Жүйелі жұмыс өз нәтижесін береді

Депутат Е.Исімбаевтың төрағалығымен қалалық мәслихаттың депутаттық өкілеттілік пен этика, денсаулық, білім, мәдениет, құқық тәртібін сақтау жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Бұл шараға қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса, қала әкімінің орынбасары Шамрат Сәдуақасов қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Көкшетау қаласындағы діни ахуал туралы қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Андрей Подгурский баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі күні қаламызда 25 діни бірлестік арнайы тіркеуден өткен. Деструктивтік діни ағымдардың теріс әсері туралы ақпараттармен құлағдар ету, діни сауаттылықты арттыра отырып, экстремизмнің алдын алу, дәстүрлі рухани-имандылық және діни құндылықтарды насихаттау бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Қаладағы діни ахуалға қалыпты деп баға берген баяндамашы діни бірлестіктермен ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасатынын айтты. Алайда, жұртшылықты діни сауаттандыру мен жалған діни ағымдарға арбалғандарға көмек беруде біліктілігі жоғары теолог мамандардың жетіспейтіндігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі тарапынан мектепке діни киімдер киюге тыйым салынғандығын жеткізді. Яғни, оқушылардың киімінде оның діни көзқарасын көрсететін нышандар болмауы керек. Талап бойынша, форма классикалық стильде және бірыңғай болуы тиіс. Қатысушылар тарапынан жастарды жат діни ағымдарға еліктіретін түрлі күмәнді сайттарға тиісті органдар тарапынан бақылау жасау қажеттігі де сөз болды. Тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің барысын баяндаған қалалық аурухана бас дәрігерінің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Зәуреш Бапанова аурухана ғимаратын жөндеу, медициналық құралдарды жаңарту, дәрігерлерді үймен қамту төңірегіндегі түйткілді мәселелерді ортаға салды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Лашынтай Дүйсеновтің «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жөніндегі есебі тыңдалды. Келтірілген мәліметтерден байқағанымыз, халықтың тұрғын үйге қол жеткізуі, әсіресе, балалы жас отбасылардың, жетім балалардың, әлеуметтік әлсіз топтардың тұрғын үйге қолжетімділігі түбегейлі жақсарып кеткен жоқ. Жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй артып отырғанына қарамастан, баспанаға мұқтаждардың саны азаймай отыр. Биылғы жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша қаладағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны 8327 адамды құрап отыр.

Әсем Ұланқызы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс