Жігерлі жастарды қолдаймыз

Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығының жиырмадан жаңа ғана асқан әдіскері Тұрлыбек Жолдаспайды облыс орталығында өтетін барлық шаралардың бел ортасында жиі көреміз. Өйткені, жалынды жастық шақтың қызықты да мазмұнды күндері көп болғаны дұрыс. Қала тұрғындарының 21 пайызын жас буын құрайды десек, олардың әрбірін мәдени шаралар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың жұмысына тарту үлкен жұмыс. Жастардың бірі өте белсенді келеді, енді бірі көпшілікпен араласқанды жөн көрмейді, енді бірі шақырған жерге барады, шақырмаса, ешкімді іздемейді. Сондықтан да Тұрлыбекке, оның әріптестеріне де әртүрлі контингентпен жұмыс істеуге тура келеді. Тіпті, тәртіпке көнбейтін жасөспірімдерді тәрбиелеу ісіне де араласады. Жалпы, толассыз тірліктің қайнаған қазанында араласып жүрген жайлары бар.

«Көкшетау» газеті:
– Тұрлыбек, жастар ресурстық орталығының қызметі қаншалықты жетіліп келеді? Жыл басынан бері атқарған жұмыстарың жайлы айтып өтсең.
Тұрлыбек Жолдаспай:
– Көкшетау қаласында ұйымдастырылатын барлық шараларға біз белсенді араласамыз. Көмек қажет болса, ешқашан «жоқ» демейміз. Кейде өзімізді көзге көрінбейтін майданның сарбаздары санаймыз. Біз мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырамыз. Сондықтан 14 пен 29 жас арасындағы контингентпен жұмыс істейміз. Қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесіп, жоспар құрып, оны қала әкімі бекіткеннен кейін жыл бойы сол бағытты ұстанамыз. Көкшетау қаласында орташа есеппен алғанда 30 мыңнан астам жастар бар. Олар облыс орталығындағы орта кәсіптік және жоғары оқу орындарында білім алады. Біз барлық дерлік білім ошақтарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Әсіресе, Жоғары техникалық мектеп, Жоғары медициналық колледж, «Бурабай» колледжі мен Азаматтық қорғаныс колледжінің басшылығы біздің бастамаларымызға үн қосып, өздеріндегі барлық шараларға қатыстырады. Сол үшін оларға алғыс айтқым келеді.
«Көкшетау» газеті:  
– Нақты қандай ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған?
Тұрлыбек Жолдаспай:
–  «Юность» педагогикалық отряды қоғамдық бірлестігі, «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымы, «Жастар мен студенттік еңбек жасақтары» облыстық штабы, «КВН жастар лигасы», «Ақмола облысының жас-тар одағы» қоғамдық бірлестігі, «Студенттер Альянсы» корпо-ративтік қоры, «Жігер» жас мемлекеттік қызметшілер клубы, «Ұлт көшбасшысының жас-
тар фронты» қоғамдық қоры, «Көкше қырандары», «Жас ұлан», «Думан» және «Дебаттар лигасы» сияқты көптеген ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олар ұйымдастыратын барлық шаралардың бел ортасында жүреміз. Біз ештеңеден арланбайтын, тартынбайтын, өте елгезек және белсенді жастарды қатарымыздан көргіміз келеді. Жұмыс істеймін дейтін жандардың ешбірінің бетінен қақпаймыз. Аға ұрпақ өкілдеріне құрметпен қараймыз. Жақында ғана соғыс және еңбек ардагерлерін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне апарып келдік.   Кез келген шаруаны тең бөліп атқара береміз. Өте жақсы ұжым қалыптасқан. Өзіме ұнайды.
«Көкшетау» газеті:  
– Осы жазда қандай жұмыстар атқарылды?
Тұрлыбек Жолдаспай:
– «Жазға қадам» бағдарламасы аясында жастардың бос уақытын көңілді өткізуі үшін концерттер, би алаңдарын, есірткі мен есірткі бизнесіне қарсы күрес шеңберінде хип-хоп фестивалін ұйымдастырдық. Ашық аспан астында кинотеатр жұмыс істеді. Жастардың заң бұзушылық әрекеттеріне тосқауыл қою үшін бейнероликтер жасап, қаладағы аулаларда спорттық шаралар ұйымдастырып, түрлі тақырыптарға лекциялар дайындадық. Алда келе жатқан жастар күніне орай «Жастар алаңы» шығармашылық фестивалі бастау алды. Онда түрлі ұйым, мекемелердің жастары өз өнерін ортаға салады. Қорытындысы жақында шығарылмақ. Жаңа оқу жылы басталғанда студенттердің жатақханадағы өміріне назар аударылып, сабаққа бармайтын жасөспірімдермен психолог-мамандар жұмыс істейтін болады.
 «Көкшетау» газеті:  
– Өзің бос уақытыңда немен айналысасың?
Тұрлыбек Жолдаспай:
–   Мен бала жасымнан биге әуеспін. Уақыт өте келе көше биіне қызығушылығым артты. Компьютер арқылы оның түрлі қимылдарын меңгердім. Сол туралы киноларды көріп, жаттықтым. Қазір өзге балаларды осы би түріне үйретіп жүрмін. Көше биін меңгеруге көп уақыт, шыдамдылық қажет. Үйренгісі келетін балаларды жасына қарамай қабылдай беремін. Ол жас талғамайды. Ең бас-тысы, құлшыныс болса болғаны. Бос уақытымда тарихи кітаптарды көп оқимын. Исай Калашниковтың «Жес-токий век» пен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» бірнеше қайтара оқып шықтым. Фантастикалық шығармалар да ұнайды. Түнгі клубтарға бара қоймаймын. Оның орнына уақытымды пайдалы іске жұмсағанды жөн көремін. Жастарды да салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Дәл осы сөзім оларға жастар күніне арнаған тілегім болсын.
«Көкшетау» газеті:
Әңгімеңе рахмет, алдағы уақытта тек табысқа жете бер!

Сұхбатты жүргізген
Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс