Жеті кітап – жеті үміт

Көкшетаулық жеті жас ақынның жарыққа шыққан жеті кітабының тұсаукесер кеші осылай аталды. Поэзия әлеміне еркін еніп, өлең жолдарынан маржан түзіп, өзінің ойын әдемі жеткізе алатын жастар қатары біздің өңірде өсіп келеді. Айналасындағы құбылыстарды жүрекпен қабылдап, селт еткізер сезімге селкеу түсірмеуге тырысатын талант иелері Мерген Тоқсанбайдың «Антитеза», Қуаныш Оспанның «Аспандағы Астра», Құрмет Құралханның «Мөр», Жайнарбек  Заңдыбайдың «Бәсіре», Серікбай Әбілмәжіннің «Саршатамыз», Серғазы Қайырболдының «Постскриптум», Бақытбек Бекмұратұлының «Қоңыр мұң» атты жыр жинақтары «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Алдаспан» сериясымен жарық көрді. Тұсаукесер кешіне Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет арнайы келіп, лентасын қиды. Кеш барысында Ақмола облысы әкімінің жанынан жас ақын-жазушылар Кеңесі құрылғаны да жарияланды.

Жеті өнер, жеті өлең, жеті жас, жеті үн. «Жетеудің хаты» деген тіркеске бәрін біріктіруге болады. Жыр кешіне жиналғандардың басым дені поэзия-ны сүйетін жастар. Өлеңнің мәнін ұғынып, тылсым сырына бойлай алу да адамның бойына бітетін қасиет. Өйткені, сөздің патшасын салмақтап, таразылай білу әркімнің пешенесіне жазыла бермейді. Оған да терең түйсік, талғампаздық, шабыт қажет. Жыр кешіне арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова жас ақындарды құттықтап, алдағы уақытта шығармашылық табыстар тіледі. – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өңірдегі 25 ақынның өлеңдері топтастырылған жинақ жарыққа шыққан еді. Енді міне, поэзияны жанына серік еткен жеті жастың жырлары қалың оқырманға жол тартып отыр. Бұл игі бастама әрі қарай жалғасын табады. Биыл әдеби өлкетану жобасы да қолға алынды. Осының бәрі әдебиет әлеміне қадам басқан жандарға қолдау болары сөзсіз,  – деді өз сөзінде Айна Ермекқызы. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жанартаудай атқылаған «Жетеудің хаты» жас ақындардың халыққа, оқырманға жазылған хаты деді. Кезінде қазақ тілі қыспаққа алынып, солтүстік өңір жастары, әсіресе, бұйығыланып, басылып қалған еді. Енді міне, «орнында бар оңалар» демекші, үлкен серпіліс туғызған оқиғаның орын алғанына қуанышымыз қойнымызға сыймай жеттік деді. Биылдан бастап телеарналарда әдеби бағдарламалар, әлеуметтік желілерде әдеби арна ашылғалы жатыр. Көкшетауда осындай игі шараның қолға алынуы сіздердің өте сергек халық екендіктеріңіздің дәлелі деп қалың жұртшылықты бір серпілтіп тастаған Ұлықбек Есдәулет пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Біржанов лента қию рәсімін жасады. Жазушы Жабал Ерғалиев бүгін сөз өнерінің құдіретіне, Көкшетаудың құдіретіне және қазақ поэзиясына тәубе қылатын күн деді. «Жетеудің хаты» – жеті жастың ойы, сезімі дей келе, әдебиетті құрметтеу арқылы мәдени байлығымызбен алға қадам басатынымызды айтты. Әрі ақын, жазушы – ұлттың ары. Ал, оған дақ түсіруге болмайды деді қаламгер.

Кеш барысында ақындар  жинаққа енген өлеңдерін оқыды. Өнер иелері Бисара Мәкенова, Құмарбек Қалқатай, Асылан Мұхамедияров, Сәрсенбай
Хасенов, Төлеген Аманов, Фархад Сағынбаев сары даланы әсем әніне бөлеген Біржан сал, Ақан сері, Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың халық арасына кең тараған шығармаларын орындады. Ал, поэзия сүйгіш жастар ақындардың қолтаңбаларын алуға асығып, қалам иелерін қаумалап, көпке дейін жібермеді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий