Жол сапасы жіті бақылауда

Кеше, сәрсенбі күні Көкшетау қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті жиыны өтіп, кеңес мүшелері қала тынысына қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – қаладағы жаяу жүргіншілер жолының сапасына қатысты Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Жанат Естаулетовтың баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, биыл Вавилов көшесінен Н.Назарбаев даңғылына дейінгі жолдың күрделі жөндеуінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Көкшетау-Красный Яр автожолын қайта жаңартуға бюджеттік өтінім берілді. Абылай хан даңғылы мен Ғабдуллин көшесінің қиылысын жөнге келтіру жоспарда бар. Қылшақты өзені арқылы өтетін Капцевич көшесіндегі автомобиль жолы көпірін жаңартуға 1 млн теңге бөлінді. №8 мектеп ауданындағы Қылшақты өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін қайта жаңартуға, сол сияқты Бейбітшілік шағын ауданы, Застанционный кентінде Маяковский, Чайкина, Ақан сері, Затаевич көшелерінің орташа жөндеуіне конкурстық рәсімдер өткізіледі. Қалада 127 бағдаршам бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін нысандарды бейімдеу жұмыстары жалғасуда. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қала көшелеріндегі жолдардың сапасына қатысты сын айтылды. Қалалық мәслихаттың хатшысы Р.Қалышевтың айтуынша, біріншіден, бірқатар көшелер тар. Көлік қоюда қиындық тудырады. Қаражат игерілсе де кейбір жөндеулер көңілден шықпай отыр. Айталық, Абай-Пушкин көшелеріндегі ойдым-ойдым жол көлік ағынына кедергі келтіреді. Әуелбеков көшесі бойындағы Каспий банк ғимаратының маңында арнайы жол белгілері орнатылса да, көлік қоятындар көп, талап сақтала бермейді. Облыс-
тық аурухана аумағында сағаттап тұратын жеке көліктер жүріп-тұруға кедергі келтіреді. Осындай жөнсіздіктердің алдын алу үшін халық қалаулысы заң талаптарын орындамағандарға айыппұл салуды ұсынды. Баяндамашыға Ш.Әлиев, Б.Сәрсенбаевтар да жол сапасы, қоқыс мәселесіне қатысты сұрақтар қойды.
Жиын барысында Көкшетау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекшісі Қанат Ысқақов коронавируспен күрес бойынша жүргізіліп жатқан шаралар жөнінде баяндады. Оның мәлімдеуінше, пандемия басталғалы 10 910 науқас тіркелген. Қазіргі күні 537 адам стационарлық, 234 адам амбулаторлық ем қабылдауда. КВИ бойынша балабақшаларда 40, мектептерде 96, студенттер арасында 18, медициналық қызметкерлер арасында 54 жағдай тіркелген. 1 тамыздағы мәлімет бойынша қалаға 55449 доза вакцина түсті. Алғашқы компонентпен 50485 адам, екінші компонентпен 32024 адам егілді. Қазіргі уақытта қала бойынша 17 егу кабинеті, 4 мониторингтік топ жұмыс істеуде.
Жиынды аталмыш қоғамдық кеңестің төрағасы
Б.Бегалин жүргізді. Кеңеске Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары С.Құдабай, қалалық мәслихаттың хатшысы Р.Қалышевтар қатысты.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий