«Жиырма бес» Ақан серінің әні

Кез келген елдің қандай ел екенін білгің келсе ән-күйін тыңда. Егер әні тәкаппар, мен мен болса, ол айналасындағы елдерге міндетті түрде тізесін батырып отырған ел деп есепте. Ал, бір елдің әнін естігенде тұла бойыңды ыстық жалын шарпып, бір сүйінтіп, бір күйінтіп ата-анаңа, сүйген жарыңа, туған жеріңе, сұлулыққа деген ынтықтығың оянса, сол елдің тәлімі мол, болашағы зор. Енді бір елдің әнін тыңдап отырғанда денең ақылыңа бағынбай, өзінен-өзі селкілдеп билей бастаса, ол елде болашақ жоқ, – деген екен шығыстың бір ғұламасы. Қазір біздің елдің әндерінің көпшілігі осы ғұлама айтып отырған әннің үшінші түріне көп ұқсайды. Қаптаған басқа елдің әндеріне сөз жазылады. Аударылып, сол әндер орындалады. Басқа елдің әндеріне ұқсаған әндер шығарады. Қазақы, ұлттық нышанды әндер жоқтың қасы. Қазір концерттерде, тойларда, теледидарда домбыра, қобызбен ән-күй мүлдем дерлік естілмейді. Жат музыка ұлттық сөйлеу құрылым мен ырғақты да танымастай өзгертеді. Мына сыгән халқы әйелін жоғалтса күледі,атын жоғалтса жылайды, әнін жоғалтса өледі екен. Олар неге әнді басқалардан жоғары қояды? Себебі, ән-күй адамнан, қоғамнан шыншыл. Шын ер адам – әйелге, жүйрік атқа, сұлу сазға ию керек, табыну керек. Қазақта осы үшеуі де бар.
Теледидар айтыс бермейтін болды. Бұл, не, ұлттық өнерді шеттету ме? Барлық эстрада әншілері әндерді сауатсыз орындайды. Дипломдары бар, білімдері жоқ.
Қазақ ән-күйі – бұл аталар аманаты. Аманатқа қиянат жасап жатқандар – эстрада орындаушылары мен оған әнсымақ бірдеңе шығарып жүргендер.
Сахна киелі, өнер киелі. Қазақ әнін біздің әнші-композиторсымақтар құртып жатыр. Жеңіл эстраданы ғана тыңдап, солардың концерттеріне ғана барып жүрген көрермен де, ұлттық өнерімізді құртуға өз көмектерін көрсетуде. Бұл ұлттық жадымызға, кодымызға, өнерге жасап жатқан қылмыс. Министрлік қайда қарап отыр?! Көрерменге сендердің киімдерің, жалаңаштанғандарың керек емес. Өнерлеріңмен елден асыңдар. Соны дәлелдеңдер. Бағлан өнердің басы босағада қалып, аяқ-табақ жалаған әлеміш төрге шығады-ау, – деген Біржан салдың айтқаны келіп, аяқ-табақ жалаған әлеміш өнер-эстрада төрге шықты.
Қазір ән-күйді құлақпен емес көзбен тыңдайтын болдық. 21 ғасырда бәрінен оқ бойы озып тұрған әнші, композитор жоқ болып тұр. Әнші жоқ, қаптаған орындаушылар. Димаш Құдайберген, Тұрсынжан Шапай, Гүлмира Сарина, Елена Абдықалықова, Роза Әлқожа сияқтыларды айтпағанда. Әндер тек ақшаға шығарылып, ақшаға айтылатын болды. Сондықтан ақшаны кім төлейді, сол музыканы тыңдатады.
Енді айтпағым «Жиырма бес» әндері туралы.
Жүйрікте болмайды көрік сыналмаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Меңзеген асқар тауға асыл көңіл,
Дүниеде еш нәрседен тыналмаған…
Ахау-ай, ай жалған,
Жиырма бес, қайта айналып келмес саған, – деген сөздері бар «Жиырма бес» Зілқаранікі болды. Осы мәтінді, нотасын А.Затаевич 1925-31 жылдары «Қазақтың мың әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» деген елден жазып алған жинағында келтірген. Оған бұл әнді «Зілқараның әні» деп жаздырыпты Қаныш Сәтбаев. Ғұлама М.Әуезов «Абай жолында» Біржан сал Абайға Зілқараның «Жиырма бес» әнін айтып еді дейді.
Беріп кет сақинаңды мыс та болса,
Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса.
Таста да етігіңді байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан ұстап алса, – деген сөздері бар «Жиырма бес» Салғаранікі болуы керек. Өкінішке орай, осы екі мәтін де бір әнмен айтылып жүрген сыңайлы.
Енді бір «Жиырма бес» Қытай елінен келген Хамит Ысқақұлы айтатын ән. Бұның әні де бір ғажап, классика. Алдыңғы «Жиырма бестерден» ән, мәтіні бөлек, бұл ән де бір дәуірдің шәжіресін көтеріп тұр. Осы әнді шығарған қазақ ән шығару өнерінде аса биікке жеткен адам. Қытайда халық әні деп айтады екен. Ілия Жақановқа Әнес Сараев Ақмола облысына барғанда бір кісі оған бұл ән Шортанбайдың әні деп айтыпты. Осыны «дәлел» етіп біздің Ілия ағамыз бұл әнді Шортанбайдыкі, – дейді. Жақановтың бұндай «дәлелдеуін» біліп алғандар мен де бәленнен естідім, анау мынаның әні екен деушілер көбейіп кетті. Нақты айтқан адамның аты, жері, мезгілі жоқ осындай әдістермен біраз ел өз жақындарын ақын-композитор қылуға тырысып жатыр. Бұл жалған. Бұндай дәлелдер бірнеше жерден, әртүрлі уақыттарда нақты айтқан адамдар болса көңілге қонымды болар еді. Қай жерден, кім айтқаны белгісіз, бәленшенің әні деп біз барлық халық әндерінің авторларын жаза беруімізге болады. Манаш Қозыбаев бұл әнді Ахмет Байтұрсыновтікі депті Қапаш Құлышеваға. Шортанбай мен Ахмет Байтұрсыновтың қолдағы жинақтарында Хамит айтқан мәтіндер жоқ.
«Ақан серінің поэзиясынан үлкен орын алатын шығармаларының парасатты ойтолғаққа арналғаны аз емес. Олары жүйелі де орынды, діндар Ақан, не сері Ақан емес, қазақтың үздік ойшыл Ақан серісі екенін көрсетеді. Оның серілігінің негізінде мейірбандық, қамқорлық, жанашырлыққа негізделген бекзаттық басым десек, ұлағатты сөздері де сол төңіректен көрінеді:

Алтынды қорлағанмен жез болмайды,
Жібекті жуғанменен бөз болмайды.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Жаманның көкірегінде көз болмайды, – деген сөздер неден кем?!.. Нағыз дала философиясының дара да, дана түрі емес пе?», – деп Кәкімбек Салықов ағамыздың 1935 жылы Сәкен Сейфуллин құрастыруында латын әрпімен Ақан серінің «Таңдамалы өлеңдері» деген атпен шығарған жинағында серінің «Асыл мен жасық» деген он екі шумақ толғауына тамсануы тегін емес қой. Осы өлеңнің төрт шумағы төмендегідей:

Сауғанмен жалғыз сиыр іркіт болмас,
Өнерді бойға біткен іркіп болмас.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Сұңқылдап күшіген құс бүркіт болмас.
(Қарқылдап қара қарға бүркіт болмас)

Ит қызыл болғанменен түлкі болмас,
Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас.
Ел көркі дәулет екен әзелдан-ақ,
(Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай)
Дәулетсіз ел болса көркі болмас.
(Ағашқа саясы жоқ бұлбұл қонбас)

Мәстектен тұлпар артық шаппаса да,
(Жабыдан тұлпар шықпас баптағанмен)
Тексізден текті тумас мақтаса да.
(Жаманның аты шықпас мақтағанмен)
Баласы ителгінің қу ілмейді,
(Ителгі қайырсаң да түлкі алмайды)
Алтыннан тұғыр қылып сақтаса да.
(Алтындап томағасын баптағанмен)

Жабыға тоқым салма жалы бар деп,
(Жабыға айғыр салма жалды екен деп)
Жаманға басыңды име малы бар деп.
(Жаманмен жолдас болма малды екен деп)
Жануар деп сыйпайды әрбір малды,
(Жүйрікті жол үстінде тастап кетпе)
Шошқаны кім сыйпайды жануар деп.
(Қан түсіп аяғына қалды екен деп)

А-хау, а-хау заман,
Хош бол аман,
Жиырма бес, қайта айналып келмес саған…
Хамит Ақан серінің сөзімен айтып келіп, жақшада жазылған мәтінге түседі, 3-4 шумақтарды жақшадағы мәтіндермен айтады. Жалпы, айтайын деген ойы, сөздер бір, уақыт өте орындаушылардың есте сақтау қабілетіне қарай мәтін өзгеріске ұшыраған.
Ақан сері де сол заманның ақын-композиторлары сияқты әнді, мәтінді өзі шығарған. Сондықтан мәтін кімдікі болса ән де соныкі. Бұл мәтін Ақан серінікі, ендеше ән де Ақандікі». Әр шумағы үзіліп түскен гауһардай кәдімгі қара өлең боп, әр кез айтылып та жүрді. Бір шумақ бір-бір ой. Ол көне фольклорлық нұсқадан гөрі ойшыл ақын, не сал-серінің толғанысына ұқсайды. Ән қайырмасының өлшемі, құрылысы Арқаға ғана аян «Жиырма бестің» тосын нұсқасын танытқандай болды», – деп Ілия Жақанов дөп басқан. «Әудем жер», «Көк жендет» әндерінің мәтіндері сол жинақта Ақандікі деп берілген, ендеше әндері де Ақандікі. «Балқадиша», «Құлагер», «Қараторғой», «Маңмаңгер», «Сырымбет», «Майда қоңыр», «Ләйлім шырақ», «Шырмауық» сынды мәңгі өлмес әндер қалдырған Ақан сері «Жиырма бес» әнін де шығарған.

Халық мұраларын зерттеуші ҒАЛЫМ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий