«Жолақы қымбаттады – қызмет сапасы да артуы тиіс»

«Жолақы қымбаттады – қызмет сапасы да артуы тиіс». Дәл осындай талапты қала әкімі Ермек Маржықпаев жолаушылар тасымалымен айналысатын мекеме басшыларына жүктеді. Шаһар басшысы Көкшетау тұрғындарына қызмет көрсететін «Сейнұр», «Автобус паркі», «Тұлпар» және «Бастау» мекемелеріне тиісті бірнеше бағыттағы автобустарға мініп, көліктердің ішкі тазалығына, аялдамалардың хабарландырылуына, жалпы сервиске назар аударды. Жолаушылармен әңгімелесіп, көлік қызметінің сапасы жайлы сұрап білді. Ескі автобустарды жаңалау, жеңілдікпен жүретіндердің тізімін міндетті түрде ілу, билеттің сатылуына қатысты сын-ескертпелерін айтты. Жолақы бағасы биыл 60 теңгеден 80 теңгеге өскендіктен тасымал қызметі де сапалы болуы тиіс қой.

Алдымен «Автобус паркіне» тиесілі №5 автобусқа мінген шаһар басшысы бірден аялдамалардың хабарландырылмайтынына назар аударды. Контролер әйелдің айқайлап жариялайтынын сынға алып, бұл міндетті жүргізуші атқаруға тиістігін ескертті. Олардың киімі де талапқа сай болғаны абзал. Базар аялдамасына жеткеннен кейін әкім «Сейнұр» фирмасына тиесілі №6 автобусқа отырды. Мұндағы жолаушылар бұл бағыттағы көлік қатынасына көңілі толатындарын және үнемі билет сатылатындықтарын айтты. Жолақы бағасының қымбаттағанына разы емес-тер де табылды. Тасымал қызметіне шағымданғысы келетін тұрғындар назарына тиісті мекеменің нөмірі міндетті түрде ілініп тұруы тиіс, – деді Ермек Боранбайұлы. Ары қарай қозғалысты «Тұлпар» мекемесіне тиесілі №3 автобусқа мініп жалғастырған қала әкіміне жолаушылар колледждерге қатынайтын болғандықтан көліктің мүлдем тарлық ететінін айтты. Әсіресе, жастар оқуға келе бастағаннан, таңертең және кешкісін көліктің аузы-мұрны толып, әрең қозғалатынын, кейде тұрғындардың өзі сыймай қалатынын сынға алды. Сондықтан осындай бағыттарға «ПАЗ» көлігін емес, одан үлкенін бөлу керек. Шаһар басшысы контролерлерге тиесілі жалақы тағайындалмайтынын біліп, алдағы уақытта олармен де келісім жасалу қажеттігін қадап тапсырды. Өйткені, бұл жұмысқа медициналық тексерістен өткен адам алынуы тиіс. Бұдан кейін «Бастау-1» мекемесіне тиесілі №14 автобусқа отырған қала әкімі көпбалалы анамен әңгімелесіп, оның тегін жүру құқығы бар екенінен хабарсыз болып келгеніне таң қалды. Және алдағы уақытта бұл олқылықтың орны толтырылып, бәрін заңға сай жасау қажеттігін тапсырды. Сапар барысында айтылған сын-ескертпелер аяқсыз қалмауы үшін тез арада жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындар басшылары және мамандарының қатысуымен кеңес өткізілетін болды. Қордаланған түйінді мәселелер сонда ғана нақтылы шешім табуға тиісті.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс