Жүйелі жұмыс – жемісті нәтиже

Елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында соңғы екі жылда 38 мың адам еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандыққа ие болған. Бұл туралы  «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын талқылауға арналған семинар барысында айтылды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараттық-насихат тобының мүшесі Құттымұрат Шәмшиевтің айтуынша, жастар практикасында 25 мың жас тәжірибеден өткен. – Олар тәжірибесі жоқ деген желеумен жұмысқа орналаса алмай жүрген. Оларға мемлекет қаражат бөліп, жұмыс берушілермен келісімшартқа отырып, жұмысқа орналастырды. 6 ай ішінде олар тәжірибе жинайды. Жұмыс берушілерге де жақсы. Өзін жақсы көрсетсе, жұмысқа тұрақты орналасу мүмкіндігі де бар. Бағдарламаның негізгі мақсаты  балық емес, қармақ беру. Мұқтаж санаттағы адамдардың өмірге бейімдігін арттыру, – дейді ол.

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының бірінші бағыты бойынша биыл өңірде 1190 адам курсты бастаса, өткен жылдан бері 2280 азамат оқуын жалғастыруда. Бұл мақсатқа 949 миллион теңге бөлінген. Жұмыссыз жүргендерді және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қысқа мерзімді оқу курсынан өткізу бойынша бүгінде облыс көлемінде 25 колледж бен 6 оқу орталығы жұмыс істейді. Оқу курстары еңбек нарығына қажет 60 мамандық және 122 біліктілік беру бойынша жүргізіледі. – Бағдарламаны жүзеге асыруға басқа сала қызметкерлерінің де қызығушылық танытуы өте қуантады. Биыл бағдарлама аясында тың бизнес бастамаларға грант бөлу қарастырылған. Оған тек арнайы курстан өткен азаматтар ғана үміткер бола алады. Жоспар бойынша 30 адамға грант бөлінеді. Қазірдің өзінде 17 адам өз жобаларын сәтті қорғады. Олар тиісті қаржыларын алды. Жалпы, бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуы бақылауға алынған. Мәселен, бағдарлама аясында жұмыспен қамтылғандар 85,4 па-йызды құрайды, – дейді Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Инна Адам. Семинар барысында 2019 жылдың қаңтарынан енгізілетін салықтың жаңа түрі, яғни бірыңғай жиынтық төлемге қатысты да ақпарат берілді. Айта кетейік, салықтың бұл түрі осыған дейін салық органдарына жарна аудармаған және мемлекеттік жүйеге қатыспаған азаматтардың кәсібін заңдастыруды көздейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бірыңғай жиынтық төлем жасамағаны үшін жауапкершілікке тартылмайды.

 «Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий