Жігерді жаныған жиын

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғырған ел болудың өзегі – мемлекеттік тіл» атты мәжіліс өтті. Сөзі мен ісі қабысатын Марал Қажыкенқызы жүргізген бұл жолғы жиынның бір ерекшелігі – биік мінберден ана тіліміздің нағыз жанашырлары сөз алды. Көпшілікті рухтандырып, жігерлендіріп, санасына сілкініс әкелген қоғам қайраткері Оразгүл Асанқызы  болды. Қайратты да қайсар жан Абылайханның ақ туы тігіліп, Кенесары күрескен, Тәшеновтай тегеурінді тұлғалардың топырағында қалғып-мүлгуге жол жоқ екенін ұғындырды. Бұл жиында сөз алғандардың бәрі де өз саласында қазақ тілін дамытуға қатысты кемшіліктерді жіпке тізгендей етіп, еш қаймықпай, ашық айтты. Отырыстың мәнді де мағыналы болуы сондықтан. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова сол жерде көтерілген мәселелерді тиісті орындарға жеткізу қажеттігін қадап тапсырды. Бұдан былай әр қазақ отбасының ұстанымына айналуы тиіс Үндеу жарияланды. Жиынның соңында қазақ тілінің мәртебесін көтеруге ат салысып жүрген түрлі сала мамандары марапатталды.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпованың баяндамасынан білгеніміз, өңірдегі 600 мектепке дейінгі мекеменің 60 пайызы қазақ тілінде, 565 мектептің тек 159-ы ғана мемлекеттік тілде білім береді. Көкшетауда тек 4 мектеп таза қазақ тілінде білім беріп отыр. Аралас мектептердің саны – 21. Бір ғана қазақ педагогикалық колледжі оқушыларды ана тілінде сусындатып келеді. Мемлекеттік мекемелердің іс қағаздарын 97 пайыз қазақ тілінде жүргізіп отырғаны шындыққа жанаспайды деді өз сөзінде басқарма басшысы. Ол аудармашылардың еңбегінің нәтижесі ғана. Ал, шындығына келгенде мемлекеттік мекемелердің басым көпшілігінің оған бас ауыртып жатқаны шамалы. Сондай-ақ, бірқатар аудан басшылары тілге қатысты өтетін шараларды назарға алмай, оны қажетсінбейді. Қазақ тілін оқытып отырған орталықтардың да жұмысы зая кетіп жатыр. Өйткені, курсты тәмамдаған қызметшілер оны ары қарай жетілдірмейді.
Рухты оятқан жиында балабақша, мектеп, колледж басшылары білім саласында орын алып отырған олқылықтарды қозғады. Көкшетау қаласындағы «Нұрай» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Маментикова бөбекжайлардағы қазақ топтарында қазақ тілінде оқытуды қайтаруды сұраса, Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шаттық Қарасартова қазақи орта қалыптастыру қажеттігін тілге тиек етті. Жанайдар Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат ұлттық сана, ұлттық код пен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың жолдарын ұсынды. Ғалымның айтуынша, тілдік орта қалыптаспағандықтан, қазір тұтас бір ұрпақтың жойылып кету қаупі тұр. «Бізде шала қазақ та, таза қазақ та жоқ, біз бір ғана ұлт – қазақпыз», – деп сөзін түйіндеді.
Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Асылбек Баяжұма мемлекеттік қызметшілердің тест тапсыру барысында қазақ тіліне қатысты сауалдарға жауап бермей-ақ өте беретінін сынға алды. Ал, Атбасар аудандық сотының судьясы Асқар Шарапатов сот ісін қазақ тілінде жүргізудегі қолдан жасалып отырған кедергілерді алға тартты. Облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев қазақ тілін оқуға уақыт таппай жүрген мемлекеттік қызметшілерді сынға алды.
Ал, осы жиынға арнайы шақырылған қоғам қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Оразгүл Асанқызы ортаға шыққанда, мүлгіген тыныштық орнады. Өзінің асқақ дауысымен, хас батырларға тән өрлігімен, өршіл рухымен туған тіл, туған жер, ата-баба аманаты жайлы айтқан әңгімесі баршамызды ұйытты. Тіпті, бойымызға күш бітіп, санамызда сан ойлар сапырылысып, көзімізде от ойнап, кеудеміз жалын атты. Бойын тік, басын шалқайта ұстап, мірдің оғындай әр сөзін әр қазаққа қадай айтқанда, жасыған жігер жанылып,мүдірген тіл шешіліп, кесімді ой мен пікір қалыптасқаны шындық еді. Жиын соңында қабылданған Үндеуде көтерілген басты үш міндет: Бірінші: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген Елбасының сөзін негізгі қағида етіп алу. Яғни, әр қазақ үйінде де, жұмыста да, оқу орнында да, айналасында да өзінің қазақ тілінде сөйлеуін қадағалау. Екіншісі: «Отбасында Ана тілімізді ардақтайық» деген қасиетті ұғым қалыптастыру. Отбасы мүшелерінің бір-бірімен қазақ тілінде сөйлесуін қадағалау. Үшіншіден: Мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілдің қолданылуын басшының талап етуі. Күнделікті жұмысқа келіп түсетін хат-хабар, қаулы-қарарды мемлекеттік тілде талдау. Егер сіз ұлт болашағын ойлаған өз елінің саналы азаматы болсаңыз өз тілімізді өзіміз өгейсітпейік, ағайын!

Г. АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий