Жүктелген міндет жүзеге асуымен құнды

Қалалық мемлекеттік және коммуналдық мекемелердің, құқық қорғау органдары мен кәсіпорын басшылары, еңбек ардагерлері, білім саласы, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдардың басын қосқан актив
жиынында халықтың табысы мен тұрмысын арттыруға бағытталған Жолдаудың міндеттерін жүзеге асыру жолдары сараланды. Жиынды қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова ашып, жүргізіп отырды.

Ол өз сөзінде Жолдаудағы әрбір басымдық тұрғындардың әлеуетін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Маңызды құжатта елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту міндеттелді. «Қалада соңғы 6 айдағы көрсеткіш бойынша орташа жалақы 123020 теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға көбейді», – деді А.Әміренова. Президент экономиканы өркендетудің негізі шағын және орта бизнес екенін атады. Бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жыл сайын қаржылық қолдау көрсетілуде. Қала бойынша тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 345 бірлікке көбейіп, 19537-ні құрады. Соның ішінде жұмыс істеп тұрғандарының саны – 14283. Өткен жылдағыдан 3,6 % артық. Осы орайда алдымызда жалпы ішкі өнімді көбейте отырып, кәсіпкерлік секторының әлеуетін арттыру міндеті тұр. Индустрияландыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды әрі қарай дамыту қажет. Жолдауда отандық өнімді арттырып, экспортқа көңіл бөлу тапсырылды. Көкшетау қаласы бойынша Индустрияландыру картасына 20,2 млрд теңгенің 17 жобасы енгізілген. Нәтижесінде 1257 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Еркін Исімбаев Елбасы Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту мақсатында орта білім беретін мектептер Назарбаев интеллектуалды мектептерінің стандартына негізделетінін атап өтті. Биыл облыс орталығында жаңа заманғы электронды кітапхана мен балалар технопаркі ашылды. Мұнда оқушылардың сабақтан тыс бос уақыттарын танымдық етуге мүмкіндік бар. Олар «Бастауыш техникалық модельдеу», «Бағдарламалау негіздері», «Өнеркәсіптік дизайн», «Робототехника», «Авиа-судо модельдеу» бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді. Мектептерде  ІТ сыныптар ашылып, оқушылар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруде. Мұның барлығы өскелең ұрпақтың жаңа буынын тәрбиелеуге ықпал етері сөзсіз.

Жолдауда үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін алдағы үш жылда қосымша 50 млрд теңге бөлу тапсырылды. Аталған жұмыс қалада қарқынды жүргізілуде. Биыл облыс орталығында 900 орындық ІТ мектеп, Сәкен Жүнісов атындағы мектеп-гимназияға 420 орындық қосымша ғимарат қолданысқа берілді. Сондай-ақ, №1 орта мектепке 600 орындық қосымша ғимарат,  №13 орта мектепке 420, №4 орта мектепке 360 орындық қосалқы құрылыс салудың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қалада спорт алаңдары көптеп ашылуда. Биыл 15 аула жөндеіп, спорт алаңы ашылады деп жоспарланған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Гормолзавод» серіктестігі облыс орталығында 3 спорттық воркаут алаңын орнатады.

Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Ержан Шәкіржанов құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Биыл облыс орталығында 121,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бүгінгі таңда қалада 800 пәтерлік 22 үй салынуда. Оның 12-сі биыл пайдалануға беріледі. Жолдауда аймақтық инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген. Қаладағы Мир, Вавилов, Наурызбай батыр көшелерінің жолдарына күрделі жөндеу жүргізілуде. Ғабдуллин көшесі жаңартылып, көпір салынуда. Облыс орталығында 115 мың шаршы метр көше жолы ағымдағы жөндеуден өтті. Бейбітшілік мөлтек ауданының жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына конкурс жарияланды.

Жолдауда кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған басымдықты тиімді жүзеге асыруға ниетті кәсіпкердің бірі – Краснояр селосындағы «Дарын-сәулет» шаруа қожалығының басшысы Оралбек Қайсанов. – Расында, мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша басымдық беруде. Нәтижесінде, ауыл-аймақтарда кәсіпкерлік қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары артуда. Себебі, Үкімет тарапынан қаржылай қолдау тауып, бизнесін бастауда. Сондай демеуді сезінген кәсіпкердің бірімін. Қазір шаруашылығымда 307 га егістік, 168 га жайылым жерлер  бар. Жыл сайын жоғары өнім аламын. 2013 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 10 бас қазақтың жабы тұқымдас жылқыларын, қой, ешкі төлін сатып алдым. Болашақта мал басын ұлғайтып, қымыз және ешкі сүтінен ұлттық тағамдар дайындап, сатуды жоспарлаудамын, – дейді кәсіпкер.

Жастар ресурстық орталығының директоры Анар Белгібаева Елбасы мақаласы туралы пікір білдіріп, ондағы қоғам дамуы, жаңғыруы үшін қазақстандықтар қаперіне алатын мәселелерді атап өтті.  Актив соңында қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова Елбасының заман талаптарына сай көтерген бастамаларының Көкше өңірінде де игі істерге мұрындық болатынын айтты.

***

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова «Тыныс», «Камаз-Инжиниринг», «Гормолзавод» кәсіпорындарының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Басқосу Елбасы Жолдауын жүзеге асыру жолдарын талқылауға арналды. А.Әміренова маңызды құжаттың негізгі мақсаты мен мәніне, оның аясында атқарылатын бағдарламаларға тоқталды. Спикерлер мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру механизмдері туралы жан-жақты әңгімеледі. Кәсіпорын қызметкерлері тұрғын үй бағдарламасы, азаматтық белсенділікті жандандыру, мемлекеттік мекемелер мен азаматтар арасында тығыз байланыс орнату секілді мәселелерді қызу қолдап, өз ұсыныстарын білдірді.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий