Жылдың алғашқы айы қорытындыланды

Қала әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен облыс орталығының 2017 жылдың алғашқы айы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму барысы қорытындыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекшісі Гүлмира Шұқатова мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мемлекеттік мекемесінің жетекшісі Ермек Қарағаевтың есептері тыңдалды.

Г.Шұқатова қаңтар айын қай мекеме, кәсіпорынның қалай қорытындылағанын, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғандағы пайыздық өлшемін ұсынды. Негізінен өндіріс орындары межеден жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Мәселен, салыстырылып отырған уақыт ішінде «Тыныс» – 174,6, «ЕНКИ» – 261,4, «Астық Агро» – 114,0 пайызбен алға озған. Қала тұрғындарының орташа жалақысының көрсеткіші 110 492 теңгені құрайды. «Бұрыннан келе жатқан кәсіпорындар өз жұмыстарының қыр-сырын, жүйесін, рыноктағы әріптестерін жақсы біледі. Ал, өткен жылы ғана ашылып, істерін жаңа бастаған кәсіпорындарға көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсету керек. Жалпы, барлық ұжымдар осы кезден бастап барлық көрсеткіштерін реттеп, ақсамаудың қамын мұқият ойластырулары жөн», – деді қала басшысы экономика бөлімі жетекшісінің есебін тыңдай келе.
Одан кейін тұрғын үй-шаруашылық бөлімінің басшысы Е.Қарағаев өздеріне тиесілі сан-салалы жұмыстар жөнінде баян етті. Биылғы тоқтаусыз жауған қарды қаладан шығару, ол жұмыстарды атқаруға тартылған мекемелер, осы бағыттағы алдағы жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Өткен жылы атқарылған басқа да жұмыстар қысқаша аталып өтілді. Алда Ғабдуллин, Тәшенов, Нау-
рызбай батыр атындағы көшелер жөндеуден өткізілмек. Ермек Маржықпаев оның баяндамасынан кейін бірнеше сұрақтар қойып, тапсырмалар берді. «Менің есепті кездесулерімде айтылған тұрғындар пікірлері естен шығарылмасын. Көпқабатты үйлерді орталық газ жүйесіне қосу, лифтерді жөндеу, жарықтандыру сол бағытпен жалғаса берсін. Биыл қыста қар тазалау кезінде көптеген ағаштарға зақым келді. Олар ауыстырылып, қайта егілуі керек. Алдағы маусымда гүл еккенде оның жаңа тұқымдарын егіп, жаңғыртудың да жолдарын қарастыру қажет. Спорт және ойын алаңдарын салуды жоспарлы түрде жалғастырамыз. Алдағы жұмыстарға бөгет болмас үшін, аулалардағы гараждарды шығару жалғастырылсын. Биыл қар көп. Қар суынан залал шекпеудің барлық амалдары қарастырылсын. Күнделікті көше тазалау өз алдына, әр жерде жиналып қалған қар үйінділері шұғыл шығарылсын. Жылда қауіп төнетін жерлерді жақын күндері арнайы барып тағы қараймыз. Оған төтенше жағдайлар қызметі, тазалау-жинауға қатысты мекемелер, кенттер әкімдері де бірге баратын болады. Қамсыз қалмауымыз керек. Барлық жылғалар, арықтар, суағарлар толық тазаланып, үнемі қадағаланатын болсын» – деді, қала басшысы Ермек Боранбайұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс