Жоспарланған жұмыс уақытылы орындалуы тиіс

«Регион Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс салуда фин технологиясы мен энергияны үнемдеу әдістерін тиімді пайдалануда. Қопа көлінің жағалауында шығыс сәулет өнерінің классикалық үлгісімен салынып жатқан Неке сарайы қаланың көрікті орнына айналмақ.

Қала басшысы Боровской, 55 «а» мекенжайындағы 60 пәтерлік арендалық-коммуналдық тұрғын үй құрылысын жүргізуші бас мердігер «Электросетьстрой» серіктестігінің жұмысын сынға алды. Өткен жылдың желтоқсан айында тапсырылуы тиіс нысан межелі мерзімнен кешігуде. Сол себепті алдағы аптада жұмыс барысын тағы бір бақылайтынын ескертті, құрылысшыларға белсенді жұмыс жүргізуді тапсырды. Бұдан соң қала басшысы «Регион Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр қолға алған 90 пәтерлік тоғыз қабатты панельді тұрғын үй құрылысы алаңындағы жұмыстармен танысты. Қазір бұл нысанда әрлеу жүріп жатыр. Бес жыл бұрын Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған комбинат қабырға панелі, төбе жабынды және қоршаулар, түрлі құрылымдарды жабуға арналған плиталар шығарады. Кəсіпорын басшысы Александр Дворцевойдың айтуынша, алдағы уақытта қалада бірнеше панельді тұрғын үйлер тұрғызу жоспарланған. Оның алғашқысы пилоттық жоба ретінде «Юбилейный» мөлтек ауданында салынуда. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Нысанды жақын арада пайдалануға беру көзделіп отыр. Атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп шыққан қала басшысы тұрғын үйлердің сапасына мән берді.
–Жоба құны 750 миллион теңгені құрап отыр. Көпқабатты тұрғын үйде 18 үш бөлмелі, 36 екі бөлмелі және осыншалықты бір бөлмелі пәтерлер болады. Ішкі бөлмелердің аумағы кең. Қабырға панельдері үшқабатты, ортасына 18 см пенопласт плиталар салынады. Құрылыс нысаны фин технологиясымен салынуда. Ірі панельді үйлер тез салынады. Бұрын 90 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй монтажына екі аптадан артық уақыт жұмсалса, біздің құрылысшылар осы жұмысты тоғыз күнде аяқтады. Қазіргі кезде ғимараттың бес қабаты тұрғызылды. Үй құрылысына энергия үнемдеу технологиясы қолданылуда,–дейді кәсіпорын басшысы Александр Дворцевой.
Қалада құрылыс қарқын алғандықтан, құрылысқа қажетті материалдар сататын орталықтар үлкен сұранысқа ие болуда. Соның бірі – Мир көшесінің бойындағы «Айлин Строй» сауда үйі. Сауда үйінің директоры Ферая Загрееваның айтуынша, құрылыс материалдарының көбі отандық. Ресей мен Қытайдан да материалдар жеткізіледі. Үш қабатты ғимаратта жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс заттарының түр-түрі бар. Қала басшысы Сүлейменов көшесі бойындағы тұрғын үйлердің бірінші қабатынан ашылған фитнес клубтың жұмысымен танысты. Қазіргі күні мұнда 15 адам жұмыс істейді. Тұрғындарға фитнес клуб қызметін пайдалануға кең мүмкіндік бар. Түрлі денешынықтыру жаттығуларын жасағаннан кейін келушілер тренажер залында орналасқан құрылғыларды пайдаланады. Күніне 50 адам жаттығады. Бүгінде адамдардың басым бөлігі салауатты өмір салтын ұстанады. Қалада жаңа спорт нысандарының, демалу және спортпен шұғылдану алаңдарының пайда болуы да бұған өз септігін тигізуде. Нұсқаушылардың пікірінше, үйде жаттығу жасау мүмкін болмағандықтан адамдар спорт залдарына барады. Ал, мұнда жаттығуға қажеттінің бәрі бар, керек болса, тәжірибелі нұсқаушы да өз кеңесін береді.
Көгілдір Көкшетау биыл да көркем ғимараттармен толыға түспек. Солардың қатарында қала басшысы атбасын тіреген заманауи Неке сарайының құрылысы да бар. Көптен күткен нысанның шаңырақ түрінде салынып жатқаны жақсы ниет, шайқалмайтын шаттығымыздың салтанатын асыра түсетіні де қуанышқа бөлейді. Құрылыс қаланың көрнекті жерінде, Бұқпа тауының етегі мен Қопа көлінің жиегінде екпіндете салынып жатыр. Қос қабатты ғимарат шығыс сәулет өнерінің классикалық үлгісін бүгінгі үрдіспен үндестіре қабыстыратынын айтады мамандар. Құрылыс жұмыстарымен танысқан қала әкімі Е.Маржықпаев жергілікті құрылыс материалдарын пайдалана отырып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс