Жолдар жөнделіп, көшелер көркеюде

Көкшетау – жыл санап көркейіп келе жатқан қалалардың бірі. Соған сай, қаланың жол-көлік қозғалысы да жетіліп отыруы керек. Көктемде еріген қар, жауған жауынның салдарынан шұрқ тесікке айналған асфальт жолдың тауқыметін тартқан жергілікті тұрғындар, тіпті қала әкіміне де өтініш-сауал жолдаған. Мәселенің өзектілігі ескеріліп, жол жөндеу жұмыстарына биыл ерте қозғау салынды.

Айталық, Капцевич көшесінің Вавилов көшесінен теміржол көпіріне дейінгі учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары барынша қарқынды жүргізілуде. Жөндеу жұмысының ауқымдылығы жағынан ең үлкені осы көше болып отыр. Жолдың кей бөліктері кеңейтіліп, жиектері алмастырылды, қажетті тұстарына суағарлар салынуда. Көшелер жарықтандырылып, жүргіншілер жолдары ретке келтірілуде. Жоспар бойынша жаңарған жол бөлігі қыркүйекте тапсырылмақшы. Сондай-ақ, Уәлиханов, Ақан сері, Әуелбеков көшелерінің жолдарына орташа жөндеу, Астана бағытына шыға беріс айналмалы жолдарын тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Жолдардың беткі қабатындағы ұсақ ақаулар бүтінделіп, олардың алды алынып жатыр. Орташа жөндеу жұмыстарында ескірген жерлер қалыпқа келтіріліп, жолдың беткі қабаты тегістелуде.
Тұрғындар тарапынан орталық көшелерге ғана көбірек көңіл бөлінеді деген пікірді жиі естиміз. Дегенмен бұл – қате түсінік. Соңғы жылдары қалаға қоныстанушылар, жан-жақтан көшіп келушілер көп. Соған байланысты жыл өткен сайын қала ауқымы кеңейіп келеді. Жаңадан бой түзеген тұрғын үй массивтері жетерлік. Мұндағы жолдардың бәрі бірдей бір-екі жылда жаңара қою мүмкін емес. Кезең-кезеңімен, кезек-кезегімен жоспарға сәйкес жасалады. Биыл күрделі жөндеу жүргізілетін көшелердің барлығы да екінші деңгейлі көшелер. Қосымша қаржы бөлінсе, бұл көшелердің саны тағы да артады. Облыс орталығындағы жолдарға күрделі жөндеу жүргізгенде шеткі аумақ та назардан тыс қалмайды. «Бейбітшілік» мөлтек ауданының тұрғындары өз қаражаттарына Қайыңды, Щучинская, Уокешо көшелерін тегістеді.
Былтыр жөнделген жолдардың тез ойылуының өзіндік себептері бар. «Көкшетау жолдары» серіктестігінің директоры Ташмағамбет Қасеновтың айтуынша, көптеген көшелерде кәріз желілерінің болмауынан сулар ешқайда ақпай көп тұрып қалады. Нәтижесінде бұл асфальт-бетон жамылғыға кері әсерін тигізіп, оны бұзады. Екіншіден, соңғы кезде қаладағы көлік ағыны бұрынғысынан екі-үш есе көбейген. Яғни, жолдарға түсетін көлік жүктемесі бұрынғыдан төрт-бесеге артқан. Сондықтан асфальт жолдардың беткі қабаттары тез бұзылады. Қалай десек те, атқарылып жатқан жұмыстар қала көркіне кәдімгідей оң өзгеріс-
тер әкелгені айқын аңғарылады. Көшелер ретке келтіріліп, жолдар тегістеліп, ерекше бір жинақылық байқалады. Ең бас-
тысы – жүріп-тұруға қолайлы, абаттандырылған, ерекше жарық шамдар қондырылған, жаңғыртып қайта асфальтталған көшелер молая түсті. Әсіресе, тазалық, көгалдандыру жұмыс-
тары бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізілді. Бұрын, жүргізушілердің жүйкесі жұқарып жататын ойқы-шойқы жерлер қазір тақтайдай жазық. Өйт-кені, ойықтарды тегістеу, жеңіл жөндеу, жарықтандыру осыған дейін тек орталық көшелерде ғана орындалып келсе, енді Станционный поселкесі, Красный Яр селосы, қаланың шеткі аймақтарының көше жолдары ретке келтірілуде.
Қазіргі кезде автомобиль саны жедел өсуіне, жолаушылар тасымалдау, көліктер қатынасының ұлғая түсуіне байланысты жолдың сапалы болу қажеттілігі өмір өзі қойып отырған талап. Жолдарға салмақ түсіп, жол қозғалысының қауіпсіздігі маңызды бола бастады. Осының бәрі қаланың көше жолдары желісін жақсартуды, жетілдіруді талап етеді. Статистикаға сүйенсек, жол-көлiк апатының бестен бiр бөлiгiне сол жолдардың шұңқырлана түсуi сеп болады екен. Көше жолдарының жамылғыларының сапасын арттыру үшін арнайы суағарлар жасау, жаңбыр, қар суларының оларға зиян жасамауы үшін арнайы жүйе қарастыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне қарағанда, келер жылы қаланың шеткері аудандарындағы Бейбітшілік, Тәшенов көшелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.
Өмiр керуенi iлгерi тартуда. Ал, көлiксiз күнiң қараң. Көлiк бiткен жолмен жүретiндiктен, жол жағдайына қалайша бей-жай қарай аларсың? Өмiр – тақтайдай түзу болмағанымен, жол қозғалысының бiрден-бiр кепiлi – жолдардың тақтайдай түзулiгi керек. Өмiр көшi дегенге қаратып та солай деуге болады. Бәрi де өз игiлiгiмiз үшiн…

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс