Жыл қорытындысы биік асуларға мегзейді

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен 18 қаңтарда облыстық әкімдіктің мәжілісі өтіп, онда кадрлық өзгерістер жайлы айтылып, 2016 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, мүлікті жария ету акцияларының нәтижесі талқыланды.

Облыс әкімі Сергей Кулагин әкімдік мәжілісіне қатысушыларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының ағымдағы жылғы 11 қаңтардағы бұйрығымен тағайындалған Ақмола облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік департаментінің жаңа басшысы, полковник Сандыбек Сапашұлы Хасеновты таныстырды. Ол ұлттық қауіпсіздік органдарында 1993 жылғы наурыздан бері қызмет етуде. Осы уақыт аралығында әртүрлі деңгейде басшылық лауазымда қызмет атқарды. Осы қызметке тағайындалғанға дейін орталық аппараттың департамент басшысы болды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекшісі
Бауыржан Мәлгаждаров 2016 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жайлы жасаған баяндамасында атқарылған жұмысты жан-жақты талдап түсіндірді. Нақты деректерге сүйенсек, 2010-2016 жылдарғы индустрияландыру бағдарламасына сәйкес 180,6 миллиард теңгенің 78 жобасы жүзеге асырылып, 7,1 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал, өткен жылдың 12 айы ішінде ауылшаруашылығы өндірісінде 347,0 миллиард теңгенің өнімі өндірілді: оның ішінде егіншілік саласында – 240,7 миллиард теңге, мал шаруашылығында – 105,1 миллиард теңге. Облыс диқандары күзгі орақты абыройлы өткізіп, әр гектардан 13,2 центнерден өнім жинады. Сөйтіп Отан қамбасына 5,7 миллион тонна астық құйылды. «Нұрлы жол», «Аймақты дамыту» бағдарламалары шеңберінде былтыр елді мекендердің сумен жабдықтау жүйесін одан әрі жетілдіруге орай 19 жоба жүзеге асырылып, 3,7 миллиард теңгенің қаржысы игерілді. Қаңтар-желтоқсан аралығында 364,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 129,3 пайызды құрайды. Облыстық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне арналған баяндама бойынша өңір басшысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауылшаруашылығы басқармаларына аудан әкімдерімен бірлесіп, өнеркәсіп өндірісін одан әрі дамыту жолдарын айқындауды тапсырды. Бұл арада индустрияландыру секторында өнім көлемін молайтудың резервтерін қарастыруға жете көңіл бөлген жөн. Түптеп келгенде бұл шаралар адамдарды қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік мәнге ие негізгі азық-түлік тағамдарының бағасына мониторинг жасау, осыған орай сауда ұйымдарымен тауар өндірушілер және көтерме жабдықтаушылар арасында меморандум жасаудың қажеттігіне назар аударды. Қаржы басқармасының жетекшісі Талғат Бөлтенов өз баяндамасында 2016 жылғы мемлекеттік бюджеттің болжамды орындалу қорытындысын шығарып, оның 111 пайыздық көрсеткішке жеткендігін айтты. Жыл ішінде 112,6 миллиард теңгеге түсім түсті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 28,7 пайызға көп. Осыған орай облыс әкімі бюджеттік бағдарламалардың салалық әкімшілеріне, аудан және қала әкімдеріне қаржылық ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалануды тапсырды. Ол үшін жоспарланған жобаларды жүзеге асыруда көздеген мақсатқа жетіп, оның экономикалық-әлеуметтік тиімділігін қамтамасыз еткен жөн. Құрылыс жұмыстарын дер кезінде бастап, күрделі жөндеулерді мерзімінде атқару керек. Сонда ғана жоспарланған межеге жетуге болады. Құрылысшылар алдында тұрған міндетті осылайша айқындап берген өңір басшысы мемлекеттік-жекеменшіктік бәсекелестікті дамытудың тиімділігіне тағы да назар аударды. Бұл дегеніңіз мемлекеттік және жекеменшік бизнестің өзара тиімді қарым-қатынаста дамуына игі ықпал етері сөзсіз. Ақмола облысының мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі Ерлан Хасенов мүлікті жария ету қорытындысы жайлы айта келе, мына көрсеткіштерге назар аударды: арнайы комиссияға мүлікті жария ету жөніндегі 5382 нысанға қатысты 2925 өтініш түскен, оның 1970-і тұрғын үйлер, 924-і коммерция-
лық нысандар. Бұл мүліктер тиісінше 22,5 миллиард теңгеге және 6,5 миллиард теңгеге бағаланды. Нәтижесінде 475 өтініш иесіне қайтарылып, 2450 өтініш бойынша 1533 нысан жария етілді. Облыс әкімі Сергей Кулагин аппарат мәжілісін қорытындылай келе, 2017 жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарту үшін барлық мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс