Жыр арқауы: «Жаңғырған жаңа Қазақстан»

  Көкшетау қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған аймақтық ақындар айтысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өтті. Сөз додасында Астана, Ақтөбе, Петропавл, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Семей қалаларының жас ақындары өз өнерін ортаға салды. Нәтижесінде жеті жігіттің арасынан дараланып шыққан қарағандылық Ботагөз Мұхитден бас жүлдені иеленді. Бір көңілге қуаныш ұялатқаны, бұл күні «Достар» мәдениет сарайына сөздің қадірін білетін көрермен көп жиналды. Ақындар айтысын Арман Бердалин арнайы келіп жүргізді.

 DSC_5159  «Жаңғырған жаңа Қазақстан» тақырыбымен өткен ақындар айтысына барлығы 4 жұп қатысты. Олар «ұлттық код», «ұлттық мәдениет», «100 жаңа есім» мәселелерін қозғап, елі үшін еңбек еткен тарихи тұлғалардың өмірі, халқының азаттығы үшін бәйгеге басын тіккені, сол жолда құрбан болғаны, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғырту, саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу жайлы жырлауы тиіс болды. Бұл үдеден шыға білген де, шықпай қалған да ақындар да болды. Біріне сөз мәдениеті, енді біріне өз мәдениеті жетпей жатты. Дегенмен Махамбеттің мақамымен жырлай білген қызылжарлық Серік Мақсат, Сыр сүлейлерінің соны сүрлеуіне түсе білетін Төрехан Совет, арқыраған астаналық Ардакерей Кәп, тебірене де, толғана білетін ақтөбелік Тілеуқұл Нартай, әдемі әзіл мен қуақы қалжыңға бой алдырғыш Мұхаммед Қоңқаев, достық пейіл таныта, ақ жүрегін жайып салғыш қостанайлық Қасым Нұрсұлтан, бірден төкпелете жөнелетін Нұрислам Әбділ, биязы да сабырлы қалпымен-ақ қарсыласын қапы қалдыратын қарағандылық Ботагөз Мұхитден бірден көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Ақындардың мақамы, сөз саптасы бір-біріне ұқсамайды, әуені де өзгеше. Қарсыласының сауалына жауап бере алмай, кібіртіктегендері де, бір мәселе төңірегінен айналшықтап шықпай, уақытын босқа шығындағандары да болды. Дегенмен, әдемі ұйқас тудырып, көрермен көңілінен шыққандары бірден көзге түсіп, дараланды. «Көкшетаудай тектілер топырағына, аунап-қунап кету де мәртебе ғой» деген ақтөбелік ақынның сөзі құлаққа жақса, «Жер беті жаңғырып жатқан кезде, жаңғырмай жатқан жалғыз сендерсіңдер» деп жер-су атауына қатысты кемшілікті айтқан Ардакерей дұрыс мәселе көтергенде, петропавлдық Мақсаттың «Қызылжар деп атасаң, қарысып қалмас тіл-жағың» деп өзіне жөн сілтеуі ұтымды шықты. Қыз бен жігіт айтысының нағыз үлгісін көрсетіп, көрерменді күлкіге қарық қылған Мұхаммед пен Ботагөздің тапқырлықтары, әдемі теңеулері тартымды еді. Ал, қостанайлық Нұрсұлтанның өзінің бет-әлпетіне қатысты тиісе сөйлеген қарсыласына: «Түбінде қазағымның қамын ойлар, қазақтың қара баласы болғаныма мақтанамын», – деп намыстана сөйлегені немесе «қара қытай қаптағанша, қара қазақ қаптайтын күн болатынына» сенім білдіруі де көңілге жақты. Нәтижесінде бес ақын 5 ұпай жинап, ақтық мәреге жол тартты. Бір ақынға қарсылас жетпей қалатын болғасын, сөз саптасы ұнамды болған ақтөбелік Нартайды қызылордалық Советке жұптады. Ал, көкшетаулық Мұхаммед қызылжарлық Мақсатпен, қарағандылық Ботагөз қостанайлық Нұрсұлтанмен сөз жарыстырды. Ақындарға екі шумақтан, шартпа-шұрт айтысу ұсынылды. Осы жерде олардың суырып салмалығы, табан астында сөз табуы сын тезіне түсті. Нәтижесінде жүлделі 2 үшінші орынға Нұрсұлтан Қасым мен Совет Төрехан, 2 екінші орынға Нартай Тілеуқұл мен Мұхаммед Қоңқаев, жүлделі 1-ші орынға қызылжарлық Мақсат Серік ие болды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Қалған ақындарға да тарту-таралғы жасалды. Көрермен де жақсы кештен әсер алып, риза болып тарқасты.

 

                                                        Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий