Жоспарлы іске  серпін берілді

«Нұр Отан» партиясы Көкшетау аумақтық филиалының 27-ші есеп беру сайлау конференциясы өтіп, бастапқы ұйымдардың атқарған жұмыстары жайлы баяндамалар жасалды. Жиын барысында Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауындағы межеленген міндеттерді еңсеру бағытында жаңашылдықтарға басымдық беру туралы айтылды. Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, делегаттар, БАҚ өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының құрамында 6 мыңнан астам адам бар. 46 бастапқы партия ұйымдары жұмыс істейді. Мүшелікке енген жандардың басым бөлігі білім саласының қызметкерлері. Елбасы алға қойған міндеттердің жергілікті жерде дұрыс жүзеге асырылып, бюджеттік қаржының тиімді жұмсалуын тікелей бақылауға алатын партия белсенділері тарапынан биыл екі мыңға жуық шаралар ұйымдастырылыпты. Филиалдағы қоғамдық қабылдауға жеке мәселелері бойынша келетін тұрғындар көп. Биыл 600-ден астам адам тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жұмыссыздық, баспаналы болуға қатысты мәселелермен көмек сұрап, өтініш білдірген. «Нұрлы жер» бағдарламасына орай ұйымдастырылған бірыңғай кеңес алу күнінің пайдасы тиіпті. Соның арқасында қарапайым халық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшысына көкейдегі сауалдарын қойып, баспаналы болудың шарттарын біле түскен. «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша биыл 60-тан астам адам жұмыспен қамтылып, мектепке баратын 435 балаға жеке кәсіпкерлер мен партия мүшелері тарапынан 4 миллионнан астам қаржыға көмек көрсетіліпті. Осы және тағы да басқа атқарылған жұмыстар туралы «Нұр Отан» партиясы қалалық  филиалы төрағасының орынбасары Зәуреш Нұрымова баяндады.

Қалалық білім бөлімінің жетекшісі, «Білім» бастапқы партия ұйымының төрағасы Бейбіт Жүсіповтің айтуынша, мекемеде бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын қадағалайтын комиссия жұмыс істейді. Мектептерде «Адал ұрпақ» атты еріктілердің 25 клубы ашылған. Білім ошақтарындағы асханаларды жаңарту үшін 80 миллион теңге қарастырылған. Алайда, қала мектептеріндегі үш ауысымдық оқу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Заман талабына сай білім ошақтарында тегін IT сыныптарын ашу жұмыстары әлі кенже қалып тұр. Бұл жайында конференцияға қатысып отырған «Нұр Отан» партия-сы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағамбетов ескерту жасады. Өйткені, Астрахан
ауданында биыл – 10, Зеренді ауданында – 7 осындай сыныптар ашылған. Ал, қалада тек екі тегін сыныптың ашылуы сын көтермейді. Сондықтан осы мәселені және үш ауысымдық оқу жағдайын қатаң бақылауда ұстау және ұсыныс тастау қажеттігі айтылды. Көкшетау қалалық емханасының бас дәрігері Ғалия Сабатаеваның айтуынша, емдеу мекемесінде 754  медицина қызметкері 80 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. 142 дәрігер бар. 118 адам бастапқы партия ұйымының мүшесі. Олар денсаулық сақтау мәселесіне қатысты барлық шаралардың бел ортасында жүреді. Жаңа жылдан бастап дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы өседі. Ол да жұмыстың сапасына әсер етуі мүмкін. Қағазсыз қызмет көрсету шаралары келесі жылы жалғасын таппақ. Бұл жаңа 13 учаскенің құрылуымен  байланысты болып отыр. Биыл тағы 3 учаске ашылады. Қазір Жайлау мөлтек ауданында 4 мың адамға қызмет көрсететін учаске жұмыс істеп жатыр. Бұл емдеу мекемесінің жүгін жеңілдетуде.

Қалалық өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі, «Адал жол» бастапқы партия ұйымы төрағасының орынбасары Андрей Подгурскийдің айтуынша, жеке ісін ашқысы келетін жандарға жер учаскесін алуда қиындықтар көп. Биыл 91 миллион теңгенің 23 жобасы қанағаттандырылған. Бір кемшілік, қалада дайын өнім шығаратын кәсіпорындар жоқтың қасы. Биыл инвесторлармен бірде-бір келісім- шарт жасалмапты. Осының бәрі шағын және орта бизнесті дамытуға кедергі келтіруде. Сапалы тауар ұсынатын гипермаркеттер, супермаркеттер ашу ісін жетілдіру қажет-ақ. Алдағы уақытта жеке ісін ашқысы келетін адамдар интернет портал арқылы өзінің өтініші қаншалықты қанағаттандырылғанын біле алатын болады. Бөлім басшысына кәсіпкерлер картасына көбірек үңіліп, қаладағы шағын және орта бизнестің даму бағытын қадағалау туралы ұсыныс айтылды.

Конференция барысында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары, «Шапағат» бастапқы партия ұйымының өкілі Инна Адамның да есебі тыңдалды. Жалпы, қорытындысында қалалық партия филиалының жұмысы қанағаттанарлық деп танылды. «Нұр Отан» партиясы Көкшетау аумақтық филиалының саяси кеңес мүшелерінің және облыстық партия филиалының алда өтетін есеп беру сайлау конференциясына қатысатын делегаттардың тізімі бекітілді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий