Жеңіс күніне арналған эстафета

Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің жүлдесі үшін жүгіруден дәстүрлі эстафета өтті.

Абылай хан алаңында эстафетаға дайындалып, әртүрлі жаттығулар жасап, бой жазып, дене қыздырып жүргендер қарасы қалың болды. Осылай, дүбірі қыздырып, ширыға келген жарысты Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов құттықтау сөз сөйлеп ашты. «Жеңілатлетикалық эстафета жарысы 1947 жылдан бастау алады. Осындай дәстүрлі эстафетаға қатысушылар қатарының жыл санап артып келетіні қуантады. Мұның өзі көкшеліктердің салауатты өмір салтына деген ықылас-ынтасының айқын нышаны», – деді қала басшысы. Одан кейін қала әкімнің өзі бастап, спорт ардагерлері, қалалық мекемелер басшылары, екі газет қызметкерлері мәре сызығына тұрып, жарыс жолына шығып, дәстүрлі шараға құрмет ретінде алғашқы қашықтықты жүгіріп өтті. Содан кейін шыңдалып, дайындықпен келген 24 команда спортшылары бәсекеге түсті. Абай көшесімен жоғары өрлеп, Сағдиев, Темірбеков, Жеңіс, Кенесары, Глинин, Қанай би көшелерін кесіп өтіп еліміздің Көкбайрағы асқақ желбіреген тутұғырға дейін барып, одан кері жарысқан спортшыларды қала тұрғындары тұс-тұстан ұрандап, қолдап жатты.
«Дәстүрлі эстафетаның жалғасын табуы – жастардың табандылығының, қоғамның қырағылығының, өткенге құрметтің, болашаққа сенімнің белгісі. Қос басылымды өздеріне сырлас, дос, әріптес санайтын қала жұртшылығы осы сезімдерін, қолдау, ниеттерін аталмыш эстафетаға қатынасу арқылы білдірумен келеді. Мұның өзі қалада бұқаралық спортты дамытудың игі дәстүрі қалыптасып келе жатқанын байқатады», – дейді жарыстың бас төрешісі Игорь Василинчук.
Жарыс қорытындысы бойынша ұйымдар, ЖОО, колледждер мен мектептер бойынша ерлер арасында Төтенше жағдайлар департаменті, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, қазақ гуманитарлы-техникалық колледжі, №1 орта мектеп бірінші орыннан көрінді. Қыздар арасында бірінші орын «Тыныс» АҚ, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Красный Ярдағы №6 агротехникалық колледжі мен №6 мектепке бұйырды.
Жеңімпаз командаларды және оза шапқан жүлдегерлерді «Көкше-Media» ЖШС-нің директоры Жалғасбек Сүлейменов құттықтап, кубок, естелік медальдар мен дипломдар табыс етті.
Осылайша, «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің дәстүрлі эстафетасы биыл да мерекедегідей салтанатпен, тартымды да тартысты өтті.
Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий