Жобалардың жүзеге асуы назарға алынды

Қалалық мәслихаттың бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының өткен кезекті отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының облыс орталығында жүзеге асу мәселесі сөз болды. Соған орай Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Әкбар Қасейінов баяндама жасады. Осы кезге дейін 9 жоба мақұлданған, алайда қазіргі уақытта бірде бір кәсіпкерден өз ісін жүргізуге қатысты өтініш түспеген. Отырысқа қатысып отырған қалалық мәслихаттың депутаттары «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысты түсіндіру жұмыстары кемшін түсіп жатқанын алға тартты. Хаттамаға да қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жұмысын ширата түсу қажеттігі жайлы ұсыныс енгізілді. Тұрақты комиссияның жұмысына депутат Жұмабай Әміржанов жетекшілік етті. Соңғы бес жылда Ақмола облысы бойынша үш бағытта 407 кәсіпкерге 61 миллиард теңгеге қолдау көрсетілген. Көкшетау қаласы бойынша 24,7 миллиард теңгенің 157 жобасы мақұлданып, 2,487 жұмыс орны ашылған. Биыл облыс орталығында бизнесті дамытуға қатысты 9 жоба мақұлданған. Оның қатарында «Новопэк асыл арман» кәсіпорны да бар. Полипропилен және полимер қаптарын шығаратын өндіріс орнына қажетті қаржы бөлініп, жұмыс орны 40 бірлікке дейін өскен. Сондай-ақ, «KAZ HYDRO» серіктестігі өзінің қаржы айналымын көбейту арқылы 19 жаңа жұмыс орнын ашқан. Алайда, «Ворошкевич» пен «Сұлтанов Асқар Еркінұлы» жеке кәсіпкерлігінің 7 және 12 миллион теңгеге шағын автобус пен Hummer H2 көлігін сатып алғаны қалалық мәслихат депутаттарының көңілінен шықпады. Бұл қаржының далаға кеткенімен бірдей, әрі жұмысқа кері әсер етеді деген күмән бар. Өкінішке орай, шағын бизнес өкілдерінің құжаттары банктен ары аса алмай жатып қалады. Соның салдарынан жеке кәсіп иелері жұмысын жүргізе алмай отыр. Бұл кәсіпкерлік бөлімінің түсіндіру жұмыстарына байланысты. Қаланың халық көп жүретін жерлеріне жарнама іліп, пайыздық үлестерін көрсетіп, тиімді тұстарын сызып көрсетсе, қызығушылық танытушылар табылатын еді. Қалалық мәслихат депутаты Рүстем Калишевтің бүгінгі таңда облыс орталығында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен ашылып, жұмыс істемей тұрған кәсіпорындарға қатысты сауалы жауапсыз қалды. Бұл бағытта да зерттеу жұмыстары жүргізілмейді. Осы және басқа да мәселелер назарға алынып, тұрақты комиссия мүшелері қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жұмысын жандандыруға қатысты сын-ескертпелерін хаттамаға енгізуді сұрады. Өтініш мақұлданды. Егер жұмыс дұрыс жүргізілсе, қалалық бюджеттің де ортаймасы анық.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс