Жомарт жүрек жақсылыққа жетелейді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса қайырымдылық саласындағы жыл сайынғы «Жомарт жүрек» сыйлығын табыс етті.

Жан баласына жақсылық жасау үшін асып-тасқан дүние- байлықтың қажеті жоқ. Сәл ғана мейірім болса жеткілікті. Бұл жүлдеден әлеуметтік маңызы бар, қайырымдылық жобаларды тиімді жүзеге асырғаны үшін, қоғамдық маңызы бар шараларға белсене араласқан ұйымдар кенде қалмады. Азаматтық ұстанымы мен әртүрлі бағыттағы ауқымды қайырымдылық қызметі үшін «Гормолзавод» ЖШС директоры Ерсайын Жақсылықов, «Доброе сердце Lider.kz» қоғамдық қорының жетекшісі Ирина Катухова, дәрігер Татьяна Спиглазова, «Ана үйі» дағдарыс орталығының үйлестірушісі Құралай Жұмабекова және «М-Ариастрой» құрылыс компаниясының басшысы Әбуязит Муталиевтерге «Жомарт жүрек» сыйлығы табыс етілді.
«Адамзат үшін пандемия ерекше сынақ болғаны рас. Қысылтаяң шақта еріктілер тез жұмылып, мемлекет пен қолдауды қажет ететіндер арасындағы көпір бола алды. Осы кезеңде мыңнан астам еріктілер көмекке асықты, олардың көпшілігі табысты және өзін-өзі қамтамасыз ететін адамдар», – деп атап өтті қала басшысы.
«Жыл меценаты» аталымына ие болған облыстық аурухананың анестезиология және реанимация бөлімшесінің медбикесі, Қазақстанның «Қызыл Жарты Ай» қоғамы облыстық филиалының еріктісі Татьяна Спиглазова бірнеше жылдан бері «Вера в добро» қоғамдық қорын басқарып келеді. Сегіз жылдан астам уақыт бойы ол ауыр науқастарға күтім жасауға көмектеседі. Т.Спиглазова төсекке таңылған жандар үшін қолданылатын жақпа майын жасады. Төтенше жағдай және күшейтілген карантиндік шаралар кезінде ол еріктілермен бірге азық-түлік жиынтығын алып, науқастарды стационардан үйлеріне жеткізді. Тек 2020 жылдың өзінде 700-ден астам рет жолға шықты. Денсаулығындағы қиындықтарға, мүгедектігіне қарамастан балдақпен қозғала отырып, Татьяна Владимировна өз қамқорлығындағы адамдарға күтім жасауды жалғастыруда. Оның жанқиярлық еңбегі, паллиативті көмек және жалпы медицина саласындағы ерен еңбегі, сондай-ақ, гуманизм мен адамгершілікті ұстануын әлемдік медициналық қауымдастық оң бағалап, мойындады: маусым айында Т.Спиглазова Флоренс Найтингейл медалімен марапатталды. Қазақстан тарихында бұл медальға 5 адам ие болса, Татьяна Спиглазова Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Орта Азияда жоғары наградаға ие болған бірден-бір адам.
Қала әкімі Бауыржан Ғайса Спорт күні қарсаңында саланың барлық қызметкерлерін құттықтады. №7 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің триатлон жаттықтырушы-оқытушысы Сергей Приходько облыс әкімінің алғыс хатын алды. Қала әкімінің алғыс хатымен бірқатар жаттықтырушылар мен спортшылар марапатталды. Олардың қатарында пауэрлифтингтен ҚР спорт шебері Эльза Голь, қазақ күресінен спорт шеберіне кандидат, жоғары санатты төреші Жасұлан Мусипов, армрестлингтен спорт шебері, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері Кристина Наконечная және басқалар бар.
«Кәсіби спортшылардың еңбегі бaғаланып, бұқаралық дене шынықтыру басымдыққа ие бола бастағанын атап өткім келеді. Спорт мектептері мен секциялар жұмыс істейді. Олардың жұмысын жүргізіп отырған 549 жаттықтырушының 89%-ы жоғары білім алды. Пандемиямен байланысты қиындықтарға қарамастан, спорт дамуын жалғастыруда, ал біздің атлеттер өз жанкүйерлерін жаңа жетістіктерімен және жарқын жеңістерімен қуантуда», – деп қорытындылады Бауыржан Сейітқалиұлы.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий