Жолаушыларға 11 жаңа автобус қызмет көрсетеді

«Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жақында Ресей мен Беларусь кәсіпорындары шығарған «ЛИАЗ» және «МАЗ» 11 жаңа автобус сатып алды. Жолаушыларға ыңғайлы бұл жаңа көліктер 23 орынға лайықталған. Ал, жалпы автобустың ішіне 100-ге жуық адам сияды. Арбамен жүретін мүгедектерге пандус қарастырылған. Жүргізушінің кабинасы арнайы отсекпен бөлінген. Жолаушылар үшін ақпараттар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі. Автопарк басшыларының айтуына қарағанда, бұл жаңа автобустар жолаушылар саны көп №1, 9, 16, 10, 5, 12, 11, 25, 13 маршруттар бойынша сапарға шығады. Қоғамдық жаңа автокөліктің тұсаукесер рәсіміне қатысқан қала әкімі Ермек Маржықпаев кәсіпорын басшыларының бұл бастамалары құптауға тұрарлықтай игі іс екендігін атап көрсетті.

IMG_4309Жаңа автоліктердің тұсаукесер рәсімінен кейін тікелей осы іспен айналысып жүрген бірқатар басшы мамандармен, қатардағы жүргізушілермен пікірлесуді жөн санадық.
«Көкшетау автобус паркінің» директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Әсия Шәрімова «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде жолаушы тасымалымен айналысу үшін аккредитацияға құжаттар тапсырылғандығын қуанышпен хабарлады.
Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы транспорты және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Ермек Қарағаев өз ойын былайша білдірді: «Біз жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық байланыста жұмыс істейміз. Автомобильдер жолдарының жағдайына байланысты олардың сын-ескертпелеріне, өтініш-тілектеріне дер кезінде құлақ асамыз. Мүмкіндігімізше, проблемалық учаскелерді тезірек жөндеуге тырысамыз. Қазір «Бірлік» мөлтек ауданындағы Дружба көшесіндегі соңғы аялдамада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы тақылеттес жөндеу жұмыстары Кенесары көшесінде, №21 орта мектептің маңында, «Жайлау» мөлтек ауданындағы соңғы аялдама жанында жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, автобустардың кедергісіз қатынап тұруы үшін жолдардың жайлы болуын басты назарда ұстаймыз».
«Көкшетау автобус паркі» директорының орынбасары Қастай Шұғайыпов жолаушы тасымалы тарифіне қатысты мынадай ұсыныс жасады: «Біздің қаламыздағы жолаушы тасымалы республикадағы ең төмен көрсеткіш. Тіпті, Щучинск қаласының өзінде 80 теңге екен. Ал, еліміздің басқа аймақтарында 90-100 теңге деп естиміз. Біз жолаушы бағасын қайта қарау жөнінде өтініш жасадық. Қоғамдық транспортта тарифтерді көтеру алдымен техникаға дер кезінде күтім жасауға, құрал-жабдықтар сатып алу үшін керек. Жанар-жағармай бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Нақтылы мысал айтар болсам, қазір 1 доңғалақтың бағасы шамамен 80 мың теңге тұрады. Ал, 6 доңғалақты айырбастау үшін ең кемі жарты миллион қаражат керек.
Жүргізуші Темірбек Хасенов: «Мен осы кәсіпорында 90-шы жылдан бері жұмыс істеймін. Автопарк басшылары материалдық-техникалық базаны нығайтуға жете көңіл бөлуде. Мұндай құлшынысқа паркіміздің жаңа автобустармен толықтырылуы айқын дәлел болса керек. Жүргізушілер арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілді. Техниканы дер кезінде жөндеуге де ерекше көңіл бөлінуде».
Жалпы алғанда, Көкшетау қаласы бойынша жолаушыларға тасымал қызметін жақсартуға байланысты осындай ізгі қадамдар жасалғанымен әлі де болса шешімін күтіп тұрған өткір мәселелер де жоқ емес. Жолаушы тасымалы және техника қауіпсіздігі ережелері жиі бұрмалануда. Кейбір жүргізушілер мен кондукторлар тарапынан теріс қылықтар да байқалып қалады. Келешекте бұл мәселелерге жіті назар аударып, оны бірлесе шешу жергілікті атқарушы билік органдары мен жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың тікелей борышы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс