Жылу маусымы қаламызда ойдағыдай аяқталғанымен

коммуналдық қызмет жөніндегі қарыздарын өтеу әлі де дұрыс шешім таппай отыр

Депутат Рүстем Қалышевтің төрағалығымен Көкшетау қалалық мәслихатының әлеуметтік-экономикалық даму, экология, коммуналдық сала және көркейту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Онда «2015-2016 жылдардағы жылу беру кезеңінің қорытындылары туралы» «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Сергей Жуковтың есебі тыңдалып, ол қазандықтар мен бу, су айдаушы жабдықтарды жөндеп, жаңартып, қазіргі заманғы құрылғылармен алмастырып жатқандарын нақты дәйектермен баяндап берді.

78-1-2

Баяндамада атап көрсетілгеніндей, №1 және №2 жылу қазандықтары мен жылу желілері жөнделген. Жылу мен электр қуатының тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың жабдықталуының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негізгі және қосымша құрылғылар жыл сайын тыңғылықты жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, сорғылар мен электр қозғалтқыштар, жұмыс орындарының жайлылығын қамтамасыз етуші құрылғылар жиі жаңартылып отырылады.
Жылу құбырларының ескіруі жылу стансаларынан берілетін энергиялардың едәуір көлемінің тұтынушыларға жетпей, сыртқа кетуінің әсерінен екені сөзсіз. Сондай-ақ, ПИК-тер мен тұрғындар арасындағы ауызбіршіліктің болмауы пәтерлерде жылудың мардымсыз болуына әкеліп соғуда. Сол себепті қаладағы магистральды жылу желілері учаскелерін жаңартуды қолға алдық. Жылу желілеріндегі ақауларды анықтау үшін гидравликалық сынақ жүргізілуде. Биыл 0,37 шақырым магистральдық жылу желілері жөнделуі тиіс. Қазіргі уақытта Капцевич көшесіндегі жылу желілері жаңартылуда. Кәсіпорынның кредиторлық қарызы – 1522,813 миллион теңге, ал жылу энергиясы бойынша дебиторлық қарыз 403,135 миллион теңгені құрап отыр, Бір емес, бірнеше ескертуге құлақ аспай, айлап-жылдап қарызға белшесінен батқандармен күрестің жалғыз жолы – жылу беруді тоқтату. Бүгінде қызметке төлем жасамайтындардың ішінде көпқабатты үйлер мен жеке үйлердің тұрғындарынан бөлек, бірқатар заңды мекемелер де бар көрінеді. Олардың қарызы – 109,458 миллион теңге. Жылу қызметіне берешек тұрғындардың қарызы – 293,687 миллион теңгені құрап отыр. Егер де көмір, мазут, газ жыл сайын қымбаттай берсе, коммуналдық қызмет тарифінің өсетіндігі де сөзсіз.

DSC_8524«Жыл өткен сайын қарыздың көлемі ұлғайып, жұртшылыққа көрсетіліп отырған коммуналдық қызметтердің ақысы өтелмей келеді. Қызметке уақытылы ақы төлемейтіндер үшін басқа тұрғындар зардап шегеді. Оның үстіне жылу бағасы да қымбаттады. Мәселені шешудің жолын табуымыз керек қой, – деді осы тұста қалалық мәслихат депутаты Әсия Шәрімова. Мекеме өкілдері кәсіпорындардың алдындағы қарыздарын қайтарып алу үшін барлық заңды әдістерді жүзеге асырып жүр. Оның ішінде, борышкерге хат жіберу, телефон арқылы хабарлама жасау, тіпті, сот арқылы да талап етілетін жағдайлар аз кездеспейді. Бірақ, тұтынушыларды тәртіпке «бағындыру» оңай жұмыс емес екендігін айтады. Жасыратыны жоқ, жыл санап коммуналдық қызмет құны көтеріліп келеді. Әрине, жұртшылық қымбатшылықты құптай қоймайды. Осы орайда үнемшілдік мәселесі алға шығады. Демек, энергияны үнемдеу және пайдалану тиімділігін арттыру керек. Бұл ретте еліміздегі бүгінгі күннің негізі талабы – әркім өзі күнделікті тұтынып жүрген ауыз суды, электр және жылу энергиялары мен табиғи газды барынша үнемді пайдаланғаны абзал. Энергияны үнемдеу үшін оған бақылау жүргізу керек. Ал, бақылауды ортақ есептеу құралдарынсыз жүргізу мүмкін емес. Осы орайда қала бойынша жалпыүйлік жылу есептегіш құралдарын орнату маңызды. Кәсіпорын директорының есебін тыңдай келе, тұрақты комиссия мүшелері мекеме басшысына дебиторлық және кредиторлық қарызды азайтуға байланысты нақты шара қолдану, жеке және заңды тұлғалардан қаражатты уақытылы жинауды қамтамасыз ету, төлем жасалмаған пәтерлерде жылуды тоқтату және сот орындарына арыз беруді жүзеге асыруды тапсырды.

Әсем ЖҮНІС.

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс