Жүйелі жұмыс нәтиже береді

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен жергілікті атқарушы органдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде облыстық кеңес болды. Өз кезегінде өңір басшысы бүгінгі шараның басты мақсаты сыбайлас жемқорлық әрекетіне тосқауыл қоюға шақыру екенін баса айтты. Бұл Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының да шеңберінде назарға алынған. Сондықтан алдағы уақытта облыс әкімдігі тарапынан жергілікті өкілетті органдармен жүйелі түрде жұмыс жүргізілетін болады.

Бүгінгі таңда өңірде 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес стратегиясы жүзеге асып жатыр. Азаматтық қоғамның мемлекеттік билікке сенімін арттыру мақсатында да нақты шаралар қолға алынған. Жемқорлықты болдырмаудың басты жолы халықтың шенеуніктермен қарым-қатынасын шектеу. Мемлекеттік қызмет түрлерін «бір терезе» принципіне көшіру, яғни электронды форматқа ауыстыру, сонда ғана жең ұшынан жалғасқан жымысқы әрекеттерге тосқауыл қоюға болады. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының жетекшісі Жомарт Нұркеновтің кеңесте жасаған баяндамасында айтылды. Мемлекеттік корпорация тарапынан және электронды түрде жүзеге асырылған шаралар қағаз түріндегі қызметтерді біршама қысқартуға мүмкіндік берді. Соңғы 7 айда мемлекеттік органдар барлығы 1 241 892 қызмет түрін көрсеткен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 33 пайызға төмен. Биылғы жылдың жартыжылдық қорытындысында мемлекеттік қызмет көрсету саласында 138 заң бұзушылық фактілері анықталған. «Нұр Отан» партиясының 36 мүшесі, соның ішінде 22-сі сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін жауапқа тартылып, 9-ы партия мүшелігінен шығарылған. Облыс әкімдігі тұрақты түрде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне қанағаттанатындай жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жыл сайынғы халық тарапынан берілетін бағамен де өлшенеді. Осы бағытта соңғы үш жылда орталық және жергілікті атқарушы органдар бойынша облыс әкімдігі алдыңғы қатарда. Дегенмен ойлантатын жағдайлар да бар. Жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу бағытын ұстанған жаңа институт та жұмыс істейді. Бұл жерде «этика бойынша өкілдік» жайлы әңгіме қозғалып отыр. Аталған өкілдік мемлекеттік қызмет саласында қызмет этикасы нормаларын сақтау және заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметкердің этикалық кодексі ұжымда моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастырады. Тағы бір назарға ерекше алынғаны – 2015 жылы 52 және биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша 16 мемлекеттік қызметкердің тәртіптік жауапкершілікке тартылуы. Қаржыны бақылау органдары осы мерзім ішінде 120 лауазымды тұлғаны жауапқа тартып, бюджетке 18 миллион 345 мың 500 теңге қайтарған. Соңғы 7 айда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі 107 қылмысты тіркеген. Оның 52-сі жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен жасалғаны анықталды. Жылдан-жылға лауазымды тұлғалар тарапынан орын алатын заң бұзушылықтар көбейіп келеді. Оның әсіресе, әлеуметтік салада орын алуы ойлантатын жағдай. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев бюджет қаржысын қымқыру, алаяқтыққа бару, пара алудың салдары, оған тағайындалатын жаза және оның алдын алу жолдары жайлы нақты түсініктеме берді. Осы тақырыпқа арналған бейнероликтер назарға ұсынылды. Жаза басып, темір тордың ар жағына түскен бұрынғы шенеуніктердің өкінген сөздері кеңеске қатысушыларға ой салды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте шетелдердің қолданып жатқан жазалары да алға тартылды. Мысалы, АҚШ-та егер бір полицей пара алу әрекетімен көзге түссе, онда ол қызмет ететін бөлімше түгел тексеріске алынады, ал Малайзияда алаяқтыққа барған шенеунікпен бірге оның қарамағындағы барлық қызметкерлер түгел жұмыстан шығарылады. Алайда бізде мұндай шаралар әлі қолға алынған жоқ. Көрші Қытайда бюджет қаржысын қымқырған лауазымды тұлғалардың бірден ату жазасына кесілетіні белгілі. Әрине, әр елдің өз заңы бар. Дегенмен бізде де кей тұстарда қатаңдық таныту қажет-ақ делінді кеңесте. Алаяқтық әрекетке барған шенеунік туралы ақпар беріп, оның қылмысы мойындалған жағдайда, сол адамға 100 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалатыны да осы жерде айтылды. Мысалы, соңғы алты айда 28 адам осындай марапатқа ие болыпты.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс