Жол ақысы қымбаттайды

Көкшетау қаласында қоғамдық көліктерде жүру ақысы қымбаттайтын болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде тасымалдаушы компания басшыларының БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды. Тамыз айынан бастап қалалық қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысы 80 теңгеге көтеріледі. Бұған шаһардағы автопарктердің шығындарының шамадан тыс көбейіп кетуі себеп болған. Қоғамдық көлік иелері жол ақысы көтерілмей, оң өзгеріс болмайтынын айтады.

2014 жылдан бері қалада жолақы құны 60 теңге, балалар үшін 30 теңгені құрады. «2014 жылдан бері жолда жүру ақысы өскен жоқ. Одан бері үш жыл уақыт өтті. Өздеріңіз білесіздер, осы аралықта нарықтағы баға да өзгерді. Жанар-жағармай, коммуналдық төлемдерді былай қойғанда, автобөлшектердің бағасы едәуір өсті. Бұл жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге қиындық тудыруда. Олардың тапқан табысы маңдай тер, табан ақыларын ақтамайды. Оның үстіне автопарктер 12 санаттағы 3 мыңға жуық адамды тегін тасиды»,–дейді Көкшетау автобус паркінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Әсия Шәрімова.
Тасымалдаушы компаниялар қала әкімдігіне тарифті көтеру туралы мынадай ұсыныс жасады: жолақы бағасын ересектерге — 80, балаларға — 40 теңгеге дейін өсіру. Негізі, жүргізушілердің шығындарын есептегенде баға бұдан да өсуі мүмкін еді. Бірақ бағаны тым көтеріп жіберуге болмайды. Қалалық мәслихаттың сессиясында тарифті өсіру мәселесі бірауыздан мақұлданды. Айлық жолақы билетінің құны жыл аяғына дейін 6 мың теңге күйінде қалады. Жасыратыны жоқ, облыс орталығында жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың біразы шығынға батып отыр. Сол себепті «Сейнұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Райхан Сейдалинаның айтуына қарағанда, бұл жолғы тарифті өсіру жұмыс орындарын сақтап қалып, техникалық паркті жаңарту үшін ауадай қажет шара.
Баспасөз мәслихаты барысында мәлім болғанындай, жүргізуші мамандарына зәрушілік те байқалады. Көп жағдайда жаңадан жұмысқа орналасқан мамандар өз кәсібіне толық үйреніп үлгермейді екен. Олардың басым бөлігі желідегі жұмыстың ауырлығына шыдамай, жұмыстан өз еріктерімен шығып кетіп жатады. Қоғамдық көлік жүргізушісі болу да оңай емес. Олар таңсәріден тұрып, ел жатқанда жұмыстан қайтады. Мұндай жұмысқа екінің бірі шыдай бермейді. Сондықтан да жастар мұндай қиын жұмысты істегісі келмейді. Жалпы, жүргізуші мамандығына еліміз бойынша сұраныс көп болса да, жеткілікті көңіл бөлініп отырған жоқ. «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізуші мамандығына оқыту қарастырылмаған. Осы мәселе бойынша үкіметке ұсыныстар жолданды. Әзір нәтиже жоқ.
Облыс орталығында соңғы жылдары жаңа мөлтек аудандар, қаз-қатар бой түзеген әсем үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Соған сай жаңа маршруттар ашу қажеттілігі туындап отыр. Қала тұрғыны Жұмабек Өміралин жаңа мөлтек ауданға бару үшін кей кездері екі автобусқа мінуіне тура келетінін тілге тиек етті. Яғни, ара қашықтық бұрынғыға қарағанда ұлғайды. Осы жағынан алғанда қоғамдық көліктерде басқа инвестиция көзі болмағандықтан, бар табысы тек қана жолақыға қарап отырғаны түсінікті. Дегенмен, бізде оқушылар мен студенттерді жолақы билетімен қамту жайы кемшіндеу. Осы жағы ретімен шешілсе жөн болар еді.
Қаладағы тасымалдаушылар қабылдаған шешімге сәйкес, Көкшетау қаласындағы барлық бағыттарда автобустармен тегін жүру құқығына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, фашистік лагерь тұтқындары, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, интернационалист- мүгедектер, «Халық Қаһарманы» атағы барлар, көзі көрмейтін 1-ші топтағы мүгедектер, Чернобыль АЭС апатын жоюшылар, Ұлы Отан соғысының құрбандарының жесірлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағы бар адамдар ие.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс