Жеті мың тұрғын үй жағдайын жақсартты

Бұл соңғы 16 жыл ішінде баспана мәселесін оңтайлы шешкендердің саны. Ақмола облысында халықтың осал топтарына арналған жаңа әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы аясында алғашқы 15 күн ішінде 583 миллион теңге көлемінде өтініш қабылданды. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесу сәтінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»АҚ өңірлік филиалының басшылары баяндады. Олар «Бақытты отбасы» бағдарламасының мүмкіндіктері туралы айтты. Кездесуге Көкшетау қаласындағы серіктес кәсіпорындардың есепшілері де қатысты.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған «Бақытты отбасы» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 2019 жылы алғашқы 6000 қазақстандық отбасына алмалы-салмалы тұрғын үй қорынан өз меншігіне көшуге көмектеседі. Ал, «Бақытты отбасы» бағдарламасына көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және кәмелетке жасы толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатыса алады. Қазақстан бойынша толық емес отбасылар саны 106 мыңнан асады, 300 мыңға жуық көпбалалы отбастары бар. Көкшетау қаласында 300-ге жуық отбасы тіркелген. Біздің өңір бойынша тұрғын үй алу кезегіне 7,5 мыңнан астам адам тұр.
«Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері 15 күн ішінде біз 586 млн теңге сомасына 62 өтінім қабылдадық, бұл тек басы ғана. Өйткені, тұрғын үйге мұқтаж және бағдарламаға қатысуға құқығы бар, көптеген әлеуметтік жағынан осал отбасылар, кезек оларға жететініне сенбей, жергілікті атқарушы органдарға өтініш берген жоқ. Біз жағдайды зерттейміз, барлық мәліметтерді тексереміз, кеңес береміз және осындай отбасыларда үй алуға қолайлы жағдай қалыптасады», – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметов. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несие сомасының 10 пайызы мөлшерінде бастапқы жарна болған жағдайда жылдық 2 пайыздық ставка бойынша қарыздар берілетін болады. Қарыз мерзімі – 20 жылға дейінн. Бұл ретте бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алуға несие алған кезде бастапқы жарнаны төлеуге қаражаты жоқ отбасылар тұрғын үй сертификаттарын ұсына алады. Оларды алушылардың тізімін мәслихаттар бекітетін болады. Жалпы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы пәтерді немесе жеке үйді бастапқы және қайталама нарықта сатып алуға мүмкіндік береді. Қарыздың максималды сомасын 15 млн теңге құрайтын қалалар қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент және 10 млн теңгеге дейін қалған өңірлерде белгіленген. Көкшетаудағы баға да осындай. «Бұл бағдарламаға қатысқан отбасының бір адамға таза табысы 42 500 теңгеден аспауы тиіс. Мысалы, егер отбасы 5 адамнан тұрса, оның жалпы табысы 212 500 теңгеден аспауы керек. Және бұл бюджеттен алынған жәрдемақы емес, тапқан ақша болуы тиіс»,– дейді кездесуге келген «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақмола филиалы директорының орынбасары Нұржан Әлібеков.
Бүгінгі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақмола облыстық филиалында 38 мыңнан астам салымшы бар. Ағымдағы жылы 563 салымшы өз баспаналарына ие болды. 2019 жылы аталған банктің құрылғанына 16 жыл толды. Осы кезеңде Ақмола облысының 7 мыңнан астам тұрғыны өзінің үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Банк қызметкерлері ештеңеден қорықпай, барлық тұрғындарды депозит ашып, қаржы салуға шақырады. Қазір олар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Банктің жалғыз акционері «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі АҚ.
Тағы бір ерекшелеп айтатын жаңалық, банк пен облыстық Ішкі істер департаменті келісім-шарт жасасып, алдағы уақытта тәртіп сақшыларына арналған жеке бас-пана тұрғызылып жатыр. Осылайша мекеменің есепшісі салымшының жалақысынан ай сайын қажетті қаржыны ұстап қалып, депозитке аударып отырады. Сол үшін есепшіге де белгілі бір пайыздық мөлшерде қаражат төленеді. Осылайша үш жыл бойы баспанасының бағасының жартысын жинаған қызметкер өз пәтеріне қол жеткізуге мүмкіндік алады. Мұндай бастама кездесуге қатысып отырған БАҚ өкілдеріне ұнады. Алдағы уақытта бұл бағдарлама журналистер үшін де тиімді болса, құба-құп делінді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий