Жеті айдың қолжеткен жетістіктері

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерге орай облыс орталығы Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын баянды ету жолында ағымдағы жылдың жеті айы ішінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Қолжеткен жетістіктер мен алда тұрған міндеттер Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың 28 тамызда өткен актив жиналысында жасаған баяндамасында егжей-тегжейлі сөз болды.

Өнеркәсіп секторы бойынша өнім өндіру, өнеркәсіп сипатта қызмет көрсету 53,4 миллиард теңгені құрады. Жалпы индекс көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 100,1 па-йыз деңгейге жетті. Бұл салада табысқа қол жеткізуде, әсіресе, өнеркәсіпті қайта өңдейтін кәсіпорындардың үлесі мол болды. Атап айтқанда, «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы ағымдағы жылдың жеті айы ішінде 430 бірлік техника шығарды, оның ішінде 374-і жүк автомобильдері. «№1 балалар және емдеу-профилактикалық тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 14325 тонна тағамдық өнімдер шығарып, алты айдың ішінде 3,7 миллиард теңге табысқа қол жеткізді. Осындай қадам басушылық «Новопэк», «Енки», «Ақмола бидай», «Натурпродукт», «Регион Строй», «Көкшетау нан заводы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Тыныс» акционерлік қоғамында да орын алып отыр.
Шикізаттың тапшылығы және шығарылған өнімге сұранымның азаюынан «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында былтырғы жылғы деңгеймен салыстырғанда алты айдың жоспары 65,3 пайызға орындалды. Осы мерзім ішінде 4,4 миллион литр алкогольді өнім, 5,9 миллион литр алкогольсіз сусындар шығарылды. Осы мерзімде былтырғы жылғы шығарылған өнім көлемі біршама көп болатын. «Көкше» акционерлік қоғамы тапсырысқа сәйкес белгіленген мерзімде тиісті өнімді шығара алмай, былтырғы жылмен салыстырғанда жоспардың орындалу деңгейі 53,5 пайызды құрады. Осындай олқылықтар «Молоко Синегорья», «ХБК Ақсай нан Көкшетау» «AGRIMER-ASTYK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де орын алды. Ауылшаруашылығы саласында шығарылған өнім көлемі 919,5 миллион теңгені құрады. Былайша айтқанда, ағымдағы жылдың тиісті мерзімдегі жоспары – 111,5 пайызға орындалды. Негізгі капиталдағы инвестиция көлемі былтырғы жылдың алты айымен салыстырғанда 1,2 миллиард теңгеге артық орындалып, 15,4 миллиард теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдаймен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік нысандарының саны 13760 бірлік. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,6 пайызды құрайды. Шағын бизнес нысандарының қызметінен түскен кіріс көлемі 7,3 миллиард теңге мөлшерінде. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп. Есепті мерзім ішінде 313 жаңа жұмыс орындарын ашуға қол жеткізілді. Әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде тұтынушылар тарапынан сұранымға ие тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасының өсуіне жол бермеу маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттағы тұтыну бағаларының индексі алты айдың қорытындысы бойынша 103,2 пайызды құрады. Алайда, статистикалық деректерге сүйенсек, азық-түлік тобындағы тауарлардың баға өсімі байқалып отыр. Мәселен, құмшекер 5 теңгеге, картоп 3 теңгеге, сарымсақ 5 теңгеге, сәбіз 4 теңгеге өсті. Күнбағыс майының 2 теңгеге, жұмыртқаның да 2 теңгеге азайғандығы байқалды. «Дәрі-дәрмек» тауарлары тобына жататын азық-түліктік емес қызмет түрлерінің тарифтері бұрынғы деңгейде сақталуда. Алдағы аймен салыстырғанда жаздық дизель майы 2 теңгеге қымбаттаса, АИ-92 бензині 1 теңгеге арзандады. Кей тауар түрлерінің көтере және сатып алу бағаларындағы ауытқушылықтар маусымдық ерекшеліктерге де, импорттық өнімдер бағасының өсуіне де байланысты. Ағымдағы жылғы қаңтар-шілде аралығындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 8,1 миллиард теңгені құрады. Есепті мерзім ішінде 111,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл былтырғы жылғы деңгеймен салыстырғанда 32,6 мың шаршы метрге көп. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді бала бақшамен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде әлі де өткір тұр. Өйткені, ағымдағы жылдың 1 тамызындағы мәлімет бойынша қаламызда 11754 бала кезекте тұр. Алты ай ішінде жұмыссыздар деңгейі 0,3 пайызды құрады. Түйінді бұл мәселелерді шешу үшін экономиканың нақты секторы бойынша есепті мерзім ішінде 1303 жаңа жұмыс орындары құрылды. Еңбекпен қамту қызметінің көмегімен 935 адам жұмысқа орналастырылды. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанындағы орташа айлық жалақы мөлшері 117535 теңгені құрады.
«2017-2021 жылдарғы жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы мына шаралар жүзеге асырылады: «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық-кәсіби біліммен және қысқа мерзімдік кәсіби оқумен қамтамасыз ету» міндетінің бірінші бағыты бойынша еңбек рыногындағы сұранысты ескере отырып, 114 адамды техникалық және кәсіби білімге бейімдеп оқыту; 80 адам жұмысшы кадрларды еңбек рыногындағы сұранысқа байланысты қысқа мерзімдік кәсіби шеберліктен өткізу. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» міндетінің екінші бағыты аясында 20 адамға кәсіпкерлікпен айналысу үшін қолдау көрсету жоспарланса, оның ішінде 8 адам 38,8 миллион теңгенің шағын несиесін алды. «Тұрғындарды жұмыспен қамту және еңбек ресурстарын жұмылдыру арқылы еңбек рыногын дамыту» міндетінің үшінші бағыты аясында әлеуметтік жұмысқа 50 адамды жіберу ұйғарылған. Осы мерзім ішінде 54 адамның өтініші қанағаттандырылып, жоспар 108 пайызға орындалды. Оның ішінде 153 адам жастар практикасымен, 200 адам қоғамдық жұмыспен, 42 адам тұрғын үй-коммуналдық шаруа-
шылық және инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыспен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында қала бойынша сотқа дейінгі зерттеудің бірыңғай реестрінде 2600 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 811-і ашылып, 232 іс сот органдарына жіберілді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс