Жоғары колледж: Сексен сегіз түлек диплом алды

Мемлекет басшысы біздің елімізге кәсіптік-техникалық мамандардың аса қажет екенін ерекше атап өтіп, осы салаға жастарды бейімдеу туралы тапсырма берген-ді. Осыған орай Көкшетау қаласындағы бұрынғы кәсіптік-техникалық колледж Жоғары колледж болып өзгерген еді. Биыл атауы мен бағыты өзгерген білім ошағының алғашқы түлектеріне диплом табыс етілді. Барлығы 88 түлекке құрылысшы, механик, автосервис құрылысы мамандықтары бойынша қолданбалы бакалавриат дәрежесінде өмірлік жолдама берілді. Колледжді бітірушілерді облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов құттықтады.

«Достар» мәдениет сарайының фойесіне Көкшетау Жоғары колледжінің білім беру бағыты, жетістіктері, студент-жастардың қолынан шыққан дүниелер қойылған көрме ұсынылды. Баласының диплом алу сәтін көзімен көруге асыққан ата-ана, түлектер, ұстаздар, бәрі-бәрі осында. «Үздік диплом» иегері Әмірхан Хамит Жоғары колледжден 2 бағытта мамандық алып шыққанын мақтанышпен айтып жатыр. Елімізге инженер мамандар аса қажет. Сондықтан бұл түлек алдына нақты мақсат қойып, білікті шебер ретінде жұмысын жалғастырғысы келеді. Колледж қабырғасында оқи жүріп көптеген жастар «Көкшетау автодор», «Қамқоравтосервис», «Регионстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде, «Тыныс» және «Камаз Инжиниринг» акционерлік қоғамдарында тәжірибеден өтті. Басым бөлігі осы кәсіпорындарға жұмысқа алынады. Сонымен биылғы түлектер Жоғары колледжден 4 мамандық бойынша білім алып шықты. Атап айтқанда: машина құрылысы технологиясы, көлік құралдарын техникалық қамтамасыз ету, жөндеу және пайдалану, көлік жолдары мен аэродромдар құрылысы, ғимараттар мен үймереттерді салу. Қолданбалы бакалавриат бағыты бойынша колледжде жыл сайын мемлекеттік тапсырма бойынша 100-ге жуық техник маман даярланады. Кіші инженерлер білім ордасынан бірнеше бағытта маманданады. Бұл туралы Көкшетау Жоғары мектебінің директоры Ақнұр Есләмова өзінің баяндамасында айтып өтті. Білім ордасының болашаққа жоспары үлкен. Бүгінгі заманға сай білікті мамандарды даярлап жатқан оқу орнының түлектері жұмыс берушілердің ойынан шығатын қажетті мамандар болады. Өңір бойынша 67 түлек жұмысқа шақырылып жатыр. Осы эксперимент басталғалы заманға сай көптеген оқу-әдістемелік материалдар, оқу-өндірістік шеберханалар қайта жабдықталып, оқу процесіне жаңа инновациялық өзгерістер енгізілуде.
«Кәсіпқор» холдингі Ұлттық акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Әсима Бимендина ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында 88 түлектің кіші инженер мамандығын алуы айтулы қуанышты оқиға екендігін атап көрсетті. «Көкшетау сүт зауытының» директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Әсен Жақсылықов түлектерді өз кәсіпорнына жұмысқа шақырды. Түлектерге диплом беру салтанатында оларға жақсы тәлім-тәрбие берген ата-аналарға да Алғыс хаттар табыс етілді.
Көкшетау Жоғары колледжі еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының ондығынан орын алған. Озық технология мен инновациялық даму сұраныстарына орай «Кәсіпқор» холдингімен тығыз байланыс орнатылып, соңғы үш жылда колледждің 15 бөлім басшылары, арнау-лы пән оқытушылары шетелде білімін жетілдіріп келді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс