Жоспарланған жұмыстар жүйелі жүзеге аспақ

Қала және аудан әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесулері басталды. Алғашқы кездесу Станционный кентінде өтті.

Шара алдында халықты түрлі мекеме, кәсіпорын басшылары №7 орта мектептің фойесінде қабылдап жатты. Тұрғындардың басым бөлігін коммуналдық төлем, жер учаскесіне қол жеткізу сияқты мәселелер толғандырады. Кент тұрғыны, тыл ардагері Лидия Буграцевич пәтерінде жалғыз өзі тұрады. Үнемшіл әжей «Көкшетау Су арнасы» ЖШС тіршілік көзіне қатысты төлем қағазы келгенде шошып қалдым дейді. Себебі, бұл жалғыз адам тұтынған судың текшесі саналған қаржы емес, одан бірнеше есе көп. Мекеме басшысының міндетін атқарушы Ермек Өмірғалиев қарияның қолында бар төлем қағаздарын мұқият қарап шығып, назарға алатынын жеткізді. Ал, жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Қанат Сабыржановқа жолыққан заңгер DSC_0029Айгүл Қалқаманова Станционный кентінде жеке кәсібін жүргізгісі келетін кәсіпкердің өтінішін жеткізді. Учаске бөлінсе, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Сондықтан, бәрін заң жүзінде жүзеге асыру керек. Бұл күні мекеме басшыларына өтінішпен келген тұрғындар қатары көп болған жоқ. Олардың басым бөлігі қала және кент әкімдерінің есебін тыңдауға асыққан сияқты.
Станционный кентінде бүгінгі таңда 2500-ге жуық халық тұрады. Оның 300-дейі зейнеткерлер. Араларында «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін иеленген, елге сыйлы азаматтар бар. 6 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтып отыр. Соңғы бір-екі жылда кент жаңарып, жақсарып қалды дейді тұрғындар. Халықтың жүзіне күлкі үйіріліп, көңілдері көтеріңкі жүретінін де жасырмады. Көшелер жөнделіп, жарықтандырылып жатыр. Аулаларды абаттандыру да қолға алынған. Пәтерінде бүрсең қағып отырған ешкім жоқ, жайлы да жылы.
Станционный кентінің әкімі Ардақ Тасқынбай өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бар назар осы елді мекенді дамытуға аударылған. Қандай көшелердің жолы жаңарып, тротуарлар төселіп, қайсысы биыл жасалатынын сызып тұрып көрсетті. Жиынға қатысып отырған қала әкімі Амангелді Смайылов сапаға назар аударуды қатаң тапсырды. Әсіресе, жол жабындысы талапқа сай болуы керек және тротуарларды аздап кеңейткен жөн. Биыл Станционный кентінің ішкі жолдарын жөндеуге 52 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылғы қаржыдан екі есе көп. Әр тиынды тиімді пайдаланып, сапалы жұмыс істейтін кәсіпорындарды тарту қажет делінді жиында. Соңғы төрт жылда кенттің бюджеті өсіп келеді. Еңбекке қабілетті 1240 адам тұрақты жұмыспен, 27 адам өзін-өзі қамтып отыр. Соңғы екі-үш жылда кентте екі қабатты екі үйдің аулалары жөнделіп, 2 ойын алаңы, жасанды жабыны бар 1 шағын футбол алаңы және 1 мұз айдыны орнатылған. Ішкі жолдар жамалып, жаңартылған. Кентте шағын бизнеспен айналысуға барлық мүмкіндіктер бар. Соған орай қала әкімі осы жерде жеке кәсібін ашып, жұмыс істеп жатқан кәсіпорын иелеріне енді өз қызметкерлеріне баспана салуды қолға алатын уақыт жетті деді. Инвесторларды көптеп тартуға назар аударылып жатқаны да көңілге қонымды.
Шаһар басшысы Амангелді Смайылов кент тұрғындары алдында Көкшетау қаласын дамытуға қатысты өткен жылы атқарылған істерге тоқталды. Өнеркәсіп секторында 94,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 5,1 млрд теңгені құраған. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол 186,2 мың шаршы метрді құрады. Орташа айлық жалақы 143 мыңнан асты. Шағын және орта бизнес саласы да дамып келеді. 618 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінде «Сарыарқа» мөлтек ауданын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қопа көлінің жағалауын абаттандыру биыл аяқталады деп жоспарланған.Қала әкімі Амангелді Смайылов кент басшысының жұмысына оң бағасын берді. Себебі, ол өзі жетекшілік етіп отырған елді мекеннің гүлденуіне ниетті жан. Кент тұрғындары да жергілікті басшылықтың жұмысына алғыстарын айтты. Дегенмен, түйінді мәселелер де бар. Оны кенттің белсенді тұрғындары өздері ашқан WhatsApp парақшасында тұрақты көтеріп тұрады. Халықтың сауалдары әртүрлі болды. Бірін газ мәселесі толғандырады. Көптен бері газ баллондарын тасымалдау тоқтап қалған. Шаһар басшысы бұл мәселені сол жерде тиісті мекеме басшысына жолдап, шешуді тапсырды. Ал, тағы бір тұрғын бу қазандығында пеш жағатындардың жалақысы тым төмен екенін жеткізді. Қала әкімі бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысына осы мәселені тексеру қажет деді. Зейнеткерлер почта жұмысының кемшіліктерін алға тартты. Бұрынғыдай бөлімше жұмыс істемейтіндіктен зейнетақы, газет-журнал жеткізу мәселесі шешімін таппай отыр. Почташының мардымсыз жалақысы да осы жерде айтылды. Балалардың ойын алаңын жасап беру жайы да қозғалды. Кент тұрғыны, бұрынғы мектеп басшысы Алтынай Есләмбекқызы бірнеше жәйтті алға тартты. Бұл теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған жандардың баспанасын жылу жүйесіне қосу, қоқысты уақытында шығару, жергілікті арнадан берілетін құттықтау бағдарламасына көкшетаулық әншілердің орындауындағы шығармаларды қосу. Кенттің тазалығына тұрғындардың өздері жауапты болуы тиіс дейді тұрғын. Көкшетау қалай көркейіп келе жатса, станциондықтар да содан үлгі алып, өздері тұратын елді мекеннің таза әрі әсем болуына жанашырлық танытуы керек. Бұл туған жерге деген сүйіспеншілікпен астасып жатыр. Қала және кент әкімдерінің есебіне халықтың көңілі толды. Олар өздері тұратын елді мекеннің одан әрі гүлдене беретініне сенімді. Себебі, жанашыр басшы бар. Тек оған қолдау қажет. Ал, жоспарланған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге аспақ.

Қала әкімі Амангелді Смайылов есепті кездесуін Красный Яр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінде жалғастырды.

DSC_3591Алдымен Красный Яр селолық округінің әкімі Нұрлан Айсиннің тұрғындар алдында жасаған баяндамасында округте былтыр да ауқымды жұмыстар атқарылғандығы айтылды. Жол жөндеуге, көшелерді жарықтандыруға бөлінген қаражат толық игерілген. Соңғы жылдары Красный Яр селосы да шағын және орта бизнесті дамыту арқылы бірқатар нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Былтыр селодағы 6 тұрғын шағын несие алуға қол жеткізген. Күзгі-көктемгі қар еріген кезде Қылшақты өзеніне жақын орналасқан елді мекендерді су басып қалу қаупі бар екендігі белгілі. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында үздіксіз мониторинг жүргізіліп, елді мекенге қауіп төндіретін көпірлер, бөгеттер бақылауда ұсталғандығын жеткізді Н.Айсин.
Қала әкімі өз баяндамасында нақты нәтижелер мен сапалы өнім қорытындыларын жіпке тізді. Іс пен нәтижені бір арнада тоғыстырып, ел көкейінде жатқан сауалдарды дөп басты. Келешекте қолға алынатын бұлыңғыр жобаларды емес, нақты атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды, сондай-ақ, білім, құрылыс, инвестиция, өнеркәсіп кешені бойынша жасалған жарқын істерді баяндады. Тұрғындарды жұмыспен қамту, тұрғын үй шаруашылығын жаңарту, қаланы көркейту және көріктендіру бағдарламаларының қалай орындалып отырғанына талдау жасады. Жол жөндеу, мектеп пен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің құрылысы мәселелерін қозғады.
Айрықша атап өтерлік жаңалық – ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс өресін көтеру үшін қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Красный Яр селосында ауқымды шаралар қолға алынбақ. – Биыл бағдарлама шеңберінде 30-ға жуық көше жөнделеді. «Нұрлы көш» ауылын көркейту жұмыстарына 50 млн теңге қаражат қарастырылып отыр. «Көкше» мәдениет үйін жөндеуге 241 млн теңге бағытталмақ. Бағдарлама аясында Симферополь, Бейбітшілік, Шәкеев, Сейфуллин көшелеріне жылу трассалары өткізіледі. Жоба үш кезеңді қамтиды. 280 орындық балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Осы бағдарлама аясында ел дамуының алтын бесігі болған ауылдар қарқынды дамиды. Бұл жоба алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге бастайтыны сөзсіз, – деп атап өтті қала басшысы Амангелді Смайылов. Осы ретте қала әкімі Красный Яр селолық округінің әкімі Нұрлан Айсинге жөнделетін, жылу желісіне қосылатын көшелердің тізімін жасап, әлеуметтік желіге жариялауды тапсырды.
Бұдан соң кезек округ тұрғындары тарапынан өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қоюға, ұсыныс пен тілек, ой-пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Кездесуде тұрғындар аурухана жөнделсе, Симферополь мен Ұмышев көшелерінің бұрылысына бағдаршам орнатылса, көше жолдары қардан уақытылы аршылса, Нұрлы көште саябақ ашылса деген өтініш-тілектерін алға тартты. – Аурухананың жағдайын біліп отырмыз. Алдағы уақытта бұл саланың да кем-кетігі жөнделеді, барлық айтылған мәселелер бақылауда, – деген жауап қайтарды қала басшысы.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан Красный Яр атауы Қызылжар болып өзгертілсе, селодағы бұрынғы универмаг ғимаратының орнына кәсіпорын не шағын базар салынса деген ұсыныстар айтылды. Селодағы аялдама маңына жол белгілерін қою, балалар үшін арнайы үйірмелер ашу, жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру үшін спорт орталығын ашу мәселелері бойынша тиісті түсініктеме айтылды.Кездесуде Элита поселкесінің тұрғындары іргелеріндегі қоқыс полигонын жабуды талап етті. – Желді күндері ауыл маңына қоқыс қалдықтары ұшады. Жазда көңірсіген иістен тұншығамыз. Полигон аумағында қаңғыбас иттер де жүреді. Полигон осынша көлемдегі қоқысқа арналмаса да, қаланың бар қоқысы бізге келеді, – дейді елді мекен тұрғындары. Мамандардың айтуынша, ережеге сай полигон елді мекеннен алыс орналасуы тиіс. Жыл өткен сайын қаладағы қоқыс полигондарының аумағы артып келеді. Шығарылған қоқыстың көлемі көбеймесе, азаймасы анық. Осы орайда тұрмыстық, өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін қолға алу керектігін айтады тұрғындар. «Қоқыс мәселесі Көкшетаудағы полигон жабылғаннан кейін туындап отыр. Өңірде «жасыл» технологияға негізделген қоқыс өңдейтін ірі зауыт салынса біраз мәселе шешімін табар еді. Әрине, бұған субсидия, қосымша қаражат қажет. Экологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін табиғатты қорғау полициясы да заңсыз қоқыс төгетіндермен күресті күшейтуі тиіс», – деді қала басшысы.
Кездесуде тұрғындар тарапынан үйлер арасындағы жолдарды жөндеу, кейбір қалаішілік автобустардың жүру жиілігін үйлестіру секілді мәселелер көтерілді. Әкім бұл салаға қатысты тұрғындар талабы сұрыпталып, тиімді жақтарын ескере отырып, қалаішілік бағыттарға шағын көліктерді тарту мүмкіндігін қарастыру қажеттігін жеткізді.
DSC_3519Қала басшысы селода тыйылмай тұрған құқықбұзушылықтарды сынға алды. Осы ретте тәртіп сақшыларына шамдарды қиратқандар, ағаштарды сындырғандар мен өз үйінің айналасын таза ұстамайтындарға айыппұл салу арқылы тұрғындарды да тәртіпке үйрету қолға алынуы тиіс екендігін айтты.
Жалпы, округ тұрғындары жасалған баяндамаларды мұқият тыңдап, арнайы дайындалған слайдтар арқылы түрлі салаларда атқарылған істерді көріп, қанағаттанатындықтарын жеткізумен қатар, қала басшылығына ризашылықтарын білдіріп жатты. – Қандай жағдайда болмасын басталған құрылыстардың, әлеуметтiк саладағы нысандардың жұмыстары тоқтамайтынын көрiп отырмыз. Селолық округ әкiмi қарамағындағы барлық қызметкерлерiмен ауызбiрлiкте еңбек етiп, елге қызмет атқарып келе жатыр. Биыл да жергілікті биліктің қолға алуымен селода біршама оң өзгерістер, игілікті істер қолға алынатынын естіп қуанып отырмыз. Мұның бәрі қала басшысының істен нәтиже көрсете білетін біліктілігінің арқасы деп білеміз, – деп DSC_3597«Нұрлы көш» ауылы тұрғындарының атынан алғыс білдірді Туғанбай Жырғау.
Кездесулерде көтерілген мәселелерді қорытындылаған қала басшысы: «Айтылған мәселелер бүгін ғана туындап отырған жоқ. Сондықтан, мұның барлығы бір күнде шешіліп кетпейді», – деп халықты бірлікке үндеп, селоны бірге көркейтуге шақырды.

Есептік кездесу Застанционный кентіндегі №14 орта мектепте жалғасын тапты. Ол жерде де бірқатар әлеуметтік мәселелер көтеріліп, халықтың мұң-мұқтажы тыңдалды. Жиналғандар алдында шаһар басшысының дайындаған баяндамасын Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Сағындық Шабаров оқып, DSC_3600қойылған сауалдарға жауап берді.

Тұрғындарды ұзақ жылдардан бері ең өткір қалпын сақтап келе жатқан жол сапасы, абаттандыру жайы алаңдататыны аңғарылды. Тұрғындар тұрмыстық қалдық мәселесін әр кездесу сайын көтеріп жүр. Осы ретте, қала әкімінің орынбасары С.Шабаров белгіленбеген жерге қоқыс үюшілермен санитар мамандар мен жергілікті полиция айналысу қажеттігін, осылайша айыппұл арқылы тұрғындарды да тәртіпке үйрету қолға алынуы тиіс екендігін айтты.
IMG_20200122_103956Тұрғындар көшелердегі қардың аршылғанымен, уақытылы тасымалданбайтынын, ал үйілген қардың көктемде еріп, су басу қаупін туғызарына алаңдаушылықтарын білдірді. Қоқыс жәшіктерінің де үнемі толып тұратынына да қатысты сын айтылды. Бұған қатысты «Тазалық» мекемесінің директоры Олег Топорков: – Тұрғындардың көбі коммуналдық төлемдерді төлемейді. Осындағы тұрғындардың берешегі 8 миллион теңгеге жетіп отыр. Жер үйлер қоқысқа күл төгетіні де жасырын емес. Бірақ жер үйде тұратындардың көбі «бізде қоқыс жоқ!» деп коммуналдық кәсіпорындармен келісімшарт жасаудан бас тартады. Бұдан былай коммуналдық қызметке төлем жасалмаса қоқыс контейнерлерін алып тастаудан басқа амал жоқ! – деп түсінік берді.
Әлия Омарова есімді зейнеткер өткен жылы көктемгі су тасқынының салдарынан үйінің едені опырылып, қабырғалары сыз тартқанын айтып осы округтің депутаты Мәди Елубаевтың алдына барғанда, халық қалаулысының өтінішін жерге тастамай, қиыршық тас, цемент әкеліп көмек көрсеткеніне шынайы алғысын білдірді.
IMG_20200122_103801Аға буын өкілдері округте жаяу жүргіншілер жолының жақсарып, жаңа мешіт құрылысының қарқынды жүріп жатқанына алғыстарын жаудырып, алдағы уақытта жаңа аурухана, мәдениет үйі салынса деген тілектерін жеткізді. Ұстаздар қауымы округтегі жалғыз мәдени ошақ – кітапхананың тарлық етіп отырғанын, оқушы жастарға спорт алаңы салынса деген өтініштерін алға тартты. С.Шабаров өз сөзінде спорт алаңын салу жоспарда барын, әзірге нақты орны белгіленбегенін жеткізді.
Кездесуде былтырдан бері қалада жасалып жатқан оң өзгерістерге алғыс білдірген азаматтар аз болмады. Бір атап өтерлігі – соңғы жылдары мәселелердің ауқымы да, сипаты мен бағыты да айтарлықтай өзгерген. Егер бұрын жұмыссыздықты жою, зейнетақыны көбейту секілді мәселелер көтерілсе, биылғы есепті кездесулерде сұрақтардың дені тұрғындардың өмір сапасын арттыруға қатысты болып отыр. Атап айтқанда, қала көшелерін көркейту, жеке тұрғын үй құрылысы, шағын-бизнес кәсіпорындары үшін жер бөлуге қатысты сұрақтар басым түсті. Демек, енді өсудің, көлемді жобаларды іске асырудың және іскерлік белсенділікті арттырудың уақыты келгенін мойындау керек.

Мүмкіндігінше көмек көрсетіледі 

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келгендер баспана, жер, әлеуметтік мәселелермен жүгінді.
Қала тұрғыны Антонина Калова қоғамдық көліктерде тегін жүру тәртібін білгісі келетінін айтты. Қазіргі күні шаһардағы қоғамдық көліктерде электронды жолақы төлем жүйесі іске қосылды. Сала мамандары арнайы көлік карталары қалалық әкімдік пен мәслихаттың бірлескен қаулысымен бекітілген 15 жеңілдік санатындағы азаматтарға ғана тегін берілетінін айтып түсіндірді. Тегін төлем картасына қол жеткізу үшін жеңілдікті растайтын тиісті құжаттар мен жеке куәлікті ұсыну қажет. Жеңілдігі бар көлік картасы атаулы болып табылады және оны үшінші тұлғаларға пайдалануға беруге болмайды. Бұрын жеңілдікпен жүретін тұрғындардың жолақысы тасымалдаушы ұйымның өз есебінен төленіп келсе, енді аталған соманы қалалық бюджет төлейді. Өтініш иесі қалада жылу, жарыққа байланысты апатты жағдай орын алғанда хабарласатын анықтама телефондарын көпшілік біле бермейтінін алға тартты. Әкім айтылған ұсыныстың ескерілетінін жеткізді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Красный Яр селосында дәрігерлік қызмет атқарып жатқан Нұрсұлтан Қалиев тұрғын үй алу үшін бюджеттік кредит алуға қатысты мәселемен келген. Заңгерлер жас маманға баспана алудың жолдарын түсіндірді. Станционный поселкесінде ірі қара өсірумен айналысатын Сергей Шмаков шаруашылық үшін қосымша жер телімін алуға қолдау көрсетуді өтінді. Өтініш иесіне мүмкіндігінше көмек жасалатыны айтылды.

Тұрғындар өтінішін тыңдады

Көкшетау қалалық әкімдігіне қарасты бөлім жетекшілері Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінде шаһар тұрғындарымен кездесу өткізді. Оның барысында түрлі сала өкілдері өтінішпен келген жұртшылықты жеке-жеке қабылдап, сауалдарға жауап берді.
Кездесуге келгендер негізінен жол, жарықтандыру, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жөнделуі, баспана мәселесіне қатысты сұрақтарын қойды. «Мен «Бейбітшілік» шағын ауданындағы жол мәселесінің қалай шешілетінін білуге келдім. Осында қабылдаған бөлім басшыларына барлық жағдайды жеткіздім. Жалпы, осындай қабылдаулар өткізіп тұрса жақсы болар еді, әйтпесе қаланың әр жеріне барып-жүру оңай емес» деген ойын айтты қала тұрғыны Анар Оспанова. Қала тұрғыны Меруерт Жүнісова да мұндай қабылдау жүргізу өте ыңғайлы екенін алға тартты: «Өзімді толғандырып жүрген баспана мәселесін осы жерде қарастырып алдым. Үй кезегінде 223-ші болып тіркелгенмін. Электрондық үкімет порталы арқылы кезектің қанша адамға жылжығанын көріп отырамыз. Жұбайыммен төрт бала тәрбиелеп отырмыз. №18 мектеп-лицейінде оқитын екі баламыз тегін тамақпен қамтылған. Соңғы уақыттағы әлеуметтік саладағы оң өзгерістер көңілге қуаныш ұялатады». Жұртшылықты негізінен тұрғын үй, қоғамдық тәртіп, балабақша, мектеп, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтік жәрдем мәселелері толғандыратыны байқалды. –Халықтың мұндай кездесулерде айтқан барлық мәселелері жинақталады. Кейін біз оның шешілу жолдарын қарастырып әрі қарай жұмыс істейміз. Бұған дейін №21 мектепте өткен кездесуде де тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды, – деп атап өтті Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Жүсіпов.

Бетті дайындағандар: С.ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, Г.БӘЙІШЕВА, Ә.ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий