Жігіттердің ептілігі сынға түсті  

       Красный Яр селосында орналасқан Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебінде жамбы атудан оқушылар мен ересектердің қалалық ашық турнирі өтті. Оған отыздан астам батыл жігіттер қатысты. Жамбы атуда ептілік, шапшаңдық, мергендік аса қажет. Аттың үстінде шауып келе жатып, күміс теңгені атып түсіру оңай шаруа емес. Осы ретте өзге оқушылардан озық шыққан Дәулетхан Рахман болса, ересектерден ерекшеленген Нұрсұлтан Жүсібалин жеңімпаз атанды. Балалардың ішінен мергендік танытқан Жалғас Құрман екінші орынды, Мейрамбек Нұрақай үшінші орынды иеленді. Ал ересектерден епті болып шыққан Алтынбек Бегаев күміс, Абай Жүсіпалин қола медальға ие болды.   

  Жамбы ату қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Ертеде-ақ аттың құлағында ойнаған жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс болған. Ереже бойынша жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атады. Жамбы ретінде күміс немесе алтыннан жасалған тайтұяқтар немесе теңгелер тігілген. Атып түсірген жігіт сол жамбыны өзіне сый ретінде қалдырған. Кей ертегілерде хандар жамбыны атып түсірген жігітке қызын берген делінеді. Ортамызға қайта оралған бұл ойын түрі қазір жанданып, жаңара түскен. 2013 жылы Астана қаласында «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлерінің Халықаралық Ассоциациясы» құрылған болатын. Ол жамбы атуды әлем бойынша дамытуды көздейді. Оның құрамына Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан енген.

Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебінде өткен жарыстың төрешілері ең алдымен жігіттердің мергендігіне мән берді. Уақыт үнемділігі де ескерілді. Нәтижесінде мықтылары озық шықты.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ. 

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий