Жылжы қайық, осы көлде…

Жақсылыққа жаны құмар жұртшылыққа сәл-пәл жағдай жасалса, қуанышыны қойнына сыймай, жадырап шыға келері бар. Соңғы кезде жағалай күрделі жөндеулер жүргізіліп, қызыл кірпіштен өрілген еңселі үйлер бой көтеріп, көп қабаты үйлер аулаларында балалар үшін ойын алаңдары, баршаға арналып спорт алаңдары құрылып, жолдар тегістеліп қаланың тап-тұйнақтай күйге түскені шындық. Бұрын құлазып бос тұрған жол жиектері, аңтарылып тұрған алаңқайларға қаз-қатар қарағай-қайыңдар, шыршалар, бұта-талдар егіліп, көз қуатқаны өз алдына бір бөлек әңгіме. Көк желектің көргеннің көңілін көтерер ғажап көрінісі өз алдына, ауа тазартар, денсаулыққа тигізер абзал қасиеті мол емес пе? Оның үстіне қаланың етегін шайып еркелеген Қопа көлінің жағасы жағдай жасалып, жайлы жағажайға айналып, «Достық үйінің» қолтығына су келтіріліп, оның үстіне субұрқақ орнатылуы қосымша бір ерекшелік болып қосылды. М.Горький көшесінің жаяу жүргінші жолы көл жиегін көктей өтіп, қаланың шетіне дейін барып, орталықты «Көктем», «Васильковский» шағын аудандарымен жалғап тұр.

Осындай қолайлылық туғаннан бері осы маңайда жаяу жүріп сейілдеушілер, велосипед тебушілер, шаңғы таяғын қолданып жүрушілер (скандинавтық жүріс), катамаран, қайықпен су бетінде демалушылар, су шаңғысымен парашют жетегінде сырғанаушылар, су мотоциклімен зырылдаушылар көбейді. Күн ыстығы қайт-
қаннан түн қараңғысына дейін кісі аяғы басылмайды. Жағалай шамдардың орнатылып, самаладай жарқырап тұруы да оған сеп. Бұл – қала халқының салауатты өмір салтына, белсенді өмірге құлшынысы емес пе? Бұрын жым-жырт күйде тұнжыраған осы маңай қазір қайнаған өмір орталығына айналды. Расында да, әртүрлі қызметте бел жазбай тырбанып немесе кабинетте күн ұзақ отырып, одан жаздың қапырық кешінде теледидарға телміріп, үйде отырғаннан осындай белсенді демалыс әлдеқайда артық емес пе? Одан әрілесек, ауырып, емханалардың кезегінде сарылып тұрғаннан-дағы, денешынықтырумен айналысып, күндей күліп, жадырап жүрген жақсы емес пе? Спортзалдарына бару үшін қаражат та керек. Ал, таза ауа тегін ғой. Және, Көкшетаудың Сәкен жырлаған дертке дауа ауасы. Осы орайда біздің қала тұрғындары енді қолға ала бастаған шаңғы таяғын қолға алып, жаяу жүру спортына аз ғана тоқталып кетсек. Ол дененің 90 пайызға жуық бұлшық еттерін қозғалысқа келтіреді екен. Жәй жүріске қарағанда 46 пайызға көбірек калория жағады, жүрек пен өкпе жұмысын жақсартады, мойын, жауырын ұюын кетіріп, денені түзеуге септігі бар. Жүрек ауруларымен ауырып, емделген адамдардың бірте-бірте қалпына келуіне пайдасы зор. 2000 жылдың есебі бойынша скандинав жүрісімен Финляндияда ғана 760 000 мың адам айналысады екен. Айтып-айтпай не керек, қоңыр салқын, жанға жай аймақта тұратын көкшетаулықтар үшін қолайлы-ақ спорт. Құрал-жабдықтан керегі спорт дүкендерінде сатылар арнайы қос таяқ. Аяқ киім өз ырқыңыз-да, қандайын қолай көрсеңіз, соны киесіз. Жүру техникасы ғаламторда сайрап тұр.
…Су бар жерде сұлулық та, қуаныш та бар. «Су-тіршілік көзі» деп бекер айтты дейсіз бе? Әсіресе, батып бара жатқан алтын күн шапағына шомылып, қос-қостан қайық үстінде сырласқандар қандай жарасымды. Іргедегі алтын табақтай жарқыраған айдын үсті, бәлкім, талай-талай бақытты, берекелі шаңырақтың құрылуына себеп болар. Әне, сәулетті Неке Сарайы да салынып жатқан жоқ па? «Армансыз адам-қанатсыз құспен тең» дегендей, осынау салтанаттың ой-қиялды өрге жетелейтінін қайтерсің! Ал, арман-қиялға қанат бітіріп, жігерді жанып, жанды сергітер осындай демалыстар емес пе?
Қала жанындағы жарқыраған көлде қайықпен емін-еркін сейілдеу басқа жүздеген, мыңдаған қалалар тұрғындарына бұйырмаған. Ендеше, тамаша табиғатымызды пайдаланып, оған қамқор болып, сергек жүрейік!

Серік САПАРҰЛЫ.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс