастырылған қаражат жеткілікті болған соң, тек жөндеудің сапасы қадағалануы тиіс. Жиын барысында осындай мәселелер қарастырылып, әр саланың атқарып жатқан істері сараланып, алдағы кезек күттірмейтін жоспарлар айтылды. Қала тазалығы, тәртіп мәселесі пысықталды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс