Жолдарынан жаңылмаған жандар

Көкшенің нарқасқа перзенті Қажыбай Қабыл-Фазыл
мен Керекудің кербез қызы Биғайша Қазықбайқызының
шаңырақ көтергеніне 50 жыл болды!

Адам баласының өмірде өз соқпағы бар. Оны кедір-бұдырлы ету, жазық та жайлы жасау өз қолында. Бірі шындық үшін күресте, шың-құзды бағындырады, бірақ одан тартар азабы да аз болмайды. Бірі түрлі амал-айласын асырып бұлғақ тірлік кешеді. Бірақ күндердің күнінде жіберген қателіктерінен жан азабын тартады. Ақ пен қара түстердің қашанда қарама-қайшылықты суреттейтініндей, өмірдің аласы мен құласын шатыстырмай, бояуы қанығын таба білу өзіңе байланысты. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қарадан гөрі ақ түске жақын. Үнемі ақ қалпақ, ақ жейде және ақ түсті аяқ киім киеді. Аса кірпияз. Бойында ерекше сырбаздық, паңдық бар. Көзге көрініп тұрған кемшілігіңді жасқанбай бетіңе айтады. Қаймығу дегенді білмейді. Көзге тура қарап сөйлейді. Көзін тайдырып әкету деген жаман қасиеттен ада. Биліктегілерге ойын ашық айтып, содан талай теперіш те көрген. Бірақ, оған мойыған емес. Қайта ширыға түседі. Азаттықты жаны сүйеді. Еркін жүреді. Еркін тұрады. Жасы ұлғайғасын көп тірліктен бойын аулақ ұстағандай, ол да шаршағаннан емес, жайбарат тірлікті аңсағаннан. Соның өзінде көшеге қыдыра шыққанда, біреулермен жүздесе қалса ашық айтатын әдетінен жаңылған емес. Ішіндегісін бүкпесіз жайып салып, жайына жүре беретін нағыз жанбоздың өзі!

Бүгінгі әңгіменің кейіпкері – өзіміздің әріптес ағамыз, көкшеліктерге жақсы таныс, шындықты жаны сүйетін, жылпостармен аямай күресетін, өтірік сөйлемейтін Қажыбай Қабыл-Фазылдың дәл өзі. Біздің редакциямызға аптасына бір бас сұқпай кетпейтін жаннан хал-жағдайын сұрасаң, бас бармағын шошайтып, қазіргіше айтқанда «Мынауски!» немесе орысшалай «Во!» дейтін де, жымиып қана өте шығатын қасиеті тағы бар. Газет-журналды көп оқиды. Ол жастайынан бойына қалыптасқан әдеті. Жылт еткен жаңалыққа құлағы түрік жүреді. Көкшетаудағы барлық редакция қызметкерлері ол кісінің алдында құрақ ұшады. Аптасына неше рет шықса да, әр нөмірінің төбесіне: «Қажыбай Қабыл-Фазылға!» – деп бадырайтып жазып қояды. Келгенде қабақ шытпай, тез бере қою үшін. Түрі келісті, жасы ұлғайса да әрін бермеген, ақ шашын артқа қайыра тарап, қой көздерімен өңмеңіңнен өте қарап, ақырын басып жүретін қалпынан бір таймайды. Күтімі жақсы екені үсті-басынан көрініп тұрады. Киіміне шаң жұқтырмайды. Өйткені, өмірлік жарын да жастайынан өзі таңдап, мектеп бітіре сала шаңырағына енгізген. Оны да жай ала салмаған. Сырттай бақылап, зерттеп, бойындағы қасиеттерін екшеп, өзінің турашыл мінезіне бейімдей алу-алмауын қадағалап барып, сөз салған. Оны Биғайша кейін түсінген. Қазір есіне түсірсе, күлкісі келеді.
– Мен ата-анаммен Павлодар қаласында тұратынмын. Оқу бітіруге бір жыл қалған. Ата-анам белгілі бір себептерге байланысты ауылға көшуге бел байлады. Мені өздерімен бірге ала кетпек болған, бірақ үйреніп қалған ортамнан ажырағым келмей тұрғанымды түсінген тәтем осында қалып, оқуымды тәмамдағанымды қалады. Жұбайы қай-
тыс болған, кішкентай төрт қызы бар Лиза есімді құрбысының пәтеріне тұрғыз-ды. Қажыбай сол пәтерге қарама-қарсы тұрады екен. Бойдақ жігіт ағасы «Қызыл Ту» газетінде жұмыс істеп жүрді. Бұған дейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жоғарғы мектебін бітіргені бар, тыңшылық жұмысты жақсы біледі, мен тұратын пәтерге келгіштеп, ұзағырақ отырып қалып жүрді. Бірде тұз, бірде қант сұрап келеді. Мұның бәрі жай сылтау екен. Ол келген сайын мені сырттай бақылап жүріпті. Үйдегі кішкентайларды күту, тамақ пісіру, үй жинау менің міндетім болды. Лиза тәте күнұзақ жұмыста. Қажыбай менің шаруаға ыңғайымды байқап, бейуақ далаға шықпайтынымды көріп, өзінше жоспар құрып жүріпті. Менен 10 жас үлкендігі бар жігіт болғасын «ағалап» жүрдім. Мектеп бітіріп, енді оқуға түсу жағдайын ойластырып жатқанда, Қажыбай менің анаммен сөйлесетінін айтты. Бұған дейін бір-екі рет киноға апарып, қыдыртқаны бар еді. Өзінің анасы ерте дүние салып, әкесі өгей шешемен тұрады екен. Анама: «Сөз салып, алдыңыздан өтетін туған-туысым алыста, олар келе алмайды, бұл қалада жалғызбын, қызыңызды айттыра келдім, өзім оқытамын, ренжітпеймін», – деп турасын айтыпты. Сонымен не керек, 18 жасымда Қажыбай ағаңмен отау тігіп, шаңырақ көтердік. Көкшетаудың жігіті ғой, еліне алып келіп, тумалары үш күн тойлады.
Міне, содан бері 50 жыл өтіпті. Қажыбай жар таңдауда қателеспегенін түсінді. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірге тата жүріп, жарына қамқор әкедей болды. Үй тірлігінде, бала күтімінде жанынан табылды. Қай қызметте жүрсе де, қандай ортада болса да, өзінің бағытынан айнымады. Солқылдақтық танытпады. Табандылығынан таймады. Бейсауат жүрмеді, ащы суға жақындамады. Қолына тиген қаржысын оңды-солды шашпай, шашау шығармай Биғайшаның қолына тигізіп отырды. Отбасын ақылмен басқарды. Отағасы ретінде сөзін жүргізе де білді, жарын сыйлай да алды. Дүниеге келген үш ұлы мен жалғыз қызынан мейірімін аямады. Әсіресе, жалғыз қызы Зере өмірге келгенде, алақанына салып аялап, бақты. Өзі шомылдырды, өзі тамақтандырды, есейгенше қолынан тастамай көтеріп жүрді. Қызының да әкесі дегенде шығар жаны бөлек. Бүгінде Америкада тұрса да, жылына бір мәрте әкесінің ыстық құшағын аңсап жетеді. Жағдайын жасап кетеді, қол ұшын береді, қолдайды.
Қажыбай Қабыл-Фазылдың бойындағы бір қасиеті – өтірік сөйлемейтіні. Нағыз ер адамға тән қасиет. Жары да оның шындыққа жақын екенін, қулығы жоқ екенін жақсы біледі. Ондай адаммен өмір сүру қиын емес. Өйткені, өзіңді алдамайтынына сенімді боласың. Күдіктенбейсің. Бар сырын ашық айтатын болғандықтан, риясыз сенесің. Тағы бір қасиеті – турашылдығы. Сол мінезі үшін талай таяқ та жеген. Бірақ алған бетінен қайтпаған. Қажыбай Қабыл-Фазылды еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткер деп әбден тануға болады. Қазақ және орыс тіліне жетік. Өте сауатты. Саясаттан хабардар. Көзі ашық, көкірегі ояу. Азаттықты сүйетін жан болғандықтан «Азат» партиясының белді мүшесі ретінде биліктегілерге өз ойын ашық жазды. Бұқпантайлаған жоқ. Бұлғақтамады да. Тоқырау жылдары талан-таражға түсіп жатқан шаруашылықтар, мекемелердің жай-күйіне қарап күйінді. Жаны ашыды. Содан кейін айқасқа шықты. Шамасы келгенше күрес-ті. Жазықсыз жазаланып, қамауға да алынды, бірақ жеңіп шықты. Әділдік үшін күресті ол ұлы Абайдан үйренген. Ақынның қара сөздерін қайта-қайта оқып, жадына түйген. «Мыңмен қалай алысқанын» екшеген. «Мы вольные птицы, пора брат, пора» деген сарындағы Пушкиннің өлеңдерінен қуат алған. Орыстың классик ақын-жазушыларының азаттық жайлы жазғандарын жата жастана оқыған. Тілін меңгерген. Содан қатесіз, сауатты жазуға машық-танған. Бұл білімі қажет уақытта тығырықтан алып шыққан. Міне, осындай қиын-қыстау күндерде жанында адал достары, адал жары болды. Жанын шүберекке түйіп, жұбайының сөзін сөйледі, жақтады, өзі сияқты табандылық танытты. Сүйген жарын дұрыс таңдағанына сол кезде Қажыбайдың тағы бір мәрте көзі жетті. Ол туралы қалам тербеп, қағаз бетіне түсірді. Газетке жариялады. Оны қалың оқырман жақсы біледі.
Қазақ елі тәуелсіздік алғанда біздің бүгінгі кейіпкеріміз шын қуанды. Өзінің де аңсағаны сол еді. Өйткені, «Тәуелсіздік» деген сөз қалпына жақын. Тұғыры биік тұлғалар қашанда биікке ұмтылады. Олардың аласаруы екіталай. Ал шыңның жүзінде жүргендердің адалдықтың ақ туын аттап кетуі мүмкін емес. Бұл – Қажыбай Қабыл-Фазылдың өмірлік кредосы.
Биғайша тәтеміз ыстық сорпасын баптап, шайын демдеп, дастарханын жайнатып жатыр. Бұл күндегі әдеті. Бір жерде байыз тауып отыра алмайтын жан әңгіме арасында өзі тұратын ауласының жайы, балалардың ойын алаңы, подъездің тазалығы толғандыратынын айтып жатыр. Көрші әжелерге ертең дастархан жаямын, асықпай отырып әңгімелесеміз деп те қойды. Жан-жарынан «жұққан жақсы қасиет» пе кім білсін, қолын алдына салып отыру бұл кісіге де жат. Жұбайы аздап сырқаттанып қалса, күн демей, түн демей қасынан екі елі аттап шықпайды. Оның тек өзінің әзірлеген асын сүйетінін жақсы біледі. Сырттан тамақтанбайтын қасиеті үшін қадірлейді. Бір-біріне сүйеніш болып, жолдарынан жаңылмай, бақытты өмірлерінің зейнетін бірге бөліскен екі жанның дара жолының бұл да кейінгілер үлгі алар бір тармағы болар.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс