Жылу маусымына дайындық сапасы алдағы қыста сыналмақ

Депутаттар Жұмабай Әміржанов пен Рүстем Қалышевтың төрағалығымен 28 қыркүйекте қалалық мәслихаттың бюджет және қаржы мәселелері, әлеуметтік даму, экология, коммуналдық сала және абаттандыру мәселелері бойынша тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы болды. Оның жұмысына қала әкімінің орынбасары Иван Юрченко мен қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса қатысты.
Күн тәртібі бойынша былтырғы жылыту маусымында атқарылған жұмыстар мен отын-энергетика кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын алдағы науқанға дайындау мәселелері сөз болды. «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорны филиалының директоры С.Сматаевтың хабарлауынша, 2017 жылдың қыркүйек айында жүргізілген есеп бойынша дебиторлық берешек 186 миллион теңгені құрады, оның ішінде жеке тұлғалар бойынша 155 миллион 8 мың теңге, заңды тұлғалар бойынша 30 миллион 2 мың теңге. Филиал дебиторлық берешекті азайту жөнінде күн сайын мониторинг жүргізеді, ол үшін барлық шаралар қабылдануда. Осылайша, есепті кезеңде жылу энергиясы үшін берешегі бар борышкерлерге хабарламалар жіберілген. Сонымен қатар 2016-2017 жылдардағы кезеңде жылу энергиясынан ажыратуды шектеу туралы
9 444 720 теңге сомасына хабарламалар таратылды, оның ішінде, тамыз айында 2 007 099 теңгеге, заңды тұлғалар бойынша 79 млн. 301 теңгеге, жеке тұлға бойынша 8,175 млн. теңгеге хабарламалар таратылды. Жеке тұлғалар бойынша 95 абонент, заңды тұлғалар бойынша 28 нысан жылу энергиясынан ажыратылды. Берешекті өтеу мақсатында жыл басынан 65 755 014 теңге сомасын өндіру бойынша 959 талаптық арыз сотқа берілді. Сонымен қатар, борышкерлер жылу энергиясының берешегін өтеу мақсатында «Қарыз-
ды өсімақысыз төле» акциясы өтуде. Осы акцияның шарттарына сәйкес, тұтынылған электр энергиясы үшін толық көлемде қарыз төленген жағдайда өсімпұл алынады.
Комиссия мүшелері отандық метеорологтардың биылғы қыс-тың суық әрі ұзақ болатынын айтып отырғанын назарға салды. Ғалымдардың болжамы бойынша алдағы қыста жүз жылда бір келетін суық қайталануы мүмкін. Сондықтан, жылу маусымына мұқият әрі тиянақты дайындалу қажет. Мұндай істе қателіктерге жол беруге болмайды. «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының директоры Сергей Жуков қала бойынша әлеуметтік сала нысандары мен тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың биылғы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары тыңғылықты жүргізілгендігін жеткізді. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарында жөндеу жұмыстары 100 пайызға орындалған. Қыстан қиындықсыз шығу үшін қалада 3,485 шақырым жылу желілері жаңартылып, көмірдің жеткілікті қоры жасалды. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Қаладағы қожайындары белгісіз 15 үйдің жылуға қарызы 11 миллион теңгеге жеткен. Отырыс барысында проблемалық үйлердің тізімі бойынша коммуналдық мекемелер мен қала әкімдігі бөлімдерінің атқарар жұмыстары жайлы ақпарат берілу керектігі айтылды. Қала тұрғындарымен жиындар ұйымдастырылып, дайындық жүргізіліп, тұрғындардың қордаланған қарыздары бойынша нақты шаралар қабылдану тиістігі айтылды. Комиссия мүшелері жауапты мамандардан жылу қазандықтарының жұмысы, олар арқылы таратылатын жылудың екі аралықтағы сақталуы, үнемделуі жайлы сұрады. «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының директоры Сергей Жуковтың айтуынша, жылу жүйелеріндегі температуралық, гидравликалық режимдерді үздіксіз, бірқалыпты ұстап тұруға арналған дербес қазандықтар жылу маусымына толықтай әзір. Бір қазандық қосалқы сақталуда. Биыл қаладағы магистральдық жылу трассалары қайта жаңғыртылды, жылу қазандықтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған мәселе бойынша қаладағы жылу өндіруші және жылу жеткізуші мекемелердің тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы дайындық пысықталды. Қатысушыларды алдағы іс-жоспар, атқарылып жатқан шаралар жайлы әңгіме барысында былтырғы жылы жылу жүйесі кешігіп берілген үйлердің жайы мен биылғы жұмыс жүйелілігі, құбырларды қалпына келтіру жұмыстарының сапасына көңіл аудару қажет екендігі баса айтылды. Жиын барысында отын-энергетика және білім, денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының дайындығы барысын айқындау мақсатында комиссия тарапынан тапсырма берілді. «Қазақстан Республикасының 2016 жылғы индустриалдық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша Көкшетау қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Акбар Хасейінов баяндама жасады. Оның ақпаратына сүйенсек, Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 19 жобаға 21,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. 2010-2104 жылдар аралығында 11 жоба мақұлданып, 655 жаңа жұмыс орындары ашылды. Индустрияландыру картасы бойынша ашылған «Еnki», «Agrimer-Astyk», «Тыныс», «Два Кита», «Регион Строй», «МК Ramadan» сияқты жобалар табысты жұмыс істеуде. Бағдарламаның екінші кезеңінде 6 млрд 930 млн теңгенің 5 жобасы жүзеге асырылды. «Ақмола бидай», «Бижан», «КАИК», «Асыл арман», «Нәтиже сүт фабрикасы» жаңа жобалары арқылы қалада 506 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұдан бөлек 3 млрд 683 млн теңгенің 3 жобасы қолға алынуда. Нәтижесінде 196 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жылына 300 бірлік комбайн шығаруды көздеп отырған «Вектор» комбайн зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 96 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Жоба құны 2203 миллион теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, 180,8 миллион теңгені құрайтын жоғары қысыммен жұмыс істеуге арналған қолғап және металл өнімдерін шығарумен айналысатын «KazHydro» және «KokshetauOptoelektronics» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс