Жолаушылар тасымалы уақыт талабына сай жақсара түсетін болады

Жолаушы тасымалына қатысты өздеріне жүктелген мәртебелі міндетті абыроймен атқарып, облыс орталығы экономикасының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан біздің автобус паркінің тарихы сонау 1946 жылдан басталады. Биыл кәсіпорынның құрылғанына 70 жыл толып отыр.

Ұлттық бизнес рейтинг бойынша автопарк биыл «Сала көшбасшысы-2016» мәртебесіне ие болды. Ал, осы кәсіпорынды басқарып отырған Әсия Шәрімова «Экономика мақтанышы» орденімен марапатталды. Кәсіпорында өз ісінің білгірлері атанған слесарьлар Леонид Сегеда, Серік Сәбитов, Сергей Мельник, автоэлектрик Ян Бондаревский, диспетчер Наталья Рапиналар ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарып келеді.

VFP-4Әсия Өміртасқызы Шәрімова,
Көкшетау автобус паркінің директоры,
қалалық мәслихаттың депутаты:

Біздің авто кәсіпорын міне, 70 жылдай жолаушылар тасымалын жақсарту жөнінде ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Осы жылдар ішінде қаланың дамуын ескере отырып, көптеген маршруттар өзгертілді, автобустар саны көбейтілді. Облыс орталығы мен қала маңындағы жолдарды жөндеу шараларын жүзеге асыруға байланысты да тұрғындарға қызмет көрсету сапасы жақсарды. Басшылық қызметке кіріскен уақыттан бастап техника тілін бүге-шігесіне дейін жетік меңгеруге тырыстым. Қала ішіндегі және сыртындағы маршруттар бойынша жолаушы санына зерттеулер жүргізілді. Жүргізушілердің жұмысына бақылауды күшейттік. Барлық жерде бейнебақылау орнатылды. Осындай табанды талап қоюдың нәтижесінде бірте-бірте қарыздан да құтылып, жағдайымыз жақсара бастады. Ең алдымен өндірістік учаскелерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қосымша құрал-жабдықтар сатып алдық. Зиянды және ауыр жұмыспен айналысатын адамдарға арнайы киім-кешек беріп, тамақпен қамтамасыз еттік. Цехтарға душ-кабиналар орнатылды. Оңай жұмыс жоқ. Ең бастысы, айналамдағы адамдар өте сауатты жандар. Айтқаныңды екі еткізбейді. Өз басым уәдеге берік жанмын. Басшы үшін бұл ең керек қасиет шығар деп ойлаймын.

Зеренда Агоев 0622005 жылдан бастап кәсіпорынның жылжымалы құрамы 80 пайызға жаңартылды. Қазіргі таңда жолаушы тасымалымен 82 автобус айналысып жүр. Жүргізушілер мен кондукторлар үшін униформа енгіздік. Сапарға шығар алдында жүргізушілер міндетті түрде медициналық бақылаудан өтеді. Бақылау-өткізу пунктінде, сондай-ақ, диспетчерлік бөлімде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырдық. Барлық пункт-термен тікелей байланыс жасау маршруттан шығып қалған автобустарды қолма-қол алмастыруға мүмкіндіктер туғызуда. Халықаралық дәрежедегі автобустарымыз «Көкшетау-Омбы» бағытына қатынауда.
Бүгінгі таңда кәсіпорында 215 адам жұмыс істейді. Ережеге сәйкес, парктегі автобустар күн сайын жуылып, тазаланады. Ал, тәртіп бойынша лас көліктер желіге жұмыс істеуге жіберілмейді. Күнде таңертең диспетчер жүргізушілерге жол қағазын береді, ал фельдшер ауысым алдында медициналық тексеру жүргізеді. Содан кейін жүргізушілер тұраққа барып, өз автобустарына отырады. Жолға шықпас бұрын машиналарды кезекші механик қарап шығады. Қаланың әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің іркіліссіз жұмыс істеуі үшін озық технологияға сай жетілген жол-көлік инфрақұрылымының болуы ауадай қажет. Осы жерде биыл қала әкімінің тікелей қолға алуымен қалаішілік жолдардың қалыпқа келтіріле бастағанын айрықша атап өткім келеді. Жолдың жақсаруы жұмысымызды өрістете түсті. Біздің парктегі барлық автобустарға GPS – спутниктік бақылау жүйесі енгізілген. Сол арқылы автобустардың бір аялдамадан екіншісіне дейінгі жүру жиілігі жіті бақыланады. Қалада «Wi Fi-Bus» жобасын біздің кәсіпорын алғашқы болып қолға алды. Аталмыш жоба Көкшетаудағы қалалық қоғамдық көліктің тартымдылығын ұлғайтып, жолаушылар үшін қосымша сервисті қамтамасыз етуді көздейді. Айта кетерлік жаңалық – жақын күндері 20 автобуста аялдамалар үш тілде хабарланатын болады. Кәсіпорындағы еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау қызметі өз алдына дербес құрылым болып саналады. Бөлімше қызметкерлері өздерінің күнделікті жұмысында Қазақстан Республикасының «Еңбек қауіпсіздігі және қорғау туралы» Заңын басшылыққа алады. Былайша айтқанда, олар өндірісте еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік-экономикалық, ұйымдық-техникалық, санитарлық-гигиеналық және емдеу-профилактикалық шаралармен айналысады. Еңбекті қорғау қызметі жоғарыда айтылған мәселелермен тікелей шұғылданатын комиссия жұмысын үйлестіріп отырады. Еңбек шарттары бойынша жұмысшыларды аттестациядан өткіземіз. Ал, кәсіпорындағы ұжымдық шарттардың орындалуын бақылап, адамдарға әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасалуымен кәсіподақ ұйымы айналысады. Қарттар күніне байланысты өз қатарымызда еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагерлерімізге құрмет көрсетіп отырамыз. Еңбек тәртібін бұзған адамдар болса, олардың теріс қылықтары профилактикалық кеңесте қаралып, қатаң шаралар қолданылады.

Зеренда Агоев 051Жолаушылар тасымалдау біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі. Жауапкершілік аса жоғары. Күні бойы көлікке мінетін сан адамның өзіне тән мінезі бар. Сондықтан, жүргізуші жолаушылармен барынша тіл табысуға тырысады. Қандай жағдай болмасын сыпайылық сақтап, әдептен озбауды бір сәт те естен шығармайды. Оның сыртында күнделікті белгіленген маршрут бойынша кестеден бір минут та кешікпеу керек. Өйткені, қаншама қала тұрғыны осы автобустың жүретін аялдамасында өзін асыға күтеді. Жасырары жоқ, қазір жастар жағы жүргізушілікке онша құлық таныта қоймайды. Біз көп жағдайда жаңадан жұмысқа орналасқан мамандарды өз кәсібіне үйретіп үлгермейміз. Олардың басым бөлігі желідегі жұмыстың ауырлығына шыдамай, жұмыстан өз еріктерімен шығып кетіп жатады. Қоғамдық көлік жүргізушісі болу да оңай емес. Олар таңсәріден тұрып, ел жатқанда жұмыстан қайтады. Мұндай жұмысқа екінің бірі шыдай бермейді. Сондықтан да жастар мұндай қиын жұмысты істегісі келмейді. Жалпы, жүргізуші мамандығына еліміз бойынша сұраныс көп болса да, жеткілікті көңіл бөлініп отырған жоқ. «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізуші мамандығына оқыту қарастырылмаған. Осы мәселе бойынша үкіметке ұсыныстар жолданды. Әзір нәтиже жоқ. Бүгінгі таңда көптеген жолаушылар кәсіпорындары көп шығынға батып отыр. Себебі, жанар-жағар май бағасы өсуде. Дөңгелектердің және автобустарға қажетті басқа да бөлшектердің бағасы қымбат. Осының салдарынан шығын көбеюде.
Жолдағы қауіпсіздік мәселесіне келер болсам, қала вокзалынан Астана, Петропавл бағыттарына қатынайтын жекеменшік минивэн көліктерінің жүргізушілері адам өміріне жауапкершілікпен қарайды деп айта алмас едім. Бұл көліктер аса қатты жылдамдықпен жүреді. Күре жолда орын алып жатқан жол апаттарының көбі жылдамдықты шектен тыс асырған жүргізушілер кінәсінен болып жатады. Көп адамдар бұған аса көңіл бөле бермейді. Біріншіден, бұл көліктің иелері мемлекетке салық төлеп отырған жоқ. Сондай-ақ, мұндай көліктердің түнгі 23.00-ден таңғы сағат 6-ға дейін алыс жолда жүруіне тыйым салынғандығы заңда анық көрсетілген. Күнкөріс үшін дем алмастан бірнеше сағаттап көлік жүргізетіндер жолаушы тағдырын ойламайды. Қаладағы қарқынды құрылыс пен халық санының өсуіне қарай қоғамдық көлікпен тасымалдау көлемі тұрақты артуда. Қоғамдық жолаушылар көлігі қызметінің өзекті мәселелерінің бірі – көліктердің ескірген түрлері мен пайдалану уақыты өткендерін қазіргі заманға сай және сапасы жоғары көліктермен жаңарту болып табылады. Қазіргі уақытта жаңа автобус сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Оны алсақ, жалақы, салық төлеуде қиындықтар орын алады. Әзірше қолдағы барды пайдаланып жұмыс істейтін боламыз. Қорытып айтқанда, жолаушылар көлігінің қызметі сапалы болуы үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, мен көкшетаулық көлік қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын!

Санаулы ғана техникасы, жұпыны ғана жөндеу цехтары бар сол кездегі кәсіпорынды бүгінгі материалдық-техникалық базасы, өндірістік қуаты дамыған паркпен мүлдем салыстыруға болмайды. 1972 жылы қазіргі Капцевич көшесінің бойында 200 автобусқа лайықталған жаңа үлгідегі кәсіпорын салынып, пайдалануға берілді. Осыған байланысты кәсіпорындағы техника паркі де жаңартылды. Қосымша әкімшілік корпусы, автобустардың сапарға уақытылы шығып тұруын қамтамасыз ететін экспериментальды және сыртқы қораптарын жөндейтін цехтар, ұста-рессор учаскесі салынды. Қорап жөндейтін цехқа Польшада шығарылған қуатты екі электр механикалық жүк көтергіш орнатылды.  

Әр адам үшін шаңырағыңдағы ынтымақ пен береке маңызды. Себебі, отбасындағы бақытты адам жұмыста да абыройлы. Кәсіпорынды 17 жыл бойы басқарып келе жатқан Әсия Өміртасқызы бүгінде жұбайы Қазтай Шұғайыповпен бір шаңырақ астында 2 бала тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отыр. Үлкен ұлдары Марат Дубайда бизнеспен айналысса, кенжелері  Қанат ата-анасымен осы кәсіпорында еңбек етуде. Өндірістегі және отбасындағы тірлікті бір-бірімен іскерлікпен ұштастыра білген Әсия Шәрімова сонымен бірге қалалық мәслихаттың депутаты ретінде облыс орталығының саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып,  өзіне тән ерік-жігермен кез келген мәселені тиянақты шешуде.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс