Жолаушы ақтарған сыр

Халықтар достығының мекені атанған қасиетті қазақ жері саяси-қуғын сүргін жылдары, Ұлы Отан соғысы қарсаңында Кавказдан және Ресейдің орталық өңірлерінен жер аударылған қаншама ұлт өкілдеріне пана болып, жергілікті тұрғындар оларды бауырларына басты. Тағдыр тәлкегіне түскендердің бүгінгі ұрпағы қазақ халқының осы мейірімділігін, қайырымдылығын ризашылықпен еске алып отырады.

Поезд ішінде танысқан ұлты түрік Сабыр мен Мерибан Хенизовтар отбасы қазақтарды жанындай жақсы көретін, өздерінің ана тіліне, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарайтын жандар болып шықты. Сондықтан да жолшыбай ескі таныстардай сыр ақтарып, біраз жайттан қанық болдық.

Жазғы демалыста оңтүстік өңірге жолым түсті. Күн ыстық болғаннан кейін әдейі купеге билет алған едім. Купедегі кондиционерден соққан суық леп жанды тыныштандырды. Қасында кішкентай екі баласы бар ерлі-зайыптылар жайғасты. Түр-әлпетіне қарап сірә татарлар болар деп болжадым. Бірақ таныса келе түріктер екенін білдім. Ерлі-зайыпты Сабыр мен Мерибан Хенизовтар Петропавл қаласында тұрады екен. Ал, туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы. Жолдамамен солтүстік өңірге қызмет етуге келіпті. Сабыр — хирург-дәрігер, Мерибан- мейірбике. Ақмола облысына қарасты Ақкөл селосында да қызмет етіпті. Жолаушылап жүргенде мүлдем бөгде адамдармен танысып, білісіп, кейде тіпті дос болып та кететін жәйттер болып жатады. Бұл да адам өмірінің бір парасы.
Поезымыз ақырын жылжып, сүйікті Көкшетауымыздан ала жөнелгеннен түркі тілдес бауырларымызбен кәдімгі бауырдай әңгімеміз жарасып кетті. Сабыр да, зайыбы Мерибан да жарқын жүзді, кісіге жақын, әңгімешіл жандар екен. Балалары кішкентай болса да олардың қияңқылығына қабақ шытқандарын көрмедім. Емшектегі ұлын кезек-кезек күтіп, ың-шыңсыз, бір жылатпай діттеген жерімізге жеткенше ешкімнің мазасын алмай бақты. Ерлі-зайыптылардың бірауыздылығына, бір-бірін қас-қабақтан түсінетініне, бір-бірін қолдайтындығына қатты разы болдым. Тағы бір таң қалғаным, балалары ата-анасымен өз тілінде сөйлеседі, түсініседі. Кішкентай қызы ноутбукты қосып, мультфильм көремін деп еді, балаларға арналған бағдарлама түрік тілінде сөйлеп қоя берді. Телефонында да түріктің әуені. Міне, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген осы. Сабыр мен Мерибанның өздері де, балалары да түрік, қазақ және орыс тілін біледі екен. Бірақ өзара ана тілінде сөйлеседі. Балаларынан да соны талап етеді. Өйткені тіл тазалығы – ұлт тазалығы. Мұны да іштей мойындап қойдым. Сабырды әңгімеге тартып, тілге құрметіне қатысты сауалдар қойып едім, ол: «Егер ұлттың саны аз болса, олар кез келген жолдармен өзінің тілін, салтын сақтауға барынша тырысады, біздікі де сол қарекет қой», – деді. Шындығында да солай. Шетелде жүрген қазақтар қазақ тілін көзінің қарашығындай сақтамай ма? Ал, қолда барда алтынның қадірі жоғын өмірдің өзі дәлелдеп берген.
Сабыр мен Мерибанның аталарын сонау соғыс жылдары Кавказдан күштеп жер аударған екен. Тарихтан белгілі бұл оқиғадан зардап шеккен халықтар көп. Атасы Алиосман мен әжесі Ханифа кейінгі ұрпағына сонау зұлматты жылдардың нәубетін әңгімелеп беріпті. Сонда әжеміз көзіне жас ала отырып: «Бізді бірнеше сағаттың ішінде жүк вагондарына малша артып жіберді. Қайда бара жатқанымызды білмейміз. Кавказдан Ресей арқылы Қазақстанға жарты ай жүріп, әрең жеттік. Жолшыбай көз жұмғандар болды. Олардың өлі денесін бергіміз келмей, көмусіз қалады-ау деген қауіппен жасырғаннан түк шықпады. Иістеніп кеткен өліктерді жолда лақтырып тастап отырдық. Кімнің қайда көмілгенін, қандай жағдайда қалғанын да білмейміз. Дұрыс тамақ ішпей, жуынып-шайынуға да жағдайымыз болмай, арып-ашып, қазақ жеріне жеттік. Бізді жатсынбай, үйінің бір бұрышынан орын беріп, аузымызға су тамызып, жарты құртын жарып берген қазақ халқы еді. Оларға басымыз жерге жеткенше иіліп алғыс айтамыз», – деп әңгімеледі.
Соғыс басталғанда атасының бауырлары майданға аттаныпты. Соғыстан кейін үйіне оралған олар Кавказдағы отбастарының тағдыры не болғанын білмей дал болды. Кейін Қазақстаннан іздестіріп, ұзақ жылдардан соң ғана қауышқандары бар. Ал, отбасынан мүлдем ажырап кеткендері қаншама?! Оның санына жету мүмкін де емес. Жат жерде өлігі қурап қалғандардың тізімін түгендеген ешкім жоқ. Әйтеуір, Хинизовтар әулеті Қазақ жерінде түтінін түтетіп, балалы-шағалы болып, бүгінде жапырағы жайқалып отырған жайы бар. Фамилияңыз нені білдіреді деген сауалға: «Бұл біздің Кавказда тұрған жеріміздің атауы. Бізде фамилия деген болмаған, тек өсіп-өнген жерінің атымен кімнің қайдан екенін білген. Бұл да солай қалыптасқан үрдістің белгісі – дейді Сабыр. Иә, әр халықтың басына түскен өз нәубеті бар. Соған шыдас бергендері ғана әлем картасындағы өзінің орнын сақтап қалады. Бұл жағынан түркі тілдес халықтардың тағдыры ұқсас.
Поезда емен-жарқын әңгімелесе келе, жанымдағы серіктеріммен достасып кеттім. Жұбайының тілін тауып, айтқанын қалт етпей, иіліп тұрған жас келіншектің ибалығына риза болдым. Не айтса да бәрін әсем жымиысымен жайландырып тастайтын қасиеті кез келген әйел затына қажет екен деген ой түйдім. Діттеген жерімізге жақындаған кезде поезда еркекше киініп жүрген Мерибан ұзын көйлекке ауысып, басына орамалын тартып алды. Үйіңе бара жатырсың ғой, жай жүре бермедің бе деген сауалыма: «Жоқ біздің жақтың салты басқа, қызмет ететін жеріңде еркін жүре беруге болады, бірақ үйге барғанда, өз салтымызға көшуіміз керек, – деп әдемі жымиды. Өйткені ол жерде қайын атам мен енем, қайныларым бар. Өзімнің ата-анам бар. Олардың алдында ашық-шашық, ерлерше жүру ерсі.Бұл да өзінің салтын сақтаған халықтың ғасырлардан өлмей жеткен мұрасы болар. Біздің үйренеріміз әлі де көп екен-ау!

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс